Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылғалы әлемдік қоғамдастықтың өңірлермен байланысы да нығая түсуде. Оны бұрнағы күні Ақмола облысына Норвегия мен Қытай делегацияларының келуінен көруге болады.
Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылғалы әлемдік қоғамдастықтың өңірлермен байланысы да нығая түсуде. Оны бұрнағы күні Ақмола облысына Норвегия мен Қытай делегацияларының келуінен көруге болады.
Норвегияның Қазақстандағы елшісі Оле Йохан Борней бастаған делегацияны облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов қабылдап, бұл кездесу нақты жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететіндігін атап көрсетті.
– Жалпы, ел экономикасында біздің өңірдің үлесі салмақты, – деді облыс әкімі. – Аймақ алтын, уран, доломит кендерімен қатар, сирек кездесетін металдарды, сондай-ақ, астықтың төрттен бір бөлігін өндіреді. Дәл қазіргі таңда егін орағы қызу жүріп жатыр. Астықты сақтау үшін қоймалар мен элеваторлар жеткілікті. Ал мал және сүт шаруашылығы саласында да біраз жобалар жүзеге асса, жыл аяғына дейін тағы бірқатар мал бордақылау мен сүт фермаларын ашу көзделіп отыр. Ақмола облысы Астананың азық-түлік белдеуін құру бағытын мықтап ұстануда. Осы мақсатта 48 миллиард теңгеге бағаланған 75 жоба іске асырылуда. Соның арқасында жыл аяғына дейін астаналықтар сұранымын етпен 46 пайызға, сүтпен – 40, картоппен – 80, жұмыртқамен 100 пайызға қамтамасыз етуге қол жеткізілмекші.
– Қазақстан мен Норвегия арасында бірқатар салаларда ынтымақтастық қарым-қатынас орнап, беки түсті, – деді Оле Йохан Борней. Қазақстан Норвегияға астық пен өнеркәсіптік тауарлар шығарса, ол жақтан құрал-жабдық пен технология, химия өнеркәсібінің өнімдері импортталады. Өткен жылғы қорытындылар бойынша тауар айналымының көлемі 54 миллион АҚШ долларын құрады. Ал қазақстандық экспорттың 98 пайызы астық өнімдерінің үлесінде.
Кездесуде Норвегияның Қазақстандағы сауда және жобалар жөніндегі хатшысы Эльмира Әділ еліміздің гендерлік саясатының үлгісі мен оның ұлттық заң шеңберінде қолданылуы, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға қолғабыс көрсететін дағдарыстық орталықтар туралы әңгімеледі. «Рогаланд курстық және кәсіптік дайындық орталығының» жобалар менеджері Ольга Пономарева «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту саласындағы Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығы» жобасы жайлы түсінік берді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова ортақ жобалардың нәтижесінде колледждер жанынан «Қазақстан-Норвегия орталығы» ашылғанын, кәсіби және техникалық кадрлар даярлау бағытындағы корпоративтік қор құрылғанын хабарлады. Ал Бурабай ауданындағы «Есіл Агро» ЖШС бас директоры Асылбек Есмағамбетов тәжірибе алмасу мақсатында Норвегияда болғандығын, қазір серіктестік норвегиялық жобамен үш жыл бойы жұмыс істеп келе жатқандығын айтты.
Солтүстік Қытай энергетикалық жобалау-инженерлік компаниясының өкілдерімен кездесуде облыс экономикасына инвестиция құю мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Қ.Айтмұхаметов бұл жөнінде Көкшетауда салынатын жылу электр орталығының маңыздылығын алға тартты. Жаңа нысан озық технологиялармен және экологиялық таза құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілуіне мүдделілік білдірілді.
Қытай компаниясының коммерциялық істер жөніндегі вице-президенті Ни Хуан компания әлемдегі жоғары технологиялық-инженерлік құрылыстарды жобалаумен айналысатын ең іргелі компаниялардың бірі саналатынын тілге тиек етті. Қазірдің өзінде әлемнің елуге тарта елінде, соның ішінде Беларусьте әртүрлі жобалар жүзеге асырылуда. Әңгіме барысында Көкшетаудағы маңызды нысан басым жобалар тізіміне енгізілуі мүмкіндігі атап көрсетілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.