Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Үкіметке беделді ғалымдар мен сарапшылардан тұратын Биологиялық қауіпсіздік кеңесін құруды тапсырды.
Енді осы кеңеске COVID-19 пандемиясы жағдайында, өз саласы бойынша қауіпті індетпен күресуге барынша үлес қосып, ғылыми-зерттеулер жасап, ғылыми жобалар мен жол карталарын даярлап, белсенділік танытып жүрген жалпы биологияның әр салаларының жетекші жас ғалымдарын тарту қажет.
Биологиялық қауіпсіздік кеңесі еліміздегі пандемияның өршіп кетуін болдырмау, сақтық профилактикалық шараларын жүргізуге атсалысу, кеңеске тартылған әр ғалымның өзінің зерттеу аясы бойынша COVID-19 пандемиясын ауыздықтауға арналған дайын жобаларын кешенді, жедел түрде іске асыруды қаржыландыруға ұсыну, еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды жоспарлау, COVID-19-ға қарсы тиімді отандық вакцинаны сынақтан өткізу бағытында жұмыс істеуі керек.
Мемлекет басшысының үндеуінде COVID-19 немесе басқа да осы індетке ұқсас эпидемиялардың таралуы бір реттік құбылыс емес екендігі, осындай төтенше жағдайларға тек практикалық түрде ғана емес, ғылыми көзқарас жағынан да дайын болуымыз керектігін айтты. Осыған орай пандемиялық және панзоотиялық инфекциялық аурулармен күресу барысында, жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Халықаралық вакцинология орталығы құрылған. Орталық Огайо штаты университеті (АҚШ) және әлемдегі жетекші биотехнологиялық Vaxine Pty Ltd компаниясының (Аустралия) қолдауымен ашылды. Қазіргі таңда орталықтың маңызды ғылыми жобасы COVID-19-ға қарсы нановакцинаны әзірлеу болып отыр. Сонымен қатар университеттің жас ғалымдары пандемия және посткарантин кезінде жүргізілетін санитарлық-гигиеналық шараларға, әлеуметтік нысандарды, беткейлерді дезинфекциялауға арналған заманауи отандық препараттарды әзірлеу жұмыстарын жүргізіп, зертханалық үлгілерді даярлады. Қазіргі таңда дезинфекциялауда пайдаланып отырған препараттардың көпшілігі шетелдік препараттар, олардың бактерицидтік қасиеттері сын көтермейді және бағасы отандық препараттарға қарағанда бірнеше есе қымбат.
Өз ойымды түйіндей келе, Биологиялық қауіпсіздік кеңесінің жұмысына пандемия кезіндегі мәжбүрлі дезинфекцияны және посткарантин кезіндегі профилактикалық дезинфекцияны ұйымдастыру үшін дезинфектолог мамандар, ДНҚ идентификация кешенді іс-шараларын жүргізу және тест-жүйелерін әрі қарай жетілдіру және нановакцинаны даярлау үшін биолог-биотехнолог, биохимик, микробиолог, генетик, вирусолог, вакцинолог, эпидемиолог ғалымдар мен белді сарапшыларды тартуға тиіспіз. Бұл мамандар Мемлекет басшысы тапсырған істі абыроймен атқарып шығатындығына сенімім мол.
Қуантар ӘЛИХАНОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің қауымдастырылған профессоры, Ph.D доктор