Мұнайлы өңірде үш арнайы мектеп-интернат бар. Онда 339 бала тәрбиеленіп, білім алады. Мектеп-интернатта жатқанмен, мұнда балалар да өркениеттің озық технологиясын пайдаланғысы келеді. Осыны ескерген облыстық білім беру басқармасы жомарт жүректі кәсіпкерлердің қолдауымен мектеп-интернаттардағы балаларға планшеттер мен ноутбуктарды сыйға тартты.
Білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, мұндай қолдау шарасы аудандар да қолға алынып отыр. Аудандық, қалалық білім бөлімдері мұқтаж отбасылардың тізімін түзген. Соған сәйкес Құрманғазы, Мақат, Индер, Қызылқоға, Жылыой, Махамбет аудандарындағы әлеуметтік жағдайы төмен 25 отбасының балаларына смартфон телефоны беріліпті.
– Біз мұны балалардың қашықтан оқыту процесінен тыс қалмауы үшін қолға алдық. Өйткені, бәрінің бірдей үйінде компьютер болмауы мүмкін. Десек те, оқушылардың білім алуына кедергі жасалмауы керек, -деді білім беру басқармасының мамандары.