Теңіз кенішінен өзге өңірлердің тұрғындарын шығару әлі жалғасып жатыр. Алайда, кеше Батыс Қазақстан облысының 135 тұрғыны Атыраудан кете алмай қалды. Неге?
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың хабарлауынша, 10 мамырда Теңіз кенішінен 135 жұмысшы Батыс Қазақстан облысына жол жүруі жоспарланған екен. Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, Теңіз кенішінде жұмыс істейтін өзге өңірдің тұрғындары ПТР-тестілеуден тұрғылықты мекенжайында өтуі тиіс. Сәйкесінше сол өңірде карантиндік стационарға оқшаулануы қажет.
«Алайда, кеше Теңіз кенішіндегі 135 жұмысшы үшін Батыс Қазақстан облысындағы карантиндік стационарда бос орынның жетіспейтіндігі белгілі болды. Сол себептен, Теңіз кенішінің басшылығы батысқазақстандық 135 жұмысшыны Атырау қаласында екі күнге уақытша орналастыруға шешім қабылдады. БҚО-ның карантиндік стационарында орын босағасын, сол өңірге жеткізілетін болады»,- деп хабарлады өңірлік жедел штабтан.