• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Коронавирус 19 Мамыр, 2020

Қан құю арқылы ауруды жеңбек

640 рет
көрсетілді

Коронавирустан сауыққандар қан тапсыра бастады. Нұр-Сұлтан қаласын­да­ғы екі емделуші алғашқылардың қатарында қан орталығына барды.

Мамандардың айтуынша, коронавирусты жеңіп шыққан адамдардың қанында оған қарсы тұратын антидене пайда болады. Бұл қандағы плазмадан алынады. Оны жаңадан ауру жұқтырған пациентке құю арқылы, дертінен айық­ты­руға мүмкіндік бар. Бұған дейін де әлемде жұқпалы ауруларды емдеуде осы плазма құю ең тиімді тәсіл ретінде қол­данылып келген. Бұл тәжірибені бү­гін­де батыс елдері, Қытай мен Ресей де ко­ронавируспен күресте кәдеге жарата бас­таған-ды. Аталған әдісті қолдану үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Транс­фузиология ғылыми-өндірістік орта­лығы COVID-19-дан жазылып шық­қан адамдардың қанынан плазма даяр­лауды бастады. Өткен аптада Нұр-Сұл­тан қаласындағы коронавирусқа шал­дығып, жазылып шыққан екі паци­ен­т Қан орталығына барып қан тапсыр­ды.

Трансфузиология ғылыми-өнді­ріс­тік орталығының директоры Сәния Әбді­рахманованың айтуынша, қан қатты ауырған кісілерден алынуда. Өйткені осыған дейін қан тапсырған емделушілерде ауру жеңіл өткендіктен олардың плазмасынан вирусқа қарсы антидене табылмаған көрінеді. «Бүгін қан тапсырған кісілер наурыздың басы мен орта шенінде ауыра бастады. Жағ­дай­лары нашар болған еді. Ауру­ха­надан сәуірдің ортасында ғана жазылып шықты. Осыдан соң олар 21 күн үй карантинінде болды. Яғни дерттен то­лық айығу үшін бір жарым айдай уақыт қажет», дейді ол.

Қан тапсыруға келген екі пациент те вирус жұқтырған соң қатты қи­налған. Бірі медицина саласының қыз­мет­кері. Плазманың науқасқа қанша­лықты көмегі тиетінін жақсы бі­ле­ді. Сон­дық­тан да аурудан жазыла салыс­ымен донор болуға бел буған.

Орталық мамандарының айтуынша, қан тапсырғандарға 7 айлық есептік көр­сеткіш (19 мың теңге шамасында) сыйақы да беріледі.