Қазіргі уақытта қаладағы мектепке дейінгі барлық 893 ұйымның жұмысы тоқтатылған. Сонымен бірге, қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарай, балабақшалар жұмысын кезең кезеңімен іске қосу қарастырылып жатыр.
Мектептер мен балабақшалардан бөлек бүгінде қосымша білім беру нысандарының құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қаласы білім Басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева баяндады.
Қалада 9 мемлекеттік музыкалық мектеп пен 8 оқушылар үйі бар. Олар барлығы 22 мың бала қамтиды. Ол жалпы оқушылардың 8 пайызын құрайды.
Соның ішінде қала шетіндегі аудандар қосымша білім беруде әлдеқайда кенже қалып тұр. Алатау ауданында барлығы 1 ғана мектептен тыс ұйым болса, Наурызбай ауданында олар мүлде жоқ.
Осыған байланысты 2020 жылы Алатау және Наурызбай аудандарында 2 көпсалалы Оқушылар сарайының құрылысы басталмақ. Нысандар 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен бірге, Оқушылар сарайын модернизациялау жобасының концепциясы жасалды.
Биыл сондай-ақ Бостандық ауданында №5 балалар музыкалық мектебінің жаңа оқу корпусы аяқталады.
Жалпы білім жүйесіндегі ағымдағы маңызды міндеттерді кезең-кезеңімен шешуде жұмыстар жалғасып жатыр, жүргізіліп жатқан жұмыстар үнемі бақылауда.
АЛМАТЫ