• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2013

Егін орағы кеш басталса да, ризық кемімейді

350 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев апта ішінде еліміздің ішкі және сыртқы саясатына қатысты жүргізілетін басты оқиғаларды журналистер назарына ұсынды.

 

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев апта ішінде еліміздің ішкі және сыртқы саясатына қатысты жүргізілетін басты оқиғаларды журналистер назарына ұсынды.

Алда қылышын сүйретіп кәрлі қыс келе жатқандықтан, оған дайындық барысының да Үкімет назарында екендігін журналистер қаперіне салған ресми өкіл осыған орай 24 қыркүйекте Премьер-Министр Серік Ахметовтің төр­аға­лы­ғымен болатын Үкімет отыры­сын­да елдің барлық өңірлерінде жы­лу беру маусымына деген дай­ын­­дық мәселесі қаралатынын жет­кізді.

Осы апта ішінде, яғни 25 қыркүйекте Астанада Кеден одағының және Қазақстан, Ре­сей, Белоруссияның Біртұтас эко­но­микалық кеңістігінің жоғары органы болып табылатын Жоғары еу­разиялық экономикалық кеңес­тің жұмысы жүретіні және оған Премьер-Министр Серік Ахме­тов­тің қатысатыны да бри­финг­те мәлім болды. А.Әбибуллаев сол кү­ні Мемлекет басшысы Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың оты­рыс­қа қатысушы тараптар – Қа­зақ­стан Премьер-Министрі Серік Ах­ме­тов­ті, Ресей Үкіметінің Төра­ғасы Дмитрий Медведев пен Бе­ла­русь Үкіметінің Премьер-ми­нистрі Михаил Мясниковичті қа­был­дайтынын айтты.

Жалпы, Ресей Үкіметі төра­ға­сының Астанаға сапары аясында ресейлік тараппен екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелері, сауда және энергетикалық ын­тымақтастықтың негізгі тетіктері, ғарыш саласындағы өзара ынтымақтастық, сонымен қатар, Ека­те­ринбургте өткелі отырған 10-шы мерейтойлы Қазақстан-Ресей өңіраралық форумына дайын­дық пен Кеден одағы және Бір­тұтас экономикалық кеңістік аясын­­дағы өзара ынтымақтастықты жетіл­діру шаралары егжей-тегжейлі тал­қы­ланатын көрінеді.

Осыдан кейін брифингте журналистер алдына шыққан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биылғы егін жинау науқанының өзгешеліктерін ортаға салды. Оның айтуынша, биыл ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты еліміздің үш негізгі бидай өсіруші облыс­тарында егін жинау науқаны екі аптаға кеш басталған.

Статистика агенттігінің мәлі­ме­тіне сүйене деректер келтірген министр 2013 жылы барлық ауыл ша­руашылығы дәнді дақыл­дарының егістік алқаптары 21,5 млн. гектар құрап отырғанын жет­кізді. Соң­ғы 21 қыркүйектегі дерек­тер­ге қа­ра­ғанда, 10,3 млн. га (65,0%) жердің егіні жиналған көрі­неді. Ми­нистр өз сөзінде биылғы егін жи­нау нау­қа­нының кеш бас­тал­ғаны­на қоса, өзге де қиындықтар туып отырғанын жеткізді. Диқан қауы­мы­на ауа райына және егістік ал­қап­тардың жалпы күйіне орай (арам­шөптілік және т.б.) жинау жұ­мыс­тарын екі сатылық әдіс ар­қы­­лы жүргізуге тура келгенімен де бөлісті.

Сондай ақ, Асылжан Сары­бай­ұлы егін орағын өткізу барысына мемлекет тарапынан жасалған қолдау жайлы да әңгі­мелеп берді. Мәселен, биылғы егін орағына 410 мың тонна мөл­шерінде дизель отыны бөлініп, ол мұнай өңдеу зауытынан литрі 78 теңгеден сатып алынғанын айтқан министр диқанға жеткен отынның нарықтағы бағадан 10 пайызға арзанға түскенін де назарға салды.

Министр брифингте астық қабылдау кәсіпорындарының (АҚК) астық сақтауға дайындығына да тоқталып өтті. Бүгінгі таңда астық сақтайтын сыйымдылықтар 24,6 млн. тоннаны құрап отыр, бұл болжамдалған 18,5 млн. тоннадай астықты сақтауға мүмкіндік береді, деген ол 19 қыркүйекте АҚК-лерге жеткен астық көлемін жария етті. Ол бойынша 2053,2 мың тонна астық кірсе, оның ішінде бидайы 1869,2 мың тонна, арпа 147,1 мың тонна, басқа да дәнді дақылдар 26,3 мың тонна, күріш 10,6 мың тоннаны құраған көрінеді.

Егін орағы кеш басталса да, ел ризығы кемімесе керек.

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

 

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар