Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдай және қала тіршілігін ұйымдастырудың жаңа алгоритміне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Бас қалада карантин кезіндегі талаптар жеңілдегенімен, тұрғындарға еркінсуге әлі ерте. Бүгінде елорда да коронавирус инфекциясының 1074 жағдайы тіркелді. 1134 науқас стационарда жатыр. 404 адам емделіп шықса, індеттен 3 адам көз жұмды.
– Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бірқатар кәсіпорынның ғана қызметіне рұқсат етіледі. Қала шекарасындағы блок-бекеттер де жұмысын жалғастырады. Карантин кезінде 98 объекті жабылған болатын. Енді оның 66-сы ашылмақ. Қалғандары алдағы уақытта іске қосылады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Спикердің айтуынша, саябақтарға, алаңдарға және ойын-сауық объектілері жоқ жағалауларға бірлесіп 3 адамға дейін немесе бетперде киіп отбасы мүшелерімен баруға болады. Сондай-ақ күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтай отырып, шағын сауда орталықтары жұмысын жалғастыра бермек. Нұр-Сұлтанға кіру қызметті қайта бастауға рұқсат етілген кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандар үшін ашық. Ақмола, Павлодар облыстарының әкімдері карантин аймағында жұмыс істейтін жақын аудан азаматтарының тізімін қалыптастырады және «Сергек – Блок-бекет» жүйесіне енгізу үшін әкімдіктің жедел штабына ұсынады.
– Мекемеде бір мезгілде бірнеше адам болмауы керек және олардың барлығы бетперде таққаны жөн. Қызметкер мен клиенттің арасы 2 метрден кем болмауы тиіс. Сонымен қатар персонал мен клиенттің тікелей байланысын барынша шектеу керек. Тұрмыстық техника сататын ірі дүкендер мен бау-бақша маусымына қатысты керек-жарақ дүкендерінде де медициналық пункттердің болуы міндетті, медициналық қызметкерлерді әр ауысым сайын тексеріп отыруы шарт. Клиент пен қызметкер арасында арақашықтық сақталуы керек, – дейді Б.Мәкен.
Баспасөз мәслихаты барысында мемлекеттік әлеуметтік шаралармен қатар, Елбасының бастамасымен басталған «Біз біргеміз!» акциясының аясында атқарылған жұмыстар да айтылды. Атап айтсақ, әлеуметтік осал топқа жататын 42500 отбасына Nur Otan партиясынан 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берілген. Бизнесмендер мен қайырымды азаматтардың күшімен 17 мың тонна азық-түлік жиынтығы тапсырылып, оған қалалық штабтан 500 ерікті жұмылдырылған.