• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2020

Заманның ойлы да талапты сөзі

223 рет
көрсетілді

Дүбірлі дүниенің дүрмегі көбейіп барады. Өз жаратылысынан бері адам баласында маза жоқ. Жақсы өмірге, тыныш та бейбіт тұрмысқа қол жеткіземіз деп талпынып-ақ жатырмыз. Сол жақсы өмірді кейде қолға қару алып та орнатпақ болған жағдаяттар аз болған жоқ. Ғарышқа да шықтық, адам баласының табаны айға да тиді. Ақыл мен ми жете бермейтін ғылыми және техникалық жаңалықтар мен қаншама жетістіктерге куә болып көз көріп, солардың игілігін көріп те жатырмыз. Бірақ жан баласында тыныштық жоқ...

Дүниенің мазасы кетіп-ақ тұр. Қауіп пен қатерге басын тік­кен адам баласының сол жанта­ла­сынан-ақ ой түйер болсақ, бізді де те­рең ойға жетелейтін және тіпті де алаң күйге түсіретін жайлар­дың аз еместігін сезіне алар едік.

Бұл алаң жайдың негізгі өзек­тілері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ege­men Qazaqstan» газетінде (5 мамыр 2020 жыл) жарық көрген «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатында ай­тыл­ған мәсе­лелер біздің әрқайсымызға терең ой салғаны анық. Президент өз сұх­­батында «Пандемия бүкіл әлем­­нің қалыпты тіршілігіне айтар­­лықтай әсер етті» дей келіп, осы індеттің салдарынан дүние жүзінде экономиканың қар­қы­ны күрт төмендеп, шикізат баға­сының құлдырап түсіп кеткенін айтты. Әрине бұл жағдайда шұ­ғыл да қажетті шаралар қолда­нылмаса, әлем бойынша жағдай­дың қиындай түсетіні сөзсіз. Аз ба, көп пе, әйтеуір өз күнкө­рісі үшін пәпақаларын тауып жүр­гендердің біразы жұмыстарын қойып, үйлерінде отырды. Төтен­ше жағдайдың талабы да осы болды!

Міне, осы жағдайда Мемлекет басшысының пәрменімен қазақ­стан­дық азаматтарға қолдау көр­сету үшін төтенше жағдай жария­ланысымен-ақ нақты шара­лар жедел қолға алына бас­тады. Президентіміздің өзі осы карантиндік жағдай жария­лан­ғалы дүркін-дүркін телевизиялық мәлімдемелер жасап, елдегі қалып­тасып отырған жағдайды өзі ай­тып, мемлекет тарапынан ха­лыққа көрсетіліп жатқан көмек, қол­дау­лардың жай-жапсарына дейін баяндап келеді. Тұң­ғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та халқы­ның басына түскен сындарлы шағын­да қарап жатпай, елді бірлік­ке шақырып, халқының еңсесін тіктер сөз айтып, қолдау көр­сете бастады. Бұл да халқы­мыз­дың ынтымағын одан әрі бекем­дей түсуге зор септігін тигізді дер едік.

Президенттің өз сұхбатындағы «ең алдымен, жастарды жұмыс­қа орналастыру керек. Сон­дықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфра­құ­ры­лымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөн­деу жұмыстарына жұмылдыру­да­мыз», дегені өзекті мәселені, жас­тар­дың жұмыссыздығын жоюға ба­ғыт­талған алғашқы қадам ретін­де қарастырар едік. Өйткені қазір жастардың «бізге тек жұмыс бе­ріңіздер, одан өзге ешнәрсе сұрамаймыз» деген талаптары да естіліп жатады. Бұл орынды талап! Қазір біздің жастарымыз да жұмыс істеу жағына келгенде ешкімнен кем түспейді. Тек сол өз жастарымызға сене білейік, қолдай білейік, жұмыс берейік! «Қазақ жастары жалқау, олардың қолдарынан еш нәрсе келмейді» дегенді ең әуелі өзіміз айтқанды қойсақ еді.

Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың сұхбатындағы «тағы бір зор мақсат – елді ең­бекке баулу. Шындықты айт­сақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беде­­лімізге де едәуір нұқсан келті­­реді. Қажырлы еңбектің арқа­­сында ғана көп мәселені шешіп, мем­лекетімізді дамытамыз, әл-ау­қатымызды арттырамыз!» деп осы бір ой-пікір – ерекше назар аудартарлық және де ойлантарлық замана сөзі болды. Ақиқатында, «Бұл ұлттың бола­шағына тікелей ықпал етеді» деп еңбекті, еңбекқор ұлт болу­ды айтып отырған Президент тұжы­рымы біздің әрқайсымызды алға ұм­тыл­дыруы тиіс. Осы орайда ендігі арада Үкімет жастарға, жал­пы халыққа жұмыс беруді ұйым­дастыру мәселесіне барынша жауап­кершілікпен, тіпті жан-тәнін сала кі­рісуге тиісті. Ол үшін әр министр жергілікті жердегі жағдайға әбден қанық болуы керек. Неге осы біздің үкімет мүшелері шалғай­дағы ауылдарға бармайды? Неге олар сол жергілікті тұрғын­дармен сөй­лесіп, әркім өз саласы бойынша неге ой жинақтамайды?

Мысалы, жылына екі рет қойынан қырқылатын жүнді, сойылып жатқан малының тері-терсегін, өндіріп жатқан басқа да өнімдерін сатып алуды Үкіметтің тікелей өзі ұйымдастыратын кез келді емес пе? Бұл мәселе талай айтылып, жауыр да бола бастады. Ауыл халқы өз малының өнімі нақтылы табыс әкелетінін сезінсе, олардың мал өсіруге деген ынта-жігері де арта түсер еді ғой! Және де ауыл шаруашылығының игерілмей жатқан мол мүмкіндігін іске қосу үшін, жастардың ауыл шаруашылығына беттерін бұру үшін мақсатты және жүзеге асы­рылуы мүмкін жоспар мен бағ­дар­ды да анықтағанымыз дұрыс болар еді.

Сөз соңында, осы бір карантин кезінде Мемлекет өз халқына көмек қолын созып, қаржысын да беріп, өзге де қолдауларын жасай білді, жасап та жатыр! Әри­не, бұл карантин де бітер. «Хал­қымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыруымыз керек!», деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұх­батында айтылғандай осы бір ауыз сөзі – ендігі арада біздің де әрқай­сымызды «Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру үшін мен не істей аламын?» деген ой да тол­ған­дырса етті. Сайып келгенде, қиын да күрделі кезеңде қол­дай білген мемлекетімізді енді біз де қолдайық!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