2013 жылы қаңтарда құбыржол арматурасын және мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын өндіретін Қазақстанның ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі - «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ іске қосылды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыт өнімдері мұнай-газ өнеркәсібі, магистральдық мұнай және газ құбыр желісі кәсіпорындары, айдау стансаларының технологиялық кестелері мен резервуарлық парктер, энергетикалық кешендер, сумен қамтамасыз ету сияқты кәсіпорындарда қолданылады.
Кәсіпорын сынамалы ысырма, шибер ысырмасы, шарлы крандар, кері қақпақшалар, дискті ысырмалар, ысырма тіреуіштерінің жабдықтары, фонтандық, айдағыш, қарнақсорғыш арматуралар өндіреді. Жобалық қуаты жылына 10 мың дананы құрайды. Шығарылатын өнім сапасы СТ-KZ тауар сертификатымен расталған. Қазақстандық мазмұн үлесі - 85%.
Өнеркәсіпте заманауи материалдар мен технологиялар қолданылады. Зауыт озық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорында сапаны бақылау қызметі жүмыс істейді. Соның арқасында шығарылатын өнімнің барлығына 20 айға кепілдік беріледі. Өнім сапасын бақылау жүйесі түсетін материалдарды және жасақтау бұйымдарын кірер кезде міндетті түрде бақылауды қарастырады. Сапа қызметі материалдар мен пісірілген қосылысты бақылаудың қиратушы және қиратпайтын әдістерін қолданады. Шығарылатын металқұрамаларының пісірілген қосылыстарын бақылау кезінде ультрадыбыстық, каппилярлық және магнитті үнтақты дефектоскопия қолданылады. Пісірілген қосылыстарды бақылау өнімге техникалық шарттармен анықталған көлемде іске асырылады.
Бүгінгі таңда «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ - серпінді дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Мақсаты - Қазақстан нарығына бағдарланған құбыр желісі арматуралары мен саға жабдықтары импортын алмастыру және оны сапалы өніммен қамтамасыз ету.
«Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ күн өткен сайын отандық машина жасау нарығында жаңа белестерді бағындыруда.