Ендігі жерде ат арқасына жармасқан шенеуніктер өздерінің лауазымды қызметтері үшін берілген мемлекеттің көлігін жеке шаруалары бағытында пайдалана алмайтын болады. Мұның қаншалықты дәрежеде жүзеге асып, үнемшілдікке қол жететінін кім білсін, бірақ осындай тыйымның салынғалы тұрғаны анық көрінеді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Шенеуніктерді бақылау мен қадағалау мұнымен де шектеліп қоя салмайтын сияқты. Олардың қайда барып, қайда тұрғандары осы көліктеріне орнатылатын сигнал қондырғы арқылы анықталып тұрады. Ал анықтау жүйесі ғарыштан қарау арқылы жүргізіледі. Яғни, олар мінген көліктердің қайда барып, қайда аялдағанын білу үшін автомашиналарға GPS-навигаторлар орнатылмақшы.
Бұған үлкенді-кішілі басшылардың өздеріне қызметтік мақсатта берілген көліктерін көпе-көрнеу, жұрттың көз алдында оңды-солды пайдаланулары әсер еткен сияқты. Осыған орай, тақырыпты қаузай түскен «Нұр.kz» порталының тілшісі: «Атқамінерлер қызметтік көлікпен ұл-қыздарын мектеп пен балабақшаға, әйелдерін базарға тасуды әдетке айналдырған. Тіпті мақтанғандық па, әйтеуір тойға да сол үкіметтің машинасымен барады. Барын паш еткенді жаны сүйетін дөкейлерді енді тәубесіне түсіретін күн алыс емес», – деп одан ары нығарлап қояды.
«Таңертең балабақшалардың, мектептердің маңайында, кешке тойханалардың төңірегінде қызметтік нөмірлері бар мемлекеттік көлік тұрса, ол мемлекеттік қызметшінің әдептілік нормаларына сай емес. Осыны олардың санасына сіңіруіміз керек», – дегенді айтады Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Байменов.
Мұның бәрі: «Бұдан былай шылбырыңды шақтап ұста, шенеунік», деген қағиданың келе бастағанын көрсетсе керек.
Руслан ИГІЛІК.