• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Мамыр, 2020

Туған өлкені өркендету – елжанды азаматтардың өмірлік ұстанымы

576 рет
көрсетілді

Қай кезде де кіндік қаны тамған жерден тамырын үзбей, саналы ғұмырын  іргелі істерге арнап жүрген тұлғалы азаматтар табылады. Бабалар салған сүрлеудің бағытын бұзбай, бүгінде туған өлкеге деген перзенттік борышын ғылыммен тығыз ұштастыра білген бір топ ғалымдарымыздың арасында Хайрулла Жанбековтің де есімі бар.

Хайрулла Нышанұлы Жанбеков орта мектепті үздік бітіргеннен соң 1976 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетінің студенті атанады. Алыс шалғай елді мекенде дүниеге келген қара домалақ ауыл баласына күрделі мамандықты жүрексінбей таңдауын ерекше атап өткен жөн. Өйткені, сол уақыттарда бұл факультетте сонау Мәскеуден келген ғалымдардан дәріс алу, орыс тілді бағдарламамен қамтамасыз етілген оқулықтармен білім жетілдіру қиынның-қиыны екені айтпаса да түсінікті. Олай дейтініміз, бұл кезеңде  химия ғылымдары саласында қазақша аударылған кітаптар қазіргідей қолжетімді емес. Сол себепті ауыл балаларының бұл мамандықтың иесі атануға жүрегі даулай бермейтін.

Оқуын ойдағыдай тәмамдаған жас түлек Қазақ КСР Ғылым академиясының Органикалық катализ және электрохимия институтында ізденуші-ғалым ретінде жұмысқа қабылданады. Осы мекемеде 13 жылдай қызмет атқарған Хайрулла Нышанұлы ғылыми институттың шаруаларын терең меңгеріп қана қоймай, ғылымға деген қызығушылығының арқасында 1992 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғады.

Ғылым кандидаты атанған ол осы мекемеде тұрақтап қана қоймай, 1994 жылы сан мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатқан Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны ­– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің химия және химияны оқыту әдістемесі кафедрасында еңбек жолының жаңа беттерін ашты. Сол жылдары қара шаңырақ білім ордасында қалыптасқан дәстүр бойынша кафедраға жаңадан келген жас мамандардың ғылымға деген қызығушылығын ояту мақсатында оларға ғылыми жұмыспен шұғылдануды міндеттейтін еді. Сондай игі дәстүрмен Хайрулла да бетпе-бет келген болатын. Бірақ 13 жылдық тәжірибе ғылыми жұмыспен айналысуға қиындық туғызбайды. Қайта бұл міндет оның университетте ұжыммен етене араласуына жол ашады. Профессор Хайрулла Жанбековтің айтуынша: «Бұл көкейімде көптен бері мазалап жүрген шаруа еді. Кафедра меңгерушісінің ғылыми жұмыспен айналыс деп тапсыруы осы ойымды дөп басып, қатты қуандым. Әрине, ғылыми мекемеде жүрген соң  талай жылдан жоспарлап жүрген жобаларым бар еді, бірақ бұл өмірлік еңбек болған соң, ғылымда жан-жақты қолтаңбасы бар ұстазым Қуанышбек Мұсабековтан кеңес сұрауды жөн көрдім», деген болатын.

Қазақстан Жоғары мектебі ғылым академиясының және ұлттық жаратылыстану ғылымдары Академиясының  академигі,  химия ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Мұсабековтің алдына ақыл сұрай барған жас ғалымның ғылыми жоба туралы жинақтаған материалдарымен таныса келе «Хайрулла, мына әкелген материалдарыңның бәрі жақсы, барлығы да ғылымға сұранып-ақ тұр. Дегенмен мен де ғылымның жаңа саласымен жүріп, туған ауылымыздың табиғатын ғылыми тұрғыда қарастырсам деген ойымды жүзеге асыруға уақыт таба алмадым. Сен осы шаруаны қолға алсаң қайтеді, әрі туған өлкемізге де келешек пайдасы зор», – деп Сырдария өзенін зерттеуге кеңес береді. Хайрулла Нышанұлы академиктің бұл бастамасына көңілі тола қоймаса да, бала кезінен туған өлкеге деген құрметті көкейге түйіп өскендіктен, ойлана келе осы жобаны қолға алады. Жас ғалымға бұл бір қарағанда өзгешелігі жоқ болып көрінгенімен, зерттеу жүргізу барысында өзен суының құрамында  зиянды заттар мен ауыр металдардың  шамадан тыс екені  анықталады. Осы зерттеудің арқасында ол Арал теңізінің трагедиялық тағдырымен жақын таныса түседі.

