Елорда тұрғындары санитарлық нормаларды сақтамаса, қоғамдық көлік қызметі қайта тоқтауы мүмкін. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Қоғамдық көлік 12 мамырдан бастап қатынай бастады. Әзірге желіде - қалалық бағыттар ғана. Автобус жүргізушілері қауіпсіздік шараларын сақтайды, яғни маска тағады, қолғап киеді және антисептик қолданады. COVID-19 жұқтыру қаупі әлі сейілмегендіктен, жолаушыларды қоғамдық көлікте бетперде тағып жүруге шақырған едік. Өкінішке қарай, барлығы ережені бір адамдай сақтай бермейді. 27 наурыздан 16 сәуірге дейін №1 автопарктің бір қызметкері ауырған адаммен байланыста болғандықтан, карантинге жабылған. Егер де жағдай тағы қайталанса, қоғамдық көлік түгелімен тоқтауы мүмкін. Сол себепті елорда тұрғындарын өзінің және айналасындағы адамдардың денсаулығына бей-жай қарамай, санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз» деді Оксана Лоскутова.