• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Мамыр, 2020

Ерліктері ескерусіз қалған батырлар

461 рет
көрсетілді

ІІ дүниежүзілік соғысқа Шығыс Қазақстанның Тар­бағатай ауданынан 4831 азамат аттанса, 1630-ы қаза тауып, 1973-і хабарсыз кетті. Елге 1228-і аман оралған. Тарбағатайлық жауынгерлер Мәскеу, Ленинград, Курск, Тула қалалары мен Азия және Еуропа елдерін азат ету үшін көптеген шайқастарға қатыс­қан. Мен бүгін қан қасап­тың бел ортасында болса да, ­ерліктері ескерілмеген тар­бағатайлық батырлар Қа­бы­кен Жарылғасынов пен Қотырбай Құдагелдінов жайын­да айтқым келеді. Бір таңғаларлығы, екеуі де майданда көрсеткен ерліктері үшін ең жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда екеуіне де бұл атақ берілмеген.

Қабыкен Жарылғасынов 1920 жылы 1 қаңтарда Семей облысы, Зайсан уезі, Маңырақ болысында дүниеге кел­ген. 7-сыныпты бітірген соң, яғни 14 жасында комсомол ұйымына қабыл­данып, Шілікті совхозының Ста­лин фермасына (қазіргі Тасбастау) мұға­лімдікке жіберіледі. Кейін біраз жыл осы совхоздағы май зауытында мас­тер болып қызмет атқарады. 1940 жылы 20 жасында әскер қатарына алынып, КСРО-Жапон шекарасында әскерде болады. Осы жерден 1942 жылы соғысқа аттанып, Брянск, Ук­раина, Курск, Орлов майдандарына қатысады. Гвардия  ефрейторы, жа­уынгер Жарылғасынов Берлин, Прага, тағы да басқа қалаларды азат етудегі ерліктері  үшін «Батылдығы үшін» медалімен және Қызыл Ту, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталады.

1945 жылы 17 қаңтарда Польшаны азат ету кезінде Пилица өзеніне көпір салу барысында мұздай суық суға қарамай, асқан төзімділікпен құры­лыс жұмысын атқарып, көпірдің уақы­тында бітуіне үлес қосып, табан­ды­лық көрсетеді. Осы іске өз взво­дының әскерлерін де тартып, жұ­ды­рықтай жұмылдырады. 1945 жылы 25 қаңтарда оңтүстік Карлсруэ ауданында саперлер взводына қарқынды күшпен қайта шабуыл жасаған жаудың автоматшыларынан тас жолды ашу кезіндегі шайқаста ефрейтор Жарылғасынов асқан батырлық көрсетіп, бірінші болып алға ұмтылып, 9 фашисті атып түсіреді. Сонымен бірге осы ұрыста ауыр  жараланған рота командирін борап тұрған жау оғына қарамай ұрыс алаңынан алып шығып, офицер өмірін ажалдан арашалап қалады. Осынау ерен ерліктері мен батылдығы үшін гвардия ефрейторы, сапер Жарылғасыновты 121-інші Сандомир жеке гвардиялық саперлер батальонының командирі, гвардия майоры Романов пен  корпус  инженері, гвардия подполковнигі Фастов қол қойып, Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынады. Бұл 1945 жылы 28 қаңтарда толтырылған марапат­тау парағында көрсетілген.

Қабыкен ата соғыста үш рет жараланып, басынан контузия алып Украинада госпитальда болады. Соғыс аяқталған соң 1946 жылдың мамыр айына дейін Аустрия, Румыния, Чехословакия, Венгрия жерлерін картаға түсіруші отряд құрамында болып, осы жылдың күзінде туған жеріне аман-есен оралады. Әскерде және соғыста болған күндерін жауын­гер атамыз: «Әкемнің Оқас деген жолдасы маған құс атуды үйрететін, әсіресе дуадақ деген құсты шиті мылтықпен атып, мерген деген атқа ие болдым. Осы мергендігімнің пайдасы әскерге барғанда тиді, тактикалық жаттығу кезінде үштен оқ береді, бес­атармен атамыз. Сонда менің үш оғым бір жерден өтеді. Мені Тамбов қаласындағы бір айлық мергендер оқуына жіберді. Оқуды жиырма күнде аяқтап, 3-полктың 7-корпус 53-бригадасында барлаушы мерген болдым. Менің міндетім – немістің мергенін, оның қарауындағы пулеметшілерін, қару-жарақтарының қай жерде екенін анықтау. Қасымда фотоға түсіретін адам болды. Өзіме берілген барлық тапсырмаларды жауапкершілікпен атқардым», деп еске алып отыратын.

Соғыстан келген соң Қабыкен ата 1947 жылы Ташкент  қаласындағы жоғары заң оқу орнына қабылданып, оқуды үздік бағамен тәмамдайды. 1950-1960 жылдары Самарда, Шілік­тіде милиция, ал Ақжарда тергеуші қызметтерін атқарады. Сонымен бірге Тарбағатай аудандық комсомол ұйымының екінші хатшысы қыз­метінде болған. Кейін денсаулығына бай­ла­нысты Ақжар совхозында жыл­қы­шы болып, зейнеткерлікке шықты. Бейбіт өмірде Қабыкен ата дом­бы­ра шертіп, ән айтқан және қол­өнер­мен айналысып, жасаған бұйым­дары талай көрмеде жүлделі орын алған. Өмір жолы осындай еңбек пен ерлікке толы батыр атамыз 2009 жылы желтоқсанда 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бүгінде жұбайы Әмина Нығ­метжанқызы екеуі жеткізген 9 бала­сынан тараған ұрпақтары өсіп-өнуде.

