• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2013

Қытайға жалға жер берілмейді

334 рет
көрсетілді

Украина үкіметінің шетелдіктерге, соның ішінде Қытайға жер сатуға немесе жалға беруге құқы жоқ. Бұл туралы Украинаның «KSG Agro» холдингінің басшысы Сергей Касьянов мәлімдеді деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

Бұған дейін Украина 3 млн. гектар жерін 50 жылға Қытайға жалға беруге келісімшартқа отырды деген хабар ақпарат әлемін жаулап алған болатын. Енді осы дақпыртқа байланысты Украинаның тиісті органдары жұртқа түсінік беріп әуре болып жатыр.

Жоғарыда айтылған Сергей Касьяновтың мәлімдеуінше, «KSG Agro» холдингі мен Қытайдың «Xinjiang Production and Construction» компаниясыарасында 2013 жылғы 31 мамырда азық-түлік өнімдерін бірлесе өндіру жөнінде келісім жасалған. Сондай-ақ, украиналықтар бұған дейін ауылшаруашылығы мақсатындағы 2,5 млн. гектардан астам жерін қытайлықтармен бірлесе өңдеп келген. Әлгіндегі келісімге сай, екі жақ 3 млн. гектарға дейінгі алқапты бірлесе өңдеп шығуға уағдаласқан. Міне, осы ниетті кейбір ақпарат құралдары өңін айналдырып, басқаша мазмұнда таратып жібергенге ұқсайды. Сөйтіп,

Украина Қытайға 3 млн. гектар жерін жалға бергелі отыр деген ақпарат желдей есе жөнелгенге ұқсайды.

Жалпы, Украинаның Қытайға жерді жалға берді деген расталмаған ақпараттың бастау көзі Қытайдың «Хуаньцю шибао» басылымы болған секілді. Өйткені, аталмыш газет сол кездері өзінің беттерінде: «Қытайдың «Xinjiang Production» және «Cjnstruction Corps» фирмалары Украинаның мемлекеттік «KSG Agro» атты ауылшаруашылық компаниясымен келісімшарт жасасты. Оған сәйкес, Қытай фермерлеріне алғашқы кезеңде Днепропетровск облысынан 100 мың гектар жер жалға беріледі. Жер көлемі біртіндеп үш миллион гектарға дейін ұлғаяды. Жер егістік мақсатына және мал өсіруге пайдаланылады. Келісім жүзеге асса, Украина Қытайдың шетелдердегі ең ірі фермерлік орталығына айналады» деп жазған көрінеді.

Жолдыбай Базар

 

 

Соңғы жаңалықтар