• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Мамыр, 2020

Жастардан жасақталған «үкімет» халыққа қалтқысыз қызмет етеді

302 рет
көрсетілді

Халықтың төзімі мен сабырын сынаған күндерде бірлігін де, тірлігін де көрсетіп, бір үйдің баласындай жұмыс істеп жатқан ұйымдар бар. Халыққа ынтымақпен қызмет көрсетіп жатқан мекеменің бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы ұжымы болды.

Бір ерекшелігі, аталған ұжым­да  қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, дүнген, неміс, корей ұлттарынан шыққан жастар жұмылып, тату-тәтті еңбек етіп жатыр. «Береке бастауы – бірлік, ұжымдағы тату тірлік» қағидасын ұстанған филиал мамандары, қазіргі қиын кезеңде де бір-біріне қолдау біл­діріп, қиындықты бірлесе ең­серуге күш салуда. Карантин ке­зінде қашықтан, бір-бірінен оқ­шау жұмыс істегенімен, ті­легі мен ниеті бір екендігін бейне­тас­паға жазып жеткізіп жатады.

Мәселен, Әуезов аудандық фронт-офисінің маманы, І топ­тағы мүгедек Лариса Козина: «Мен де Отанымның бір бөлшегі ретінде өз орнымды тауып,еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Қолдау көрсетіп отырған ұжы­мыма алғыс білдіремін» десе, Жетісу фронт-офисінде еңбек ететін түрік ұлтының өкілі Бешли оғлы Тюркан Мамедқызы да еліне, ұжымына деген алғыс сезімін былай жеткізеді.

«Ең бастысы, елімізде сый­ластық бар. Сонымен бірге қандай бастама, ізгі іс болмасын адамның ұлтына қарамастан қолдап, нәсіліне қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланады. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақ­талуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысып жат­қанымызға қуанамын. Бұл орай­да өзім еңбек ететін ұжы­мымды ерекше мақтан тұта­тыным­ды, барлық жағдайда бірге екен­ді­гімізді жеткізгім келеді», дейді.

Жетісу аудандық фронт-офисінде қызмет ететін Марина Рахымбаева түрлі ұлт өкіл­дері бірігіп, жұмыла жұмыс істеп жатқан ұжымы ту­ралы айтып берді. «Біз бір елде өмір сүріп, бір жердің суын ішіп, ауасын бірге жұтып жүр­ген­дік­тен – тағдырымыз бір бауыр­лармыз. Қазіргідей ауыр кезең біз­дердің бір-бірімізге деген дос­тық сезімімізді одан әрі жа­қындастыра түсуде. Мен ұжым­дас­тарыма «Біз бәріміз біргеміз!» дей отырып, жүрекжарды лебізін жеткізгім келеді», дейді.

Бостандық ауданындағы фронт-офисте көп жылдан бері еңбек ететін украин қызы Ирина Кухарская да халыққа қызмет ететін кездің келгенін айтады.  «Қазіргі уақытта Қазақстан бүкіл әлем сияқты күрделі кезеңді бас­тан кешуде. Бірлігі жарасқан көп­ұлтты Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсереміз! Өйт­ке­ні – біз біргеміз!», дейді жас қыз­меткер.

– Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл халқымыз, бұл қиындықты да еңсерері сөзсіз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жастары ел басына  күн туған сын сағаттарда бірлігін де, тірлігін де көрсетіп отыр, – дейді Алматы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

 

АЛМАТЫ