Әуелі аз ғана тарих. Осыдан төрт жыл бұрын, 2006 жылдың 4 наурызында алыстағы Кувейтте Азияның Олимпиялық кеңесінің Бас Ассамблеясы жас Қазақ мемлекеті үшін маңызы зор шешім қабылдады. Ол шешім бойынша 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізу құқығын Қазақстанның иеленуі барша отандастарымызды мерейлендіріп, мақтаныш сезіміне бөлеген еді. Аталмыш ойындарды Астана және Алматы қалаларында ойдағыдай өткізу мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Ұйымдастыру комитеті құрылған болатын. Содан бері үлкен жарысты өткізуге дайындық жұмыстары толассыз жүріп жатыр. Әрбір күн бізді елімізде бұрын-соңды болып көрмеген ғаламат спорт додасы – Азиадаға жақындата түсуде.
Астана және Алматы қалаларында 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтетін осынау VІІ Қысқы Азия ойындарының ауқымы ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Оның жалпы бағдарламасына келер болсақ, спорттың 11 түрі бойынша 70 медальдар жиынтығын сарапқа салу көзделген. Азиада бағдарламасының алматылық бөлігінде жарыстар спорттың 8 түрі бойынша: шаңғымен жүгіру, биатлон, тау шаңғысы, фристайл, шаңғымен тұғырдан секіру, допты хоккей (бенди), шаңғыдағы қысқы спорттық бағдарлау және әйелдер хоккейінен өтетін болып келісілген.
Қазақстанда тұңғыш ту көтерген ақ Азиадаға Азияның 30-ға жуық елі, 1000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Бұлардың қатарында Қытай, Жапония, Корея, КХДР, Моңғолия, Гонконг, Таиланд, Кувейт, Малайзия, Филиппин, БАЭ, Пәкістан, Үндістан, Иран, Ливан, Иордания, Палестина, Непал, Ауғанстан және басқа елдер бар. Сондай-ақ осы Ойындардың аясында 45 Азия елінің спорт қозғалысы басшылары қатысатын Азия Олимпиялық Кеңесінің кезекті Бас Ассамблеясы болмақшы. Алдын-ала есептеулер бойынша Азиада кезінде елімізге 10 мыңға жуық шетелдік қонақтар келмек.
Әлбетте, мұндайлық жоғары деңгейдегі әлемдік жарысты абыройлы өткізу, соның барлық жағдайларына ықтиятты дайындықпен сақадай сай тұру елдігімізге де сын әрі бұл өзімізге де үлкен мектеп болып, шыңдалып өсе түспекпіз, халықаралық жиындардың үлгілі тәжірибесін жинап, осы орайдағы мәдениет өреміз биіктей түспек. Азиаданы неғұрлым жақсы өткізсек, айдай әлемге Қазақ елі солғұрлым жарқырап танылмақ, беделіміз арта бермек. Ендеше, төрімізде төредей қабылдайтын Азиада тек спорттық жарыс қана емес, ол әлемдік қоғамдастыққа кірігудің, елімізді дүйім дүниеге танытудың ізгілікке толы үлкен саясаты. Елбасымыз жалықпай айтатын озық 50 елдің қатарына қосылу, бәсекеге қабілеттілік мәселелері де нақ осы сындарлы саясаттың аясынан табылмақ.
Олай болса, VІІ Қысқы Азия ойындарына дайындықтың жайына Мемлекет басшысының ерекше мән беріп, тікелей бақылауына алуы тегін болмаса керек. Өткен жылдың алғашқы айларында әлемдік қаржы дағдарысына байланысты Азиада өтеді-өтпейді деген алыпқашпа әңгімелерге үзілді-кесілді тоқтау салып, күмән-күдікті біржола сейілткен де Елбасымыздың өзі болатын. Сонда 9 сәуірде Алматы қаласының әкімдігінде өткізген кеңесте Алматыдағы Азиада нысандарының құрылысын аяқтауға қосымша 13 млрд. теңге бөлгізіп, бұл мәселеге нүкте қойған сәті де біздің көз алдымызда. Жаңа жыл қарсаңында Шымбұлақта журналистерге шай беріп отырып оңтүстік астана әкімі Ахметжан Есімовтің: “Сол жолы Азиаданы Алматыда өткізу қажеттігіне Нұрсұлтан Әбішұлының көзін жеткізгенімді мақтаныш етемін!” деп мерейлене сөйлеуі де бұл орайда әбден жарасымды көрінген.
Әлбетте, 2010 жыл – VІІ Қысқы Азия ойындарына әзірліктің аса маңызды негізгі кезеңі. Қаңтар айында Азиадаға қатысты барлық спорт нысандарында кезең-кезеңімен сынамалық жарыстар өткізудің кестесі жасалған-ды. Қазірдің өзінде “Мың бір түн” ертегісіндей ғажайыпқа айналып үлгерген Шымбұлақ тау шаңғысы кешенінде, бұрынғы пошымынан танымастай өзгеріп еңселенген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шаңғымен жүгіруден, биатлоннан, шайбалы хоккейден жұртқа қуаныш сыйлаған жарыстар сәтімен өткізіліп те жатыр. 30 қаңтарда Алматыда “Азиадаға 1 жыл қалды” деген атпен өткен әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар да көпшілік көңілінен шықты.
