• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Мамыр, 2020

Дзюдошы қыздардың қарқыны неге баяу?

356 рет
көрсетілді

Осыдан шамалы уақыт бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде «Үздік ондықта» атты мақала (11.04.20) жарық көрді. Сол мақалада дзюдодан ерлер арасындағы әлемдік рейтингке көз жүгірте отырып, қай мемлекет өкілдерінің тегеуріні күшті немесе кімдердің қарқыны бәсең екеніне егжей-тегжейлі тоқталған едік. Бүгінгі әңгімеміз күрестің осы түрін серік еткен қыз-келіншектер жайында.

Бірден айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстан қыздар құра­масының жағдайы өте мүшкіл. Оған дәлел – әлемдік рейтингте «ТОП-10» балуан­дар қатарына бір ғана бұрымдымыздың енуі. Ол – Отгонцэцэг Галбадрах. Бі­рақ ол да Қа­зақстанның тумасы емес. 28 жастағы Отгонцэцэг Моң­ғолияның түлегі екенін жан­­­­күйерлер жақсы біледі. Сол елде жүріп, дзю­доның қыр-сырына қанықты. Ұланбатырда жаттығып, біраз биік белестерді бағындырды.

2015 жылы Қазақстанға қо­ныс аударған Галбадрах өзінің мықтылығын бірден мойындатты. Аса жеңіл салмақта белдескен ол елішілік жарыстарда ғана емес, құрлықтық және әлемдік ареналарда дараланды. Атап айтар болсақ, Рио Олимпиадасы, Азия ойындары, Дүниежүзілік универсиада және әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Азия чемпионы және сол жарыстың финалисі деген атақтары тағы бар. Бір сөзбен айсақ, аса ірі ха­лық­аралық додалардың қыз-келіншектер сайысында жүлде алып жүрген жалғыз спортшымыз сол ғана. Бүгінгі таңда 3353 ұпай жиған Отгонцэцэг әлемдік рейтингте 9-орынды иеленуде.

Ал қалған бұрымдыла­ры­мыздың қазіргі қарқынына кө­ңіліміз еш толмайды. Ең өкі­ніш­тісі, «ТОП-50» татами ше­бер­лерінің қатарына санаулы ғана отандасымыздың өзі әзер еніп отыр. Осы жағдай біз­ді қынжылтады. Мәселен, От­гонцэцэг Галбадрахтан кейінгі тәуір көрсеткіштер мына дзю­дошыларға тиесілі: Севара Ны­шанбаев (57 кило) – 36-орын, Зарина Раифова (78 кило) – 44-орын, Анна Казюлина (52 кило) – 45-орын, Ақмарал Науатбек (48 кило) – 50-орын, Иоланта Берді­бекова – (63 кило) – 54-орын, Назгүл Маратова (+78 кило) – 57-орын және Мөлдір На­рынова (70 кило) – 65-орын. Міне, бары осы! Тіптен олардың жиған ұпайларын жария етудің өзі ыңғайсыз. Егер алдағы жарыстарда да жерлес­теріміз нәти­желерін жақсарта алмаса, онда Қазақстанның тек бір ғана балуаны Олимпия ойындарында бақ сынайтыны анық.

Мықтылар жайында әңгіме­лейтін болсақ, қазіргі кезде Жа­по­ния құрамасының қарқыны өте күшті. Күншығыс елінің 14 өкілі «ТОП-10» дзюдошының санатына қосылып отыр. Солардың екеуі – Ута Абэ (52 кило) мен Со­ри Хамада (78 кило) үздіктер ті­зі­­мінде алдарына жан салар емес.

Франция балуандарының да тегеуріні тау қопаратындай. Өз салмақ дәрежелері бойынша Кларисс Агбеньену (63 кило) мен Мари-Ив Гайе (70 кило) әлемдік рейтингте көш бас­тап тұр. 27 жастағы Кларисс Рио Олимпиадасының күміс жүлд­егері, әлем чемпионатында төрт мәрте дара шығып, үш рет күміспен күптелді. 23 жастағы Мари-Ив дүниежүзілік додада бір алтын, екі күміс және бір қоланы қоржынға салды. Жалпы, Францияның сегіз дзюдошысы үздік ондықтың қатарында.

Өзге салмақ дәрежелері бо­йын­ша украина­лық Дарья Би­лодид (48 кило), канадалық Криста Дегучи (57 кило) және кубалық Идалис Ортис (+78 кило) әлемдік рейтингтің жеке-дара көш басында келеді. Әри­не олардың бұл табы­сына еш таңдануға бол­майды. Өйткені есім­дері атал­ғандардың барлығы да біраз жылдан бері асқан ше­берлік танытып, байрақты бәсе­келердің биігінен көрінуде.

Әлемдік рейтингте «ТОП-10» дзюдошының қатарына Жапо­нияның – 14, ал Францияның 8 өкілі енгені жайында жоғарыда айт­тық. Одан бө­лек, осы тізімде Бразилияның – 6, Гер­ма­ния­ның – 5, Косово, Канада, Куба, Испа­ния, Ни­дерландтың – 3, Ресей, Словения, Ұлы­бри­тания­ның – 2, Украина, Моңғолия, Пор­тугалия, Қазақстан, Италия, Израиль, Бельгия, Сол­түстік Ко­рея, Тайпей, Аустрия, Швей­цария, Әзер­байжан, Түркия, Чер­ногория, Беларусь және Тунистің 1 балуаны бар.

Әлемдік рейтингтің үздік­тері

48 кило: 1. Дарья Билодид (Украина), 2. Дистрия Красники (Косово), 3. Фуна Тонаки (Жапо­ния).

52 кило: 1. Ута Абэ (Жапо­ния), 2. Аманди Бушар (Франция), 3. Ай Шишиме (Жапония).

57 кило: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Джессика Климкайт (Ка­нада), 3. Цукаса Йошида (Жапо­ния).

63 кило: 1. Кларисс Аг­беньену (Франция), 2. Тина Трест­­няк (Словения), 3. Мику Та­широ (Жапония).

70 кило: 1. Мари-Ив Гайе (Фран­ция), 2. Чизуру Арай (Жа­по­ния), 3. Санне ван Дейке (Ни­дерланд).

78 кило: 1. Сори Хамада (Жа­пония), 2. Маделина Малонга (Франция), 3. Фанни-Эстель Посвит (Франция).

+78 кило: 1. Идалис Ортис (Куба), 2. Акира Сонэ (Жапония), 3. Сара Асахина (Жапония).