• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Мамыр, 2020

Қасиетті борыш

390 рет
көрсетілді

ұрметті бауырлар! Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – әр азаматтың патриот­тық сезімін оятатын, Отанды қорғау жауап­кер­шілігін арттыратын маңызды мереке.

Әр отбасына береке, әскери саладағы ұландарымызға мықты жігер, жастарымызға қажыр-қайрат тілеймін. Мереке құтты болсын! Мереке тек тойлаумен өлшенбейді. Ойлау – ел игілігі жолында қадам жасаудың алғышарты.

Көрнекті ақын Мұхаметқали (Мұқағали) Мақатаевтың:

«Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,

Не тындырдың «басымды иемменен?» – деп ой тастауы тегін емес.

 

Бүгінгі саналы ұрпақтың санасында «Отанға қалай қызмет етсем екен?» деген сауал жаңғырып тұрса игі. «Отанды сүю – иманнан», – деген аталы сөз бар. Иманды адам өз елінің нағыз патриоты бола алады. Отаншылдық сезім Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып-өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен басталады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, елі мен жерін сүйіп, оның дамуына қызмет етіп, жанашырлық танытқан жан ғана отаншыл бола алады. Отаншылдық сана халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және оны мақтан тұтуымен өлшенеді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде Меккені меңзеп: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің...», деп өзінің туған жеріне ай­рық­ша сезімі мен сүйіспеншілігін білдірген.

Асыл дінімізде мұсылман баласының өз Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау қасиетті амалдардың қатарына жатады. Тағы бір хадисте Отанды қорғап, шекара күзеткен адамның Алла алдындағы дәрежесі артатыны баяндалған.

Ислам – тек құлшылықтардан ғана құралған дін емес. Дініміз Отанды қорғап, елді сүюге, бейбіт, ізгі қоғам құруға үндейді. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуға тиіс. Осы ретте Әйтеке би бабамыздың: «Өмірім – халықтікі...» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні зор.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы имамдар форумында қабылдаған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында әр аза­мат­тың бойынан табылуға тиіс отан­шыл­дық сипатты айрықша атап өтті. Өйткені Отанды қорғау – қасиетті борыш, отаншыл болу – ізгі амалдың бірі.

Құрметті қауым! Отан қорғаушылар ме­ре­кесі құтты болсын! Алла тағала елдің ертеңін ойлайтын, халыққа аянбай қыз­мет ететін, Отанын қорғайтын асыл азамат­тардың қатарын арттырғай.

Жаратқан Иеміздің сыйға берген Тәуел­сіздігіміз бен киелі Отанымыздың бола­шағы баянды болғай! Әрқашан еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти