• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 13 Мамыр, 2020

Саксафон көмейінде сыңсыған ән

606 рет
көрсетілді

Елордадағы Бөгенбай даңғылының бойында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан даңғарадай екі сауда үйінің қақ ортасымен жер асты жолы өтеді. Қазақтың ең әсем, ең сазды әндерін осы жер асты жолынан өткен сайын естіп жүретінмін.

Мұқан Төлебаевтың «Қарлығашы», Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молда­ғалиев тандемі тудырған «Құстар әні», «Куә бол», Шәмші Қалдаяқов пен Ғафу Қайырбековтің «Ана туралы әні»...

 Құлағымыз таныс әуенді бірден танып, елтитініміз болмаса, музыкалық сауатымыз шамалы, саксафоншы жігіттің шеберлігіне баға бере алмаймыз. Бірақ талғамына тәнтіміз. Жас та, кәрі де сәл аялдап, құлақ қойып, қалтасының түбіндегі болмашы бақырын қағаз жәшікке тастап жатқанына қарағанда, көпшілікке ұнайтын сияқты.

Сауда орталығының бірінің кіреберісінде бір орыс қария баян тартып отыратын. Ол да жұрттың талғамын жақсы біліп алған. Алғашқы қоңырау мен Соңғы қоңырау қарсаңында қазақша «Ұстазымды», орысша «Мектеппен қоштасу вальсін тартып тұрады. Арулар күніне орай сыйлық алуға барып «Анашым» әнін естігенім есімде. Бірақ кейін ол қайыршы қария көрінбей кетті. Сауда үйінің әкімшілігі қуып жіберді ме, әлде өзі кетті ме, білмейміз.

Жерасты жолы мен сауда үйінің кіреберісінен еститін әндерді эфирден тыңдамағалы көп болыпты. Музыкалық арналарды де әдейі жарты сағаттай шолып шыққан едік. Хип-хоп жанрындағы дүниелер көптей көрінді. Заманына қарай тыңдарманның талғамы да сол бағытқа өзгерген шығар. Бірақ қазіргі композиторлар түк шығармады, бұрынғылардан бүгінгіге азық боларлық музыкалық мұра қал­мады дегенге кім сенеді? Неге солар­ды жаңғыртпасқа? Осыдан он шақты жыл бұрын Ерболат Құдайберген «Мен қазақпынды» рэп жанрында шырқап, бүкіл хит-шерулердің көшін бастап еді ғой.

Ертеректе өзбектің әйгілі «Ялла» ан­самблі қазақтың «Қараторғай» деген әнін шырқағаны есімізде. «Тамашаға» қонаққа келген «Ялланың» әнін жергілікті қазақтар қалай тамсана тыңдап, тәнті болғанын қазір Youtube-тен көруге болады.

«Қараторғай» кезінде Затаевичтің назарына ілініп, «Қазақ халқының 1000 әніне» енген. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде өмірден озған Шолпан Омароваға тиесілі дейтін бұл әнді «Ялла» қалай таңдағаны белгісіз. Әйтеуір, сөзі мөлдіреп құйыла қал­ған, сазы сыңғырлаған әнге өзгеше ырғақ беріп, шығыстық нақышқа салғанда тіпті құлпырып кетті.

Композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы... Өнердің сан саласына құлаш ұрып, ерекше қолтаңбасын қалдырып келе жатқан тұлға Ілия Жақановты халық ең алдымен композитор деп таниды деген ойдамыз. Ілия Жақанов адамзаттың Айтматовының «Жәмила», «Қош бол, Гүлсары», «Шынарым менің, шырайлым менің» атты повестерінің желісі бойынша «Жәмиланың әні», «Даниярдың әні», «Асылым», «Әселім-әнім», «Бибіжан» атты циклдық әндерін шығарды. Олар қырғыз-қазаққа кең тарағаны соншалық, айыр қалпақты ағайын композиторға Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықты берді. Қырғызстанның «Дәнекер» орденімен марапаттады. Өнерде шекара болмайтыны әлмисақтан белгілі ғой. Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-қырғыздың әдебиеті мен әнінің де араласып жатқанының бір көрінісі осы болды.

Атақты «Дос-Мұқасан» Ақан серінің «16 қызын» қалай жаңғыртқаны да есімізде. «Маңмаңгер» де тоқсаныншы жылдары эстрада жанрында шырқалып жүрді.

Өкінішке қарай, кейінгі жылдары өзіміздің алтын қордағы жаңғырған әндерді емес, өзге елдерден келген қаңғырған ән­дер­ді жиі еститін болдық. Іргеміздегі өзбек, қыр­ғызды айтпағанда, түрік, румын, араб ән­дерін біздікілер барымталауды шебер меңгеріп алған. Оған намыстанбайды. Намыс­­тан­бақ түгілі, танымал әншілер «Жыл пл­агиаты» деген арнайы номинацияға таласып, жеңім­пазды жабылып құттықтап жатқанын да көрдік. «Өзі ұялмаған кісінің бетін шиедей қылады» деген осы болса керек.

Бөгенбай даңғылының бойындағы жер асты жолымен өткен аптада бірнеше рет өткенбіз. Саксафоншы жігіт көрінбеді. Карантинде жатқан шығар дедік. Эфирде естімеген әнімізді ең болмаса жер асты жолынан тыңдап жүр едік.