Биыл Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының Жетісудан Сырға қоныс аударғанына 60 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында руханият ордасына айналған шаңырақтан ұлттық театр өнерінде қолтаңбасы қалған талай қабырғалы қайраткерлер түлеп ұшты.
1940 жылдары Талдықорған өңірінде Қаратал, Еңбекші және Ақсу колхоз-совхоз театрлары жұмыс істеді. 1955 жылы Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде осы өнер ошақтары бірігіп, Талдықорған облыстық драма театры құрылады. Қаулыға сәйкес құрылған мемлекеттік комиссия бұрынғы колхоз-совхоз театрларының киім-кешегі, декорациясы, бутафория, реквизиттері облыстық деңгейдегі өнер ошағына берілуіне барынша көңіл бөлген екен. Жиырма шақты әртістің басын қосқан жаңа театр директорлығына музыкант Кәміл Нұрымов, бас режиссері болып Жақып Әбілтаев тағайындалады. Осы уақытқа дейін аудан көлемінде ғана өнер көрсетіп келген театр ұжымының алғашқы қойылымы «Ақан Сері –Ақтоқты» болады.
Бірақ КОКП ОК бірінші хатшысы Никита Хрущевтің нәтижесіз реформасы салдарынан 1960 жылы Талдықорған облысы тарайды да шығармашылық ұжым Қызылорда обкомының өтініші бойынша Сыр өңіріне қоныс аударатын болады. Бес жыл ішінде 22 қойылым сахналап, тәжірибе жинаған театр 1960 жылы 16 наурыз күні Қызылордаға көшіп келді. Обалы не керек, Сыр жұрты өнер ұжымын жақсы қарсы алыпты. Келе сала әртістерге баспана беріліп, театр жаңадан бой көтерген мәдениет үйіне орналасты.
Жаңа ұжымның басшысы Сағымбек Рақышев пен бас режиссер Жақып Әбілтаев Жетісудан Жібек Бағысова, Шолпан Бәкірова, Айнатай Жанаспаева, Ырыстай Адамжанова, Нағима Сүйіндікова, Халық Сауырықов, Тұрысжан Айнақұлов, Әбдіқұмар Кәнетов, Серік Шотықов, Ұлпатай Баяділова, Қыдырма, Кәшифа Көпбаевтарды бастай келді.
Сөз реті келгенде айта кетейік, Талдықорғанның Үштөбесінде құрылған тағы бір өнер ұжымы – кәріс театры да 1959 жылы Қызылордаға көшіп келген еді. Сол жылы Сыр жеріндегі алғашқы қойылымын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасымен ашқан кәріс театры ұжымындағы Са Ен, Ким Ден секілді белгілі өнерпаздар қазақ әріптестерімен етене араласып, тәжірибе алмасып тұрыпты. Бұл театр 1966 жылы республикалық мәртебеге ие болып, Алматыға қоныс аударады.
Сырға қоныс тепкен өнер ұжымы небәрі үш ай ішінде «Абай» трагедиясын сахнаға шығарды. Облыстық партия комитетінің ұйғарымымен қойлымды сахналауға көмек көрсету үшін Алматыдан әйгілі театр режиссері Асқар Тоқпанов шақыртылады. Көнекөз көрермендер 3 күн қатарынан қойылған премьерада халықтың залға сыймай, спектакльді тікесінен-тік тұрып көргенін еске алады.
Осыдан кейін «Қаракөз» спектакліне режиссер болып Алматыдан арнайы шақырылған Мен Дон Ук жаңа есім – Жібек Бағысованы ашты. Көркемдік тұтастығынан селкеу сезілмеген қойылымда Қаракөзді сомдаған Бағысова үшін өнерге даңғыл жол басталып еді. «Қаракөзде» бірі – Асан, бірі – Дулат болып ойнаған Тұрысжан Айнақұлов пен Серік Шотықов Сырдағы театрдың алысқа самғайтын қуатын танытқан болатын. Алғашқы қадамы сәтті басталған өнер ұжымының табысты жолы бүгінге дейін жалғасып келеді.
Аға буынның жолын әр жылдары көптеген талантты толқын жалғады. 1967 жылы Нартай Бекежанов есімін иеленген өнер ұжымы талай биіктерге қол жеткізді. Қазір Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанова, мәдениет қайраткерлері Бектеміс Ботбаев, Зәлипа Төлепова, Алмагүл Артықбаева, мәдениет саласының үздіктері Айгүл Байдалиева мен Бақытбек Темірбеков, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Қарлығаш Айтжанова, Ұғым Баймаханов, Зәуре Көздібаева, Сырым Әбдіразақов, Арай Көшімбаев секілді өнер иелері театрдың өркендеуі жолында аянбай тер төгіп жүр. Осыдан 6 жыл бұрын театрдан жастар труппасы құрылып, қазір қойылымдардан кейінгі толқынның тегеуріні анық байқалады.
Соңғы жылдар бедерінде өнер ұжымы шетел сахналарына шыға бастады. Сыр жерінде тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық фестиваль аясында ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен 2012 жылы Түркияның Кония қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне Торғай Нардың «Төбекөз» спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.
– Ел ішіндегі өткен фестивальдардағы табысымыз бір төбе. 2014 жылы осы Қызылорда қаласында Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII республикалық фестиваліне «Қаракөз» трагедиясымен қатысып, екі номинация иелендік. Осы жылы театр Астана қаласында өткен халықаралық тілдер фестивалі аясында Лондоннан, Санк-Петербургтен келген өнер ұжымдарымен қатар Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» пьесасын сахналады. Шетелдік қонақтар біздің спектакльді жоғары бағалап, театры ұжымы фестиваль жеңімпазы ретінде 2015 жылдың сәуір айында Лондонда қазақ тілінде спектакль қойды. Британ корольдік музыкалық театры сахнасындағы бұл спектакль талғампаз ағылшын жұртының көңілінен шығып, олар театр артистеріне айрықша ілтипат білдірді, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темір.
Қазақстан мен Әзербайжанның дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына орай 2017 жылы бауырлас мемлекеттің Баку және Шеки қаласының көрермендеріне Мирза Фатали Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің…» комедиясын ұсынды.
Шотландия елі Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» драмасымен қатысып, спектакль режиссері Хұсейін Әмір-Темір, артистер Зәлипа Төлепова, Қанат Архабаевтар Еуропаның «Алтын кітабына» енді. Былтырғы жыл соңында театр академиялық мәртебе иеленді. Бастауын жер жәннаты Жетісудан алып, отауын ежелгі ұзандар үні тербеген Сырға тіккен театрдың бүгінде өрісі кеңейді. Талай биікті бағындырды.
Ең бастысы – өнер ошағының оты маздап жанып тұр.
ҚЫЗЫЛОРДА