Қазақтың «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» деген дана сөзі бар. Балаларына ғана емес, ел-жұртқа, айналасына қамқор болып, абырой-құрметке бөленген батыр әкемнің өнегелі өмірі – ұрпағына мәңгілік мұра. Жыл сайын Жеңіс күні келгенде ел басына күн туған қасіретті жылдардың нүктесін жаудың ұясы Берлинде қойған әкем Қадан Бекеновтің ерлігін еске алып, кеудемді мақтаныш кернейді.
Иә, менің әкем қан майданның қақ ортасында жүріп, Жеңісті қасқайып қарсы алған. Соғыстың соңы көріне бастағанда фашистік Германияның астанасындағы Рейхстагқа және тағы басқа үкімет үйі сияқты маңызды нысандарға шабуылдаған Кеңес әскерінің сапында қазақ жауынгерлері көп болған. Солардың бірі менің әкем еді. Варшава, Триасполь қалаларын азат етуге атсалысқан әкем 1945 жылы сәуірде майдандастарымен бірге Берлинге басып кірген. Содан көп ұзамай біржола беті қайтқан Германия әскер басшылығы капитуляция актісіне қол қойып, жеңілгенін толық мойындаған. Рейхстаг қабырғасына «Қазақстан, Ақмола, Бекенов Қадан» деп қашап жазып кетіпті.
Қадан Бекенов – Ақмола облысы, Астрахан ауданы Жарсуат ауылының тумасы. Дүниеге 1924 жылы келген. 1942 жылы Алматының жаяу әскерлер училищесінде курсант болып жүргенде Кеңес армиясының қатарында майданға аттанған. Оңтүстік-Батыс бағытта соғысып, одан 1-нші Беларусь майданының 5-інші армиясына жіберіліп, автоматшылар ротасының командирі болған. Бұған қоса ол 11 әскери орден-медальмен марапатталған. Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннен үш рет Алғысхат алған.
Соғыстан кейін әкем 1949 жылдың қарашасында анам Қазиза Жантұрқызымен шаңырақ көтереді. Содан 68 жыл отасқан екеуі төрт ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді, олардан 13 немере, 21 шөбере көрді. Екеуі де бір жылда дүниеден озды.
Қадан Бекенов елге оралған соң да абыройлы қызмет етті. 1956 жылы 18 қазанда Ақмола облысы Новочеркасскі округінің учаскелік өкілетті өкілі болып тағайындалды. 1957 жылы Астрахан аудандық атқару комитетінің милиция бөлімшесінде учаскелік өкілетті өкіл, 1969 жылы Астрахан аудандық атқару комитетінің ішкі істер бөлімінің милиция инспекторы, 1971 жылы Целиноград облыстық Ішкі істер басқармасының бұйрығымен 24-саптық дивизияның 168-атқыштар полкі взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалған. 1972 жылы құрметті демалысқа шықты.
Осылайша әкем бейбіт өмірдің тыныштығын қорып, заң бұзушылыққа жол бермеу, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сияқты жауапты міндеттерді атқаруға атсалысты.
Зейнет жасында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Түрлі игі іс-шараларда бой көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі-өнегесін көрсетті. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ақордада «Құрмет» орденімен марапаттады. Сондай-ақ әр жылдары әкеме соғысқа қатысқаны үшін Ресей президенті Владимир Путин, Мәскеудің мэрі Сергей Собянин, бұған қоса Беларусь президенті Александр Лукашенко құттықтау хаттарын жолдады. Әкем қайтыс болғаннан кейін де қаншама алғыс хаттар келіп жатыр. Жақында ғана Беларусь елшілігінен Жеңістің 75 жылдығына орай тағы хат алдық.
Бейбіт заман үшін жанын аямай үлес қосқан ардагер әкемді қашанда мақтан тұтамын. Осыдан екі жыл бұрын балалары мен немерелері болып, әкем туралы естелік жазбалар, газеттерде жарияланған мақалалар, суреттер, марапаттар сияқты барлық материалдың басын қосып арнайы кітап шығардық. Көптен бері жинақтап, баспаға әзірлеп жүрген дүниені әке-шешем көріп үлгермеді. Бұл кітап енді бізден кейінгі ұрпақтарына ардагер аталары туралы біраз мағлұмат беретін үлкен мұра болып қалмақ.
Роза БЕКЕНОВА
НҰР-СҰЛТАН