«Өкінішке қарай, Сардобадағы апат салдарынан Қазақстан Республикасы Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы кейбір елді мекендер су астында қалды. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында бұл мәселені ашықтық пен өзара түсіністік рухында талқыладық. Кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған делегация оқиға орнына барып, жағдайды егжей-тегжейлі зерттеді», деп бейнеселекторлық кеңес барысында Шавкат Мирзиеев мәлімдеді.
Өзбекстан президенті техногендік апаттың зияны көршілес елге де зардабын тигізгеніне өкінішті екенін жеткізді.
«Біз бауырлас қазақ халқымен бір өзеннен су ішкен едік, біз туыс сияқты жақынбыз. Біз әрқашан бір-бірімізді жарқын сәттер мен сынақ кезеңдерінде де қолдаймыз. Бұл күтпеген техногендік апаттың біздің халыққа ғана емес, көрші бауырлас елдегі елді мекендерге де зиян келтіргеніне өкінеміз», - деп атап өтті Ш. Мирзиеев.
Сондай-ақ ел президенті апат салдарын жою үшін көмектесетінін айтты.
«Біз қазақстандық бауырларымызға табиғи апаттың салдарын жоюға қажетті көмек беруге дайын екенімізді білдірдік. Бүкіл халықпен бірге осы қиындықтарды да бірлесе еңсереміз деген сенімдемін», - деп түйіндеді Өзбекстан президенті.