Ұлтымызда ежелден бір рулы елдің басын біріктіріп, қандай да дау-дамайлар болса, сол ауылдың бетке ұстар аузы дуалы, от тілді, сөзінің салмағы бар ақсақалының өзі шешіп, бәрін орын-орнымен жайғастырып отырғанын жақсы білеміз.
Сөзі өтімді, тұтас елді аузына қарата алатын ақсақал-билеріміз қазір де жоқ емес. Жуырда бір ауылдың ұйытқысы болып отырған осындай ақсақалдың дерегін естіп, іздеп барған едік. Жетісай ауданында Мақталы ауылдық округіне қарасты 2000-ға жуық тұрғыны бар Алмалы деген ауыл бар. Бұл ауыл осы төңірекке кейінгі кезде «арақ-шарапсыз ауыл» деп танылып жүр. Дүкендерінде тентек су сатылмайды, той-жиындарда қойылмайды. Әрине, Кеңес дәуірінің құдіретімен қанымызға сіңіп, бойымызды билеп алған мұндай ішімдіктен бір ауыл жұрты бірден бас тартуы қиын шаруа. Тойыңның сәнін кіргізіп, қонақтарыңды жадыраңқы көңіл күймен шығарып салып жүрген ащы суды той мәзірінен алып тастау дегенімізді ерлік деуге келер. Алайда ауыл ақсақалы Елеусін Жастаевтың ауылдастарына айтар өсиеті мен талабы осы. Елеусін ақсақал – Алмалы ауылындағы «Хазіреті Біләл» мешітінің имамы. Бір елді мекеннің тұрғындарын бір ауыз сөзімен-ақ біріктіріп, ұйымшылдықты, татулықты, туып-өскен жердің киелі топырағын құрметтеп, ауылдың атын жақсы жағынан шығаруды дәріптеп жүрген жанашыр қария.
Алмалы аудан орталығынан едәуір қашықта орналасқан. Тұрғындар үшін аудан орталығына келіп сауда-саттық жасау оңай емес. Сондықтан болар ауылды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған дүкендер қатары жеткілікті. Басында арақ сатуды да көздеген дүкен иелері болды. Елеусін ақсақал мұндай харам жолмен табыс табу берекесіз болатынын түсіндіріп, кәсіпкерлерді райынан қайтарған. Имандылық жолында жүрген ақсақалдың сөзін ауылдықтар да қоштағандықтан ба, әлде бәтуалы сөздің құдіреті ме әйтеуір «шайтан су» сатып нәпақа табамын дегендер бүгінде дүкен сөрелеріне арақ қоймайды.
Бұдан бөлек, ел болған соң ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжат, келін мен ененің арасында түсініспеушілік болып тұратыны белгілі. Мұндайда үлкен дауға айналдырып, ушықтырмай, ақсақалдар келісімге шақырып отырады. Бұл жайында ауылдағы «Достық» мектебінің директоры Рахмет Тілеубеков былай дейді:
– Елеусін ақсақалдың ауыл тұрғындары үшін беделі өте жоғары, бәріміз де құрметтейміз. Жуырда өзім басшылық жасап отырған мектебімізде ерлі-зайыпты әріптестерім отбасылық жағдайға байланысты араздасып қалды. Алдында да бір ұрсысып қалған жерінде құдалардың алдынан өтіп, «Бір ашуыңызды беріңіз. Енді қайталанбайды», деп өзіміз татуластырған болатынбыз. Енді қайтадан құдалардың алдына баруға бетіміз жоқ. Өйткені құда «Енді ұрсысатын болса, қайта алдыма келуші болмаңдар», деп нықтап айтқан болатын. Бір күні Елеусін көкеміз мені шақырып, бұл жағдайдан хабары бар екенін айтты. Мен қалай шешетінімізді білмей амалым құрып тұрғанын айтып едім, онда бұл іске өзім араласайын деп Асықата кентіне барып, барлығының тігісін жатқызып шешіп келді. Тіпті, құдалар сотқа да беріп қойған екен. Сотты да тоқтатып, ерлі-зайыптыларды қайта жарастырды. Бүгінде ауылда қандай дау болса да осы ақсақалдарымыздың арқасында сотқа дейін жетпей, өзімізде шешімін тауып келеді. Ауылымызда ұрлық, тонау секілді қылмыстың түрлері де азайды.
Тағы бір жағдайды айта кетейін. Былтыр Ораза айында ауылдықтар бірінен соң бірі ауыз бекіткендерге ауызашар беріп жатты. Сонда есігінің алдында дүкені бар бір ағайын: «Ертең біздің үйге ауызашарға келіңіздер», деп жиналған көпшілікке хабар берді. Елеусін ақсақал: «Сенің үйіңе бармаймын», деп көктен жай түскендей етіп кесіп айтты. Әлгі ағайын: «Неге бармайсыз? Бәрінің үйіне барасыз да, менің үйіме келмейсіз бе?» деп қызараңдап ашуланып қалды. Сонда Елеусін көкеміз: «Сен арақ сатып, ауыл азаматтарын улап, күнәһар болдың. Енді келіп бізге ауызашар бермексің бе? Мұндай жолмен берілген ауызашарға барып мен де күнәһар болмайын?» деді. Әлгі ағайын осы сөзден кейін ұнжырғасы түсіп кетті. Үйіне барып дүкендегі арақтың бәрін алдырып тастап, одан кейін сатпайтын болды.
– Ауылда харам су сатып, тойға қою мәселесінің тыйылғанына қанша уақыт болды?
– Бес-алты жылдың көлемі болды десем қателеспеспін. Елеусін көкеміз Меккеге қажылыққа барып келген соң ауылдың рухани тыныс-тіршілігін қолға ала бастады. Оған дейін арақ ішу де, жанжалдасу да, ұрлық-қарлық дегендер өзге ауылдардағыдай бізде де орын алып тұратын. Қазір ол кезбен салыстыруға келмейді. Бұрындары түнгі сағат 2-3-тер шамасында да бірін-бірі сүйреген мастар құлаққа түрпідей тиетін сөздер айтып, айқайласып, жаға жыртысып көшеде кетіп бара жататын. Қазір ондай жоқ. Ауылда имандылыққа бет бұрып, намазға жығылғандардың да саны артып келеді.
Ендігі жерде Елеусін көкеміз өзі бастамашы болып, ауылдан жастарға арнап шағын футбол алаңын ашсақ деп жүр. Бұйыртса, ауыл жастары қолы бос кезінде сонда барып футбол ойнап, денсаулықтарын шынықтыратын болады. Жалпы айтқанда, жастарымыздың да тәртібі жаман емес.
Ал осы ауылдан ашылған «Туған жерге мың алғыс!» қайырымдылық қорының жетекшісі Азамат Қожабаев та Рахмет ағаның сөзін қоштады.
– Өзім су шаруашылығында жұмыс істейтін болған соң өзге де ауылдарға барып, аралас-құралас жүреміз. Сонда өз ауылым мен өзге ауылдарды салыстырып байқаймын. Адамдарының пейілі қандай, күнкөрістері дұрыс па дегендей. Айтайын дегенім, біздің ауыл өзге ауылдармен салыстырғанда әлдеқайда ынтымақты, тұрғындары еңбекқор екені көрініп тұрады. Мәселен, бір ауылдарда қараусыз пайдаланылмай сора басып жатқан жерлер бар. Біздің ауылда ондайды көрмейсің. Көптеген жастар қалаға, шетелге жұмыс істеуге кетіп жатады. Ал бізде жастарымыз өз ауылымызда да еңбектеніп, диқаншылығын жасап, мал бағып, күндерін көруде. Ауылымызда 230 отбасы түтін түтетіп отыр. Мақталы ауылдық округі деп аты айтып тұрғандай, біздің өңір ауданның өзге жерлеріне қарағанда мақтаны көп өсіреді. Біздің ауылдың өзінде 3-4 мақта қабылдайтын пункт бар. Сондай-ақ бау-бақша дақылдарын өсіруді де жақсы меңгеруде.
– Ауылдан «Туған жерге мың алғыс!» деген атаумен қайырымдылық қорын ашыпсыздар. Қорды ашуға не түрткі болды?
Қорымыздың ашылғанына биыл екінші жыл. Әрине, мұның өзіндік себебі бар. Қасиетті Рамазан айында мал басын құрбандыққа шалған азаматтар етін таратайын десе, кімге берерін білмейді. Жағдайы жоқ-ау деп біреуге апарып берсе, олар намыстанып, дау шығарыпты. Содан мешітке келіп ақсақалдармен, ауылдық округ әкімімен ақылдаса келіп, округіміздің орталығындағы әкімшілік ғимаратына осындай «Туған жерге мың алғыс!» деген қор ашылғанын жазып қойдық. Расымен де, көмекке мұқтаж жандар бар екен. Қорға жиналған қаржылай болса да, азық-түлік, киім-кешек болса да әйтеуір керегін алып жатады. Сондай мұқтаж жандардың бүгінде тізімін жасап, қорға не түссе, бөліп беріп отырамыз. Жалпы, округіміз бойынша 21 мұқтаж отбасы бар екен. Ал біздің Алмалыда 2 отбасының жағдайы қиын еді, жақында біреуі жұмысқа орналасып, түзелді. Енді қалған біреуін аяққа тұрғызсақ, біздің азаматтық парызымыз орындалады деп ойлаймын.
Елеусін ақсақал әлі де тың, ауылының ынтымағы мен көркеюі үшін әлі талай істерді қолға алсам деген жоспарлары да жоқ емес. Ең бастысы, ақсақал деген мәртебелі атқа дақ түсірмесем дейді. Ендігі жерде Алмалы ауылының тыныс-тіршілігі өзге де ауылдарға үлгі болып, игі бастаманың жалғасына куә боламыз деп сенейік.
Эльмира ӨСЕРБЕКОВА
Түркістан облысы,
Жетісай ауданы