Қарағандыда басталған марафон Мәскеуде аяқталады
Алыс қашықтықтарға жүгіруді машық еткен жандар ішінен іріктеліп алынған 17 қарағандылық сапар кестесі бойынша бүгінде Атбасар-Есіл аралығында жортып бара жатуға тиіс. Одан әрі Аманқарағайдан Қостанайға асып, Челябіні басып, Уфаны көктеп, Қазанға соғып, Төменгі Новгородтан өтіп, 17 сәуірде Мәскеудің Манеж алаңындағы Г.К.Жуков ескерткіші түбінде мәре түйістіру үшін асығыс желіп барады. Жеңістің 65 жылдығына арналған бұл халықаралық марафонды “Нұр Отан” ХДП мен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалдарының қолдауымен “Спартак” спорт қауымдастығы, “Фекденикс-Спартак” жүгіріс сүйермендерінің клубы, Николай Старостин атындағы спорт қоғамы ұйымдастырып отыр. Сәуірдің 1-інде Қарағандыдағы Н.Әбдіров ескерткіші алдында қала жұртшылығы өкілдері шығарып салған желаяқтар бүгін алтыншы күн жорық үстінде. Олар 3070 шақырымды 17 күнде еңсеріп өтпек.
Марафоншылар командирі Олег Селезневтің айтуынша жүгіріс жылдамдығы сағатына 11-12 шақырымға есептелген. Команда мүшелері ауысып отыра тәулігіне 200 шақырымды алуды көздейді. Сөйтіп, сәтін салса, межелі жерге белгіленген мерзімде жетулеріне сенеді.
74 жастағы танымал марафоншы Павел Сиротиннен бастап бәрі алыс қашықтықтарға жүгіруге әбден ысылғандар. Солардың бірі Зейнолла Сейітов зағиптығына қарамастан, ешқайсысынан олқысоқпайды. Жеңіл атлетика бойынша спорт шебері ол қатарынан үш рет параолимпиялық ойындарға қатысушы. 34 жылдан бері осынау сүйікті машығын өміріне серік етіп келеді.
Мыңдаған шақырымға шыдамды желаяқтар арасында әйелдер де бар. Бейбітгүл Асылбекова мұның алдында Қарағанды-Қарқаралы, Теміртау-Қарағанды, Астана-Қарағанды бағытындағы марафондарға қатысқан болса, енді сонау Мәскеуге дейін жүгіріп баруға бел бууы спорттық жолындағы алғашқы таудай талпыныс. 50 жасында ниеттестері қатарына қосылған Галина Павленкоға да бұл бірінші биік мақсат.
Желаяқтар ортасындағы ең жасы Қуанбек Насрал. Қытайда дүниеге келген жігіт жеңіл атлетикамен 11 жасынан шұғылданады. Оқушылар арасында Бүкілқытайлық ойындардың жеңімпазы болған. Ата-баба жеріне оралғанда да жүгіруден қол үзбеген бауырымыз 10 шақырымдық марафоннан еліміз чемпионы. Бүгінде Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті. Оның арманы 3 мың шақырымды көмкерген үлкен марафоншы атану.
Ал бұрынғы шахтер, халықаралық 35 классикалық марафонға қатысушы Төлеутай Смайылов бұл жолғы жүгірісін екінші жаһандық соғыста ерліктерімен көзге түскен немере ағасы Егінбай Смайыловтың құрметіне арнайды.
Қарағандылық желаяқтар марафон аяқталған соң мәскеуліктермен кездесулер өткізіп, жергілікті соғыс ардагерлері жайлы жазылған кітаппен таныстырады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ.