Бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мектептердегі оқу жылының аяқталуы мен аттестаттарды тапсыру рәсімін өткізу форматы туралы онлайн брифинг өтті.
Брифингте Алматы қаласы білім басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева Мемлекет басшысының заманауи қашықтық технологияларын үдемелі енгізу қажеттігін, білім беретін бағдарламалардың мазмұнын қайта қарау қажеттігін атап өтіп, білім беру жүйесін одан ары жетілдіру бойынша бірқатар маңызды тапсырма бергенін алға тарта отырып, бірқатар мәлімет пен шешімді жария етті.
– Енгізілген карантин режимі барлық білім беру мекемелерінің жұмысына айтарлықтай толықтырулар (өзгерістер) енгізді, алайда біз үшін өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үнемі басты назарда.
25 мамыр күні 2019-2020 оқу жылы ресми түрде аяқталады және сол себепті сіздерді Алматы қаласының білім беру жүйесінде қазіргі жағдайдағы маңызды мәселелерді шешуде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар еткім келеді, – Ләззат Жылқыбаева.
Қалалық білім басқармасы басшысы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 6 сәуірден қазірге дейін 276 мыңнан астам оқушы мен 66 мыңнан астам колледж студенті үшін жаңа қашықтан оқыту форматында оқу ұйымдастырылғанын жеткізді.
Жергілікті бюджеттен қаржыландыру мен демеушілердің арқасында қаланың барлық оқушылары мен 18 мың мұғалім компьютерлермен және интернет желісімен дер кезінде қамтамасыз етілген.
Жағдайда күнделікті бақылау жүргізу үшін оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерге кеңес беру үшін 30-дан астам call-орталықтар ашылды. Қашықтан оқыту басталғаннан бері call-орталықтарға 2,5 мыңнан астам адам жүгінген.
Нәтижесінде қашықтан оқыту форматында оқу процесі ойдағыдай жүйеге келтіріліп, бүгінде ағымдағы жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.