Қарқаралы қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне келушілердің көзайымына айналған жәдігердің бірі – қас шебердің қолынан шыққан ертоқым.
Заманында қымбат дүниенің бірінен саналған бұл бұйымның тарихы тереңде. Ертоқымды 1916 жылы он алты жасында ұзатылып бара жатқан қызы Бибісараға арнап әкесі Бегәлі соқтырыпты. Бегәлінің өз әкесі Жұманбай деген кісі Шерубай-Нұра өзенінің бойын жайлаған бай болған. Заманында екі мыңға тарта жылқы айдаған екен.
Ал ертоқымды Бегәлі бай Нұрқабден Дүйсенқұлов деген шеберге бірнеше қылқұйрықтың құнына жасатқан екен.
Ауыл қарияларының айтуы бойынша, Бибісара ару өзіне атастырған байдың баласын таз деп менсінбеген соң, сөз байласып жүрген жігіті Іргебай Жолдин келіп алып қашып кетіпті. Кейін екеуі тұрмыс құрып, үйлі-баранды болған екен.
Аршадан тұтас шабылған ертоқым киізбен қапталып, күміспен апталып, көздің жауын аларлықтай сұлулықта жасалған. Кезінде қымбат асыл тастармен көмкерілген екен, кейін онысы қолды болыпты.
«Күміс ерді мұражайға 1976 жылы Бибісара Бегәліқызының Мәкен есімді қызынан туған Самат Ахметбекұлы деген азамат тапсырған», дейді Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Назым Әбішева.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы