Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын іске асырудағы жобалық тәсіл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес толық көлемде азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынастың жаңа мүмкіндіктерін ашты.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы іске қосылғаннан бері елорда тұрғындарына қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарды. Жоба мемлекеттік мекемелердің жұмысындағы әкімшілік кедергілердің жойылуына мүмкіндік берді. Елімізде алғаш рет «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында енгізілген фронт-кеңселер елорданың аудан әкімдіктерінде мемлекеттік қызметті алу процестерін жеңілдетті.
Жоба аясында ашылған IQALA қалалық қызмет көрсету орталығы – 129 түрлі мемлекеттік қызмет көрсететін қала тұрғындары мен билік арасындағы қарым қатынастың жаңа форматына айналды.
IQALA орталығы карантин кезінде жедел жұмыстар атқарып, Нұр-Сұлтан қаласына жүк тасымалдайтын жүргізушілер үшін «Жасыл дәліз» электрондық қызметін әзірледі. Осылайша post.iqala.kz сайтына өтініш беру арқылы блок бекеттерден кедергісіз өтуіне мүмкіндік берді және ол өтініштер дереу «Сергек: блок-бекет» қосымшасына келіп түсті.
Жүк көлігінің жүргізушісіне бар болғаны: сайтқа кіру, қалаға кіру/шығу туралы деректерді, көліктің нөмірін, ЖСН, тасымалданатын жүктердің атауын, олардың санын, сондай-ақ жүру бағытын көрсете отырып өтінімді толтыру қажет. Өтінішті беру ЭЦҚ және өзге де қосымша құжаттарды талап етпейді.
Бұл жаңашылдық пандемия кезінде адамдар арасындағы байланыстың алдын алып, тексеріске кететін уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді.
2018 жылы жоба шеңберінде мемлекеттік органдар мен әкімдіктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында артық алаңдар мен функцияларды оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 450 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елімізде алғашқы болып «Бюджетке қатысу» жобасын іске қостық. Бюджетке қатысу жобасының ерекшелігі – азаматтар өз ұсыныстары арқылы қаланы көркейтуге және дамытуға белсене атсалысады. Яғни әрбір бастамаға, жөндеу жұмыстарына қала тұрғындарының да жауапкершілігі арта түсті. Өткен жылы «Сарыарқа» ауданы әкімдігінде ауланы абаттандыру бойынша 100 млн теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылса, биылғы жылы 583 млн теңге бөлінді.
«Адалдық алаңы» жобасының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік мекемелер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Өткен жылдан бастап жоба кеңсесі Facebook және Instagram әлеуметтік желілері арқылы елордалық мемлекеттік органдар басшыларымен тікелей байланыс өткізді. Бұл әдіс төтенше жағдай кезінде тиімділігін көрсетті. Мемлекет басшысының карантин кезеңінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шараларды күшейту туралы тапсырмасы бойынша Antikor ortalygy алаңында «Астана – Адалдық алаңы» жобасының жетекшісі, қала әкімінің кеңесшісі Мирас Шекенов республикада алғашқылардың бірі болып денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, полиция және автомобиль жолдары салаларының басшыларымен онлайн байланыс өткізді. Айта кету керек, білім басқармасының басшыларымен қашықтан оқытуды енгізу, оқушыларды ҰБТ-ға дайындау, азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары, карантин кезеңінде тұрмыстық қақтығыстарды шешу бойынша полиция департаменті басшыларымен өткізілген тікелей эфирде желі қолданушылары оң бағасын берді. Адалдық алаңы жобасы аясында жоба жетекшісі 23 онлайн байланыс өткізді. Сонымен қатар жоба менеджерлері «Adal komek» акциясына тұрақты түрде қатысып келеді.
Ағымдағы жылдан бастап білім беру мекемелеріне мониторинг жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде, бірқатар мектептің қаржы-шаруашылық қызметін жүргізуде жүйелі кемшіліктер анықталды. Оған оқу орнының шатыры 3 жылдан бері жөндеуден өтіп келе жатқаны немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражатты тиісті емес жұмысқа жұмсау секілді кемшіліктер айқын мысал бола алады. Қазіргі уақытта оқу орындарының қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты барлық мәселелер оң шешілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жұмыстан босатуға дейін жазаланды.
Елорда білім беру мекемелерінде, сондай-ақ мемлекеттік органдарда адалдық дүкендерін ашу жөніндегі агенттіктің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдады. Бүгінгі күні қаланың барлық мектептері мен колледждерінде кітапханалар мен адалдық дүкендері ашылды, «Адал ұрпақ» клубтары мен «Саналы ұрпақ» жобасы белсенді жұмыс істеуде. Парасаттылық сағаттары білім беру мекемелерінің тәрбие жоспарына енгізілді. Сондай-ақ қашықтан оқыту кезеңінде өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында алғаш рет «Адал кітапхана» іске қосылды. Онда осы мекеменің тәрбиеленушілері кітапхананы еркін пайдалана алады, журналға тіркеліп, кітапты қолданғаннан кейін кері қайтарады, ал кітапхана бес күндік жұмыс аптасынан «демалыссыз» режімге ауыстырылды.
Жаңа оқу жылында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» еріктілер клубтарының жұмысы және integrityshop жұмысы әрі қарай жалғасады.
Сондай-ақ келесi жобаларды іске асыру жоспарлануда:
– «Сенім бюросы» жобасы (әр мектепте жол жүруге, сөмкелерге, телефондарға, ақшаларға және т. б. арналған жәшіктер құрылады);
– «Бірыңғай іс-қимыл күні» жобасы, тоқсан сайын «Мектеп – әлеуметтік белсенділік аумағы» акциялары, «Менің азаматтық ұстанымым» роликтері, «Ересектерге сұрақ қой» брифингтері жүзеге асады;
– «Адалдық шеберхана» жобасы (әр мектепте шеберхана бұрыштары ұйымдастырылып, онда балалар бос уақытында қолөнермен айналыса алады, жұмыстар кейін «Адалдық дүкендерінде» сатылады.
Төтенше жағдай кезінде жоба менеджерлері Арнайы мониторингтік топпен бірлесіп қала базарларында азық-түлік бағасының жоғарылауын бақылау жасау үшін мониторинг жүргізді, блок – бекеттерінің жұмысы тексерілді, қаланың кіреберістері мен көшелерін дезинфекциялауды жүргізетін ұйымдардың қызметі зерделенді, тиісті ұсыныстар әзірленді. Барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарияланып келеді.
Аталған жұмыстар бұқараның жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруына оң ықпалын тигізуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жалғасатын болады. Біз азаматтардың тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс-тілектерді барынша назарға алып, шешу жолдарын қарастырамыз. Алайда өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету – әрқайсымызға жүктелген міндет.
Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары