Барлық қазақстандық Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне айрықша назар аударды. Мәлімдемеге байыппен зер сала, жедел танысып шықтым. Халықтың барлығы да солай жасаған болар.
Өйткені біз Президентіміздің осы мәлімдемесінен жақсы хабар, алдағы күндерде не істеу қажет деген пәрменді ұсыныстарды күттік және індетке қарсы күресте тағы да өзіміздің тіршілігімізбен, былайша айтқанда өз өмірімізді қалай ұйымдастырамыз деген ой қорытындысын жасауға да ынталы едік.
Қазір біз індетке қарсы күресте Президентіміздің әр мәлімдемесін басшылыққа алатын болдық. Және де халық осы бір сындарлы да күрделі сәтте Президентімізді өзінің сенімді бір қорғаны мен панасы есебінде сезініп отыр. Тіпті балаға шейін «Президент айтты ғой», «Президент уәде берді ғой» дейтін болды. Бұл Президентке деген халықтың сенімі!
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап елімізде қандай істер атқарылғанын айтты. Расында карантин жарияланғаны өте орынды болды! Өйтпегенде індет жаппай тарап, оның ақыры да дұрыс болмас еді. Карантин кезеңінің жұртшылыққа оңай тимегенін де Президент біліп, соны өзі айтып отыр.
Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Ел басына күн тумас па, күн туған шақта басқа түскен істі «көппен көрген ұлы той» дейтін, бәріне де бекемденіп көнетін және де сабыр мен тәртіп сақтап бәрін де аман-сау жеңетін халықтың ұрпағы емес пе едік?!
Және де Президент пәрменімен осы бір карантиндік шектеу кезінде халықтың тұрмыс жағынан қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасалды, жасалып та жатқандығы елдің өз билігіне деген сенімін де нығайта түсті. Жалпы, осы бір індетті кезең бәрімізді де ширатып, тіпті халық пен биліктің арасын жақындатып, бір-біріне бауыр басуларына ықпал етті ме деймін.
Президент өз мәлімдемесінде бүгінге дейін Қазақстан бойынша 4 млн 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгенін айтты. Жұмыстары тоқтап, күнкөрістерінің нәпақасын тауып отырғандар үйлерінде отырып қалғандардың әрқайсысына 42 500 теңгеден берілуі халықты қуантып та, сенімдерін нығайтып тастағанының куәсіміз. «Е, Үкімет бар екен ғой»деп 42 500 теңгесін алған ағайынымыздың қуана телефон шалғаны да болды. Бұл көмек алдағы айда да болады екен!
Президентіміздің мәлімдемесінде сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем көмегі көрсетілетіндігін айтылды. Бұл да қолдау емес пе?! Бұл да көмек емес пе?! Әрине. Осы күндері сол коммуналдық төлемді өтеудің өзі кейбір жағдайдағы адамдарға уайым да болып отырғаны да анық мәселе. Енді міне, сол мәселені шешудің де орайы келді.
Осы біздің халқымыздың бойында кеңестік тұстың 20-30-жылдарындағы аштықтың үрейі (синдром) әлі де бар ма деймін. Өйткені осы карантин жарияланғаннан бері, «елде азық-түлікке тапшылық болады» деп сәуегейлік танытқандар көбейіп кеткен-ді. Құдай бетін аулақ қылсын, әзірге азық-түліктен тарығушылық байқалып отырған жоқ. Жергілікті жерлерде азық-түліктің қоры жасалып, кейбір аса қат азық-түлік бағасына шектеу қойылғандығы да орынды еді.
Президентіміз карантин жарияланған алғашқы күннен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Расында індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге қосымша ақы төленуі адамдық еді. Дәрігерлердің ерлігі жырға арқау, әнге әуен болып шырқалып жатқаны да халықтың оларға деген зор ықыласы мен құрметі деген орынды. Сонымен бірге шағын және орта бизнеске де қолдау жақсы екендігін Президентіміздің осы мәлімдемесінде анық айтылды. Мысалы 1,6 миллионнан астам адамға, 11,5 мың бизнес өкіліне жалпы сомасы 360 миллиардтан астам теңгені құрап отырған өз несиелерін кейін төлеу мүмкіндігінің жасалуы да экономиканың негізгі бір буынының әлсіремей, нығая түсуіне оң әсер етері анық.
Көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жасалып жатқан шаруа үшін шын қуанамын. Өйткені «көктемнің бір күні жылға азық» деген сөз бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалып жатқан осы қадам біздің еліміздің алдағы уақытта «нансыз» қалмауына әсер етері де анық. Көктен иіп, жерден берсін деңіз.
Президент өз пәрменімен карантинді 11 мамырға дейін созып отыр. Бұл да жай қабылдана салған шешім емес. Үйде отырудың күн жылып, көк шыққан кезде қаншалықты қиын екенін Президент біліп отыр. Алайда індеттің таралуы әлі де болса әлемде де, біздің елде де бәсеңдемей отырғаны анық мәселе. Шыдаймыз. Жақсы күніміз алда әлі. Ең бастысы, індет жұқтырып алмайық, өзгелердің де өмірін қауіпке тікпейік.
Мәлімдемеде Президент «Төзім тілекке жеткізеді», сабыр сақтайық дейді! Аталы сөз! Осы сөзге тоқтағанымыз абзал.
Қасым-Жомарт Кемелұлы дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, әскери қызметшілерге, волонтерлерге және сонымен бірге журналистерге де алғысын айтып, ризашылығын білдіргендігі қуантты. Кәсіби журналист және газет қызметкері ретінде Президентіміздің бұл алғысы бізді қанаттандыра түсті.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі