Жүректе мейірім болса, қиналған жанға қайырымдылық таныту қиын емес-ау. Ал оны жас талғамайтын волонтерлікпен астастыру әсіресе жастарға тән іс. Атыраудың әр ауданында жастардың тарапынан волонтерлікке бетбұрыс артып келеді. Осы іске бет бұрғандардың бәрі – тәуелсіздіктен кейін өмірге келген буынның өкілдері. Қазақы болмысқа тән биязылық қағидатын ұстанатын олар бұл қадамын көпке жария ете бермейді.
Жылыой – Атыраудағы өнеркәсіпті ауданның бірі. Мұнда 121 жыл бұрын Қарашүңгіл кен орнынан қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған еді. Қазір бұл ауданның аумағында көмірсутегі қорының молдығымен әлемге танымал болған Теңіз кен орны бар. Алайда бұл ауданда тұратын тұрғындардың бәрін бірдей бақуатты деуге болмайды. Мәселен, аудан орталығы – Құлсары қаласында тұрмысы төмен отбасылар кездеседі. Соның бірі – көпбалалы Бақтыгүлдің отбасы. Тоғыз жыл бұрын күйеуі өмірден өткен. Төрт баласының екеуі мүгедек. Ал баспанасы әбден тозған. Терезедегі әйнектің орнын пленка алмастырыпты.
– Бірнеше жыл бұрын көршілес досым Абылай Төлеповпен бірге волонтерлік істі қолға алған едік. Мұқтаж жандарға қолғабыс беруді көздеп, бастапқыда өз қаражатымызды жұмсадық, – дейді құлсарылық Диас Ибатаев. – Кейін біздің қатарымызға өзге достарымыз да қосылды. Өзіміз тұратын №8 ауылдағы қарапайым тұрғындарға азық-түлік алып беріп жүрдік. Жақында Бақтыгүлдің отбасындағы ахуалмен танысқан соң, жаңа баспана салып беруді жөн көрдік. Өйткені бұл отбасының көмекке зәру екеніне көз жеткіздік.
Көпбалалы отбасы тұратын баспана елу жыл бұрын саман кірпіштен салыныпты. Волонтерлер құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйдегі көпбалалы отбасының тұрмысы туралы шағын ролик түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Қаржы жинау үшін арнайы қор құрды. Бұл жомарт жүректі жандарды бейжай қалдырған жоқ. Волонтерлер қорға түскен қаржының есебін әлеуметтік желіде ашылған парақшада жариялап отырады.
– Біз әуелі бұл отбасына үй жалдап бердік. Содан соң ескі үйді бұзып, орнын тазаладық. Бақтыгүлдің отбасымен ақылдасып, жаңадан бой көтеретін баспананың жобасын жасадық. Жобаға сәйкес, жаңа үйде төрт бөлме болады. Бұған асүй бөлмесін қосыңыз. Үйдің жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайды. Себебі бұл отбасында көп бала бары ескерілді, – дейді Диас Ибатаев.
Қазір құлсарылық волонтерлер бастаған үйдің қабырғасы биіктеп келеді. Бір ерекшелігі, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді қолға алған жастардың бәрі – тәуелсіздіктің құрдастары. Олар жақында төрт баласымен баспана тауқыметін тартқан жесір ананы жаңа үйге қоныстандырмақ. Алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шараларын жалғастыруды көздепті.
Мұндай ел сүйсінетін істі Атырау қаласының іргесіндегі Дамбы, Жаңаталап, Құрманғазы, Қызыл балық ауылдарының жанашыр жастары да жандандырып келеді. Олар былтыр Жаңаталап ауылының сексен жастағы тұрғыны, жалғыз басты ана Айша Құнановаға үш бөлмелі үй тұрғызып берген еді. Ауыл тұрғындары тарапынан қолдау тапқан осындай игі істі биыл да қолға алды.
– Жақында бізге Зарослый ауылында тұратын мұғалім көпбалалы Нұрлы Омарованың отбасындағы қиындық туралы хабарлады. Біз бұл отбасына арнайы барып, жағдайымен жете таныстық. Бұл отбасының сегіз баласы бар. Балаларының үлкені 16 жаста, ал кішісі әлі бір жасқа толмаған. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Он жылдан бері құлағалы тұрған бір бөлмелі сарайды паналап келеді, – дейді ауыл жастарын қайырымдылық іске жұмылдырып жүргендердің бірі Әнуарбек Батаев.
Оның айтуынша, сегіз балалы отбасы жәрдемақымен ғана күн көріп отыр. Ал жанашыр жастар қолдауға мұқтаж отбасының жағдайы жөнінде әлеуметтік желідегі «Жаңаталап жастары» парақшасында хабарлап, қаржы жинауды бастады. «Көп түкірсе – көл» дегендей, мұқтаж отбасына көмек беруге ниетті жандар аз емес екен. Қайырымдылық жасауды парызы санайтын көпшілік қажетті қаржыны тез жинады. Сөйтіп, сегіз балалы отбасы үшін бес бөлмелі үй сатып алып берді.
Ауылдастарының әлеуметтік тұрмысы жақсарғанын қалаған жастар қалған қаржыны тағы бір отбасына үй алып беруге жұмсады. Төрт баласы бар жалғызбасты ана осы кезге дейін Құрманғазы ауылында жалдамалы үйде тұрып келген. Оны ауылдастары жалдап беріпті. Қазір қайырымдылық істі қолға алған жас жігіттер сатып алынған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныс тойына дайындап жатыр.
Дана Абайдың: «Пайда ойлама, ар ойла» дегеніне қазақтың қанында бар қайырымдылықты волонтерлік ісімен дәлелдеп жүрген көркем мінезді жастардың игілікті ісі дәлел бола алады. Өйткені олар қолдау күткен көпбалалы отбасыларды көл-көсір қуанышқа кенелтіп, баспана бақытына бөлегелі отыр.
АТЫРАУ