Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде армия қатарына 1 млн 366 мыңдай қазақстандық аттанды деген дерек бар. Алайда оқ бораған майданнан қайтып оралмағаны қаншама. Туған жердің топырағы бұйырмай, сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің бірі – Қалманбет Әуелбеков.
Қалманбет атаның есімі белгілі майдангер ретінде Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы жұртшылықтың жадында сақталған. Отан үшін кеудесін оққа тосқан жауынгер туралы осы уақытқа дейін жарияланған деректер көп емес. Отағасынан айырылған, бір ғасырдай ғұмыр кешіп, дүниеден өткен Күлсін әженің ұрпақтарына қалдырған өшпес өсиетіне сүйенсек, Қалманбет Әуелбеков 1936 жылы Мәскеу қаласынан оқудан оралып, ауыл ішінде көшбасшылыққа жақын, белсенді азаматтардың қатарында болған. Нақты айтқанда, Молотов атындағы колхозды (қазіргі Жаңатұрмыс ауылы) құруға атсалысқан әрі оның төрағасы болған.
Талай жыл ауылға еңбегі сіңген Қалманбет Әуелбеков 40 жастан асқан шағында 1942 жылы майданға аттанады. Соңғы рет солдаттан «Белоруссия жеріндеміз» деген ғана хат келеді. Көңіл көйлегі кірлемеген Күлсін әжеміз сонда да үкілеген үміт сәулесін сөндірмей, әр күнін жақсылыққа жорып, отағасының оралуын күтеді. Неге десеңіздер, майдангер туралы ешқандай «қара қағаз» келмеген еді...
Тағдырдың жазғанына амал бар ма?.. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, жауынгердің жары, Әуелбек келіні Күлсін Байтұрғанқызы ақ жаулығымен көз жасын жасырып жүргенімен, ол үшін іштегі мұң-қайғы, жесір қалуы, жолдасына деген сарқылмас сағыныш, бәрі-бәрі су сепкендей бірден басылмады. Қалған ғұмырын өмірінің мәні болған, артында қалған Оңласын, Гүлжахан, Ермек атты бала-шағасына әке орнына әке болып, жетімсіретпей, қайын жұртының қолдауы арқылы бағып-қақты. Отбасы тәрбиесінен бөлек, Күлсін әжеміз соғыс жылдары тылда да еңбек етті.
...Өмір-өзеннің ағысымен Күлсін әжеміз бір ғасырлық ғұмыр кешті. Тіршілігінің соңғы сәтіне дейін есінде арқа сүйер ер азамат ретінде сақталған жарына «бір уыс топырақ салсам, Құран бағыштасам...» деген орындалмас арман-тілекпен осыдан он жыл бұрын дүниеден озды.
Өсиет-өнегелері өзгеге үлгі болар Қалманбет пен Күлсіннен тараған, жоғарыда есімдері аталған екі ұл, бір қыздың арқасында Әуелбековтер әулетінің ошағы өшкен емес. Бүгінде тамыры тереңге жайылған отбасының ұрпағы Отан үшін от кешкен майдангер аталарын мақтан етеді. Жеңіс күні қарсаңында туған жер – Жаңатұрмыста бас қосып, аруақ разы болсын деген ниетпен ата-әжелерін дәстүрлі түрде жыл сайын еске алады. Бұл әрине, ұлағатты ұрпақтың парызы екені анық.
Әже өсиеті – кейінгі буынға аманат. Иә, осындай жауапкершілікті сезінген, Қалманбет атасының жатқан жерін іздеуді мақсат еткен, үлкен немерелерінің бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны Оңгелді Әуелбеков. 2010 жылы Германияға арнайы іссапармен барып, қайтар жолда Белоруссия еліне соғуды жөн санады. Өйткені осы елде бұған дейін қаһарман Қалманбет Әуелбековтің жерленгені туралы нақты ақпарат анықталған еді. Ол деректе: «Соғыс солдаты ІІ дәрежелі Суворов орденді 80-ші гвардиялық Умань дивизиясы құрамында Отан үшін от кешкен. 1943 жылы Гармань деревнясын азат ету жолындағы шайқаста көз жұмды. Сөйтіп қаза тапқаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Денесі Беларусь Республикасы, Витебск облысы, Дубровна қаласындағы бауырластар зираттарына қайта жерленген» деген тың дүниелер белгілі болған. Осылайша, Оңгелді Оңласынұлы атасының қабірін тауып (ол кісінің аты-жөні суретте әдейі ұлғайтылып көрсетілді), рухына тағзым етіп қайтады.
Міне, біз білмейтін белгісіз батырлардың тізімінде Қалманбет Әуелбеков те бар. Ер есімі ел жадында сақталу керек деген ниетпен оқырман назарына майдангер туралы жазғанымызды ұсынуды жөн санадық. Тарих тағылымы кейінгі ұрпақтың санасында сілкініс тудырса, біздің өткеніміз өшпейтіні анық.
Дидар МУХАМАДИЕВ
Алматы облысы,
Қарасай ауданы