Алматы қалалық перинаталдық орталығында үшем өмірге келді. Осылайша 39 жастағы алматылық әйел бірден алты баланың анасы атанып отыр. Үшемдер өмірге келгенге дейін отбасында үш бала болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүктілік табиғи жолмен, қосалқы репродуктивті технология қолданылмай-ақ жүзеге асқан. Мұндай жағдай акушерлік тәжірибеде сирек кездеседі.
Босану жүктіліктің 32 апта 2 күнінде шұғыл түрде кесарь тілігі арқылы өтті. Түнгі сағат үш шамасында акушер-гинекологтар, анестезиологтар және неонатологтардан құралған көпсалалы медициналық команда жедел түрде жұмылдырылды.
Шымкентте үшем дүниеге келді
Салмағы 1840 грамм, бойы 42 см ұл бала, салмағы 1680 грамм, бойы 43 см тағы бір ұл бала, салмағы 1620 грамм, бойы 40 см қыз бала дүниеге келді. Ұл балаларға Заңғар мен Айбар, қыз балаға Әсел деген есім қойылды.
Қостанайда үшем дүниеге келді
Орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ербулатованың айтуынша, медициналық ұжымның үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында босану асқынусыз өтті. Шала туған сәбилер өмірінің алғашқы минутынан бастап қарқынды бақылауға алынып, арнайы ем қабылдады және аппарат арқылы тыныс алуға қолдау көрсетілді.
Үшемге жеке күтім бекеті бөлініп, сәбилер тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі таңда балалар салмақ қосып келеді, жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, алдағы уақытта ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр.
– Өткен жылы орталықта 22,5 мыңнан астам науқас қабылданып, 16,7 мыңнан аса ана мен жаңа туған нәрестеге стационарлық көмек көрсетілді. Жалпы, 9014 босану тіркелді, оның ішінде екі рет үшем дүниеге келген. Қаладағы мерзімінен бұрын босану жағдайында медициналық көмектің басым бөлігі біздің орталықта көрсетіледі, – дейді орталық мамандары.