Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде көптеген мамандықтар бойынша мамандар даярланып шығуда. Жыл өткен сайын жаңа мамандықтарға оқытатын факультеттер ашылып, студенттер саны артуына байланысты университет басшылығы оқу орнының материалдық-техникалық базасын кеңейтуді ұдайы назарда ұстап келеді. Жақында осы оқу орны тағы бір оқу корпусымен толықты. Оқу орнының жаңа нысанында енді физика-математика және жаратылыстану факультеттерінің студенттері білім алатын болды. Жаңа ғимараттың тұсаукесеріне қатысқан Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов осы жоғары оқу орнының студенттерге сапалы білім беру мүмкіндігі мол екенін айтып өтті. Ал университет ректоры Кенжеғали Кенжебаев өз кезегінде техникалық көмегі үшін қалалық әкімдікке ризашылығын білдірді.
Жаңа оқу корпусында 25 аудитория, интернет желісіне қосылған 6 сынып интерактивті тақтамен жабдықталған әрқайсысы 120 орындық екі зал бар. Бұл құрылысқа университет 200 миллион теңгеден астам өз қаржысын жұмсады
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
...ЕКІ БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ
Қарағандыдағы №59 және №83 мектептер жанынан құрылған балабақшаларға 3-5 жас аралығындағы 100 жеткіншек қабылданды. Екі тілде жүргізілетін танымдық сабақтарда олар таңертеңнен кешке дейін тәрбиеші педагогтар қамқорлығында болып, әріп таниды, би, ән үйренеді.
Қазір 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің қала бойынша балабақшаларға қамтылуы 69 пайызды құрайды. 6 мыңнан астам ата-ана кезекте тұр. Алдағы бір-екі жылда балаларды тәрбиеге алу орындарына беруді толықтай қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Сәуір, мамыр айларында қаладағы Майқұдық, Ескі әуежай бөліктеріндегі және Сұрыптау стансасындағы №40, №46, №91 мектептері жанынан өскіндерге арналған шағын орталықтар ашылады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.
...ТЕЛЕБАҒДАРЛАМА КӨҢІЛДЕН ШЫҚТЫ
Еліміздегі сот жүйесін реформалау қадамдары халықтың мүддесін қорғауға бағытталған. Мұнда ешқандай да алалау мен адақтауға, бұрмалау мен бүркемелеуге жол берілмейді. Яғни, адам тағдырын шешудегі адалдық, ашықтық, биік жауапкершілік қатаң сұралады.
Осы мақсатта облыстық сот жаңа бастама көтеріп, Ақмола теледидарынан “Әділ сот пайымы” және “Логика правосудия” бағдарламаларын эфирге шығарды. Ол аптасына төрт рет қайталанып шығып тұрады.
– Жаңа жобада судьяның үкім не шешім шығарардағы іс-әрекеті, сүйенетін дәйектері мен заңнама нормалары туралы толық ақпарат және түсінік беріледі, – деді Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан Ештай. Бұл, біріншіден, жұртшылықты сот төрелігінің қалай жүзеге асатынынан хабардар етсе, екіншіден, жауапкершілікті күшейту арқылы өзара сенім мен құрметті қалыптастырады.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.