Ал екінші батыр Қотырбай Құда­гелдінов 1909 жылы туған. Туған  жері белгісіз. Соғысқа Тарбағатай ауданынан шақырылып, 1942 жылдың сәуір айынан соғысқа қатысқан. Капитан Құдагелдінов 301-інші Сталин дивизиясы 1050-інші Сталин атқыштар полкінің 8-атқыштар ротасының командирі болған.

Марапаттау парағынан үзінді: «1945 жылы 2 ақпанда Ортвиг селосы ауданында (Германия) Одер өзенінен өту кезіндегі шайқаста жаудың күшті қарсылық көрсетуіне қарамастан капитан Құдагелдіновтің басшылығымен рота батыл әрекет етіп, тез арада өзеннен өтіп, маңызды бекіністі қолға түсірді. Немістер 12 танкінің  күшімен жоғалтқан шебін қайтарып алу үшін бірнеше рет белсенді шабуыл жасады. Құдагелдінов 20 адамнан тұратын топпен өз шептерін асқан ерлікпен қорғап, 70-ке жуық немістің көзін жойды. Жау өз танктерінің басымдылығын және полк бөлімшелерінде оқ-дәрілердің жоқтығына орай 1945 жылы 4 ақпанда екі жаяу батальон және сол жағында 34, оң жағында 20 танкпен шабуылға шығып, Кеңес әскерінің 2-атқыштар батальонын және 3-атқыштар батальоны 8-атқыштар ротасының әр­қай­сысын жекелей толық қоршауға алды. Шайқастың осындай ауыр кезе­ңі мен жаудың үздіксіз шабуы­лы­на қарамастан 2-атқыштар батальо­нының жауынгерлері мен офицерлері, әсіресе 8-атқыштар ротасы асқан ерлік пен қайсарлық көрсетті. Капитан Құдагелдінов осы сәтте абыржымай, қоршау кезінде ұрысты дұрыс ұйым­дастыра білді. Жеке батылдығы өз қара­мағындағы  жауынгерлерінің  рухын көтерді. 17 жауынгер батыл және шебер командирдің бас­шы­лығымен екі күнде жаудың 12 шабуы­лына тойтарыс берген. Ержүрек капитан Құдагелдінов қираған үйге бекініп, оны тірек пунктіне айналдырып, үйге кірмекші болған фашистерді қақ маңдайдан атып тастап отырған. Қоршаудың бірінші күні жаудың жойқын 12 шабуылынан кейін Құда­гелдінов бекінген үйдің жанында немістің ажал құшқан 156 адамы мен гранатамен қираған 3 танкісі қалды. Екі танкті рота командирі, капитан Құдагелдіновтің өзі қиратты. Келесі күні таңертең фашистер 12 танкімен тікелей шабуыл жасап, үйді қоршап өрт қойды. Өртенген үйдің шатыры мен төбесі қирап, сарбаздарға құлады. Бірақ қайсар жауынгерлер жаудың жойқын шабуылына тойтарыс беруін тоқтатпады. Олар тағы да 13 шабуыл­ды тойтарып, қарсыластың 200-дей әскері мен офицерін шығынға ұшы­ратты. Жау әскері бірнеше рет үйдің терезелері мен дәліздеріне кіруге ұмтылғанда автоматтың штыгы арқы­лы жойылды. Ал оқтар мен гранаталар жау шабуылшыларын жою үшін есеппен жұмсалып, әр оқ пен граната тек мақсат үшін қолданылды».

Осы ерлігі ескеріліп, гвардия капи­таны Құдагелдіновті 1945 жылы 10 нау­рызда Сталиндік 1050-ші атқыш­тар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Гумеров Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ұсынған, бірақ бұл атақ берілмеген. Капитан Құдагелдінов 1945 жылы 13 сәуірде Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Ерлігі ескерусіз қалған тарбаға­тайлық екі жауынгер де Берік Әбдіғали­ұлы құрастырған «Ұмытылған  қаһар­мандар» атты үлкен жинаққа енген. Бұл кітапты Қабыкен Жарылға­сынов­тың қызы Қанипа Байтұманова және немересі Мұхтар Кәкімұлынан алып, оқып, таныстық. Ол кісілерге зор риза­шылығымызды білдіреміз.

«Ұмытылған қаһармандар» кіта­­бында есімдері аталған, Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылса да, марапатқа ие болмаған барлық 133 майдангер қандай құрметке де лайық. Оларға бүгінгі тәуелсіз еліміздегі ең жоғары марапат «Халық қаһарманы» атағы берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

Қуаныш ҚАБИДОЛДИН,

тарих пәнінің мұғалімі

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақжар ауылы