Петропавл нан-тоқаш комбинаты бірнеше күннен бері өз өнімдерін жұртшылыққа қолжетімді бағаға ұсынып келеді. ЖШС басшылығы 600 грамдық бірінші сұрыпты нанды 5 теңгеге дейін арзандата білді. Өзге нан-тоқаш өнімдерінің бағасы да кеміді.
Облыста өндірілетін нан өнімдерінің 80 пайызға жуығы осы комбинаттың үлесінде. Күніне 30 тоннаға жуық нан-тоқаш және 3 тоннадан астам кондитер өнімдері сауда орындарына жөнелтіледі. Облыстан шеткері жерлерден де сұраныс аз емес. “НАН-плюс” арнайы фирмалық дүкендер ашылғалы өнімнің сапасы артып, қызмет көрсету мәдениеті жетіле түсті. Бүгінде серіктестікте 600-дей адам еңбек етеді. Олардың бәрі тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын ұн тартумен де айналысып, табыс табудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.