• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Мамыр, 2020

«Өлгендер қайтып келеді...»

667 рет
көрсетілді

Жеңістің 75 жылдығына байланысты жер-жерде іздеушілер тобы қызу жұмыс істеп, осы уақытқа дейін соғыста хабарсыз кеткендер қатарында саналып келген біраз майдангердің дерегі анықталып жатыр. Жыл басында көршілес Ресей мемлекетіндегі осындай топ жұмысының нәтижесінде Тверь даласынан аралдық жауынгер Келіс Жиенбаевтың сүйегі табылса, жақында «ОПОРА» Челябинск – Санкт-Петербург» іздестіру орталығы мүшелері тағы бір жауынгердің дерегін анықтады.

Өткен жылдың қараша айында Ле­нинград облысы Киров ауданы аума­ғынан соғыс кезінде оққа ұшқан үш жауынгердің мүрдесін тауыпты. Со­лар­дың біріндегі 6 834 6461 сандық белгі арқылы оның аралдық Емберген Аса­йынов екендігі белгілі бол­ған. Ар­найы орталықта зерттелген бұл мә­лімет әбден нақтыланғасын ғана ре­сей­лік іздеушілер жақында бұл жайлы Павлодар қаласындағы «Майдан жолы» іздестіру жасағына хабарлапты. Жасақ басшысы Александр Шитов жаңалықты Арал аудандық архивінің басшысы Болатбек Қуатовқа жеткізеді.

Өмірзақ Қожамұратов атты ғажап ақынның «Өлгендер қайтып келеді» атты өлеңі бар еді. Араға нешеме жылдар салып, есімі қайта жаңғырып жатқан майдангерлер көзі тірісінде дұрыс бағаланбаған, қазір де есімі көп айтыла бермейтін ақынның:

Желбіреп жасыл желегі,

Балауса балдыр,

Балғын көк,

Өлгендер қайтып келеді

Орман боп,   

Жасыл шалғын боп,

– деп басталатын сол өлеңін еске түсіреді.

Жалпы соңғы уақыттары ре­сей­лік іздеушілер жа­сақ­та­ры­ның соғыс сарбаз­дарының мүрдесін тапқандығы жөнінде хабарлар әлеуметтік желіде жиі жарияланып жатады. Олардың арасында Қызылорда облысының әр ауданынан соғысқа аттанған сарбаздар есімдері кездесіп қалады. Бірақ, осы деректі әрі қарай іліп әкетіп, іздеуді жалғастырып жатқандар жоқ­тың қасы. Бұл бағытта Арал аудандық архив басшысы Болатбек Қуатовтың еңбегін ерек­ше айтқан жөн. Жыл басында капитан Келіс Жиенбаевтың да дерегін анықтап, туыстарын тапқан осы азамат Емберген Асайынов туралы да жеткілікті мәлімет тауыпты.

– Аудандық әскери комиссариат дерегінде 1900 жылы туған Емберген Асайыновтың 1942 жылдың 10 ақпанында Қасқақұлан ауылдық кеңесінен соғысқа алынып, 1943 жылдың тамыз айында хабар-ошарсыз кеткендігі айтылады. Осыдан да іздестіру жұмыстарын аудандық архив қорында сақталған осы ауылдық кеңестің шаруашылық кітабынан бастадық. Онда Емберген Асайынов пен жұбайы Сағира Асайынованың 1936 жылы туған Алдаберген есімді баласы болғандығы жазылған. Жоғалған жауынгердің туған-туыстарын іздестіру жұмыс­тарына №262 мектеп-гим­на­зияның шаруашылық мең­ге­ру­шісі Шәкімұрат Іздібаевтың көп көмегі тиді. Ол сол кезде Қас­қақұланда тұрған ауылдастарынан сұрау салып, Емберген Асайыновтың немересі Серік деген азаматтың дерегін анықтап берді, – дейді Болатбек Қуатов.

Жауынгердің жалғыз тұяғы Алдаберген әке хабарын күтіп елеңдеумен о дүниелік болған екен. Одан бір ұл мен төрт қыз қалған. Ендігі жұмыс, жат жерде қалған сарбаздың сүйегін елге әкелу, басын қарайту. Бұл бағытта Ресеймен жасалып жатқан келісім қазіргі жағдайға байланысты үзіліп тұр. Жалғасып жатқан күннің өзінде бұл істің жүзеге асуы үшін жергілікті әкімдіктің, іскер азаматтардың көмегі керек. Қазір қызық қуып шетел асқандарды да арнайы ұшақ жалдап, елге алдырып отырмыз ғой. Жаумен шайқасып, жат топырақта жан қиған жауынгер рухына да құрмет танытып, денесін туған жерге табыстасақ, елін қорғаған ерлер алдындағы парызымызды өтеген болар едік. 

 

Қызылорда