Бүгінде біз оның себебі трихтан белгілі кезінде «ақ алтын», яғни мақтадан тәуелсіз ел болу мақсатында жасалынған солақай саясаттың салдарынан деп айтып жүрген Арал теңізіндегі кейінгі жылдары шамадан тыс көбейіп кеткен зиянды заттардың экологияға теріс әсерін  анықтауда Хайрулла Жанбеков көп ізденді. Арал теңізіндегі зиянды заттар тек экологияға ғана емес, сол жерді мекендейтін жергілікті халыққа да теріс әсер ететінін зерттеу барысында анықтап берді. Бұның басты түйткілі Амударья мен Сырдария өзендеріне салынған су қоймалары мен бөгет, тоғандарды өз ара салыстырғанда, Сырдария өзеніне қарағанда Амударья өзеніне үш есе артық, өзен суына тосқауыл жасалынған болып отырғанын ол зерттеу барысында көрсете білді.

Хайрулла Жанбеков Сырдария мен Арал бассейінің радиологиялық жағдайын зерттеу нәтижелерін  1995 жылдан бері жүргізіп қана қоймай, оны университеттің білім алушыларына ұғындыру барысында, нақты зерттеулер мониторинг, яғни болмаса тәжірибелерді жүргізіп, оның нәтижелерін болашақ маманмен бірге талқылап, нағыз құзыретті мамандардың өмірге келуіне де өлшеусіз үлес қосты.  

Осы Сырдария өзен суының құрамындағы антропогендік ластаушы радионуклидтер, Арал теңізіне жақын орналасқан Аманөткел, Бөген елді мекендерінің тұсындағы суда 2003 жылы көктемде 5-6 есе артқанын ол зерттеу нәтижелері арқылы көрсетіп, жұртшылықтын назарын аудара білді. Осының нәтижесінде «ҚР аумағындағы Сырдария өзен суы бассейінінің минералды тыңайтқыштар, ауыр металлдармен және радионуклидтермен ластану мониторингі» атты тақырыпта ірі ғылыми-зерттеу жұмысын табысты аяқтап қана қоймай, осы салада екі ғылым кандидатының шығуына да ықпал етті.

Сондай-ақ Хайрулла Нышанұлының бастамасымен 2016/2017 жылы  Цукуба Университетінің, білім беру институтының оқытушыларымен тұнғыш рет білім саласындағы Жапония мемлекетімен Қазақстан ғалымдарының  бірлескен экспедициясы ұйымдастырылды. Профессор Хайрулла Жанбеков бастаған Жапон мемлекетінің жоғары оқу орындарының ғалымдары – Цукуба университеті білім беру институтының директоры, профессор Есияс Ида, Дзеэтсу университеті эксперименттік мектеп директоры, профессор Такаси Симура, Гакугей университетінің профессоры Масатака Араи, Докке университетінің профессоры Хироаки Акимото, Тохоку Фукуси университетінің доценті Тосио Асакава және университеттің аға оқытушысы Қуаныш Тастанбековпен Арал өңірінде болып, ондағы білім беру мекемелері және оқушылармен кездесіп, алдағы уақытта бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту туралы пікір алмасып, нәтижесінде бірлескен жобаны қолға алған болатын. Бүгінде бұл зерттеу жұмысы өз нәтижесін беруде.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық еңбегінде көрсетілгендей Хайрулла Жанбеков те өзі туған жерден сыртта жүрсе де, туған өлкеге деген перзенттік міндетін естен шығармай, оның гүлденуіне үлес қосқан нағыз азамат.

Сонымен қатар Хайрулла Жанбеков айтулы ғалым ғана емес, университеттің білім саласын қадағалайтын Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан білікті басшы. Және университетте «Аналитикалық химия», «Физикалық және коллоидты химия», «Химиялық экология» пәндері бойынша дәрістер мен лабораториялық сабақтарды заман талабына сай өткізіп жүрген тағылымы мол ұстаз.