2011 жылғы Азиада кезінде атой-дүбірге толатын Алматы қаласының спорттық нысандарына тоқталар болсақ, олардағы жаңарту, жөндеу жөніндегі барлық құрылыс жұмыстары өз қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген кестеге сай атқарылып келеді. Қаржы орайында айта қалғандай қиындық туындай қойған жоқ. Өткен жыл бойы бұлардағы жұмыстың жай-күйін Премьер-Министр бақылауында ұстап, бірер рет арнайы келіп көрді. Барлық құрылыс нысандары бойынша Алматы қаласының әкіміне апта сайын есеп беріліп тұрады. Өткен жылдың 16 желтоқсанында жарақтанып-жасанып, заманауи кейіпке енген “Медеу” мұз айдыны халықтың сырғанауы үшін ресми түрде ашылды. Сонымен, Азиада жарыстары тау шаңғысы спорты мен фристайлдан – “Шымбұлақ” тау шаңғысы кешенінде, допты хоккейден – биіктаулы “Медеу” мұз айдынында, тұғырдан шаңғымен секіруден – шаңғы тұғырлары кешенінде, шаңғымен жүгіруден және биатлон мен шаңғы спортындағы бағдарлаудан – Талғар ауданындағы шаңғы және биатлон стадиондары кешенінде, әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден – Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында өтетін болады. Бұлардағы жаңарту-жөндеу жұмыстарының негізінен көбі бітіп, әрлеу, сәндеу сияқты азы қалған. Былтырғыдай “бітпей қалады-ау” деген, қаржыға тірелген дүдәмал әңгіме қазір сап тыйылған.
Азиадаға дайындық ісі спорттық нысандар, спорт мәселелерімен ғана шектелмейді. Ол жан-жақты болып, барлық салаларды қамтып, көптеген жәйттерді қағыс қалдырмай ескеруі тиіс. Айталық, қаланы осынау әлемдік дода рухына сай безендіру орайындағы жұмыстар басталып та кеткен. Әуежайда, Шымбұлақ пен Медеу бағытындағы жол бойында Азиада мәнер-өрнегіндегі айшықты билбордтар орналастырылды. Осы ретте жігерлі де білікті азамат Сұлтанмахмұт Шоқпытов басқаратын 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының Алматы қаласындағы дирекциясы көптеген игі істерге ұйтқы болуда. “Алматы-жарнама” және “Алматықалалықбезендіру” мекемелерімен бірлесе отырып бұл дирекция оңтүстік астананы айрықша талғаммен безендіруге кірісті. Азиада рәміздерінің ақпараттық тұрғыдан насихатталып, көпшілікке кеңінен танылуына жол ашты.
Осы заманда бірде-бір спорттық шара волонтерлерсіз өтпейтініне көз жетіп болғалы қашан. Азия ойындары кезінде Алматы қаласы бойынша жәрдемшілікке 2000 волонтер тарту көзделген. Сол үшін қалалық дирекция негізінде волонтерлер құрамы жиналып жасақталуда. Барлық волонтерлер “Қысқы Азия ойындарының тарихы мен маңызы”, “Қатысушы елдердің тарихы мен мәдениеті”, “Алғашқы дәрігерлік көмек негіздері”, “Жарыстың өтетін орыны мен уақыты”, “Спорт түрлері жайлы әдепкі білім” атты семинарлық курстарда оқытылады. Волонтерлер Алматы қаласында өтетін мәдени-көпшілік жиындарға, сондай-ақ ірі спорттық жарыстарға қызмет етуге тартылатын болады.
Қуанарлық бір жай, “Мәдени Азиада” деп аталатын мәдени-көпшілік шаралар бағдарламасы әзірленді. “Мәдени Азиада” Ойындар басталардан екі ай бұрын Мұз мүсіндер мерекесімен ашылмақ. Жалпы, бұл жоба өте мұқият ойластырылып, негізінен шетелдік қонақтарды Қазақстанның, қазақ ұлтының мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен таныстыруды, Алматыдағы Азия ойындары бағдарламасын оқиғалық тұрғыдан қызғылықты етіп, мазмұнын байыта түсуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар ресми делегациялардың, құрметті меймандардың, жарыстарға қатысушылардың, журналистердің, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын көңілді етіп мәнді-мағыналы тұрғыдан ұйымдастыру назардан тыс қалмаған.
“Мәдени Азиада” аясындағы жобаларға тоқталар болсақ, олар – Қарлы барыс саябағы, “Ұлы Жібек жолы” жәрмеңке-фестивалі, Алматының мәдени арналары мен дәстүрлері, Азиаданың “7 жұлдыз” аллеясы, Ғажайып қала оттары, Азия елдерінің Мәдениет фестивалі деген атаулармен сала-сала болып тарамдала бөлініп кетеді. Мысалы, Азия елдерінің Мәдениет фестивалі сол елдердің мәдениеттерімен таныстыруды көздейді. Бұл үшін Азия фильмдерінің фестивалі, дәстүрлі театр қойылымдары, Азия халықтарының қолданбалы өнер көрмесі, “Азия ас мәзірінің” гастрономиялық фестивалі сияқты санатты бағдарламалар іске асырылмақ.
“Жеті жұлдыз” атты Азиада даңқының аллеясын жасау да Алматыны ажарландырып, қала тарихын айшықтай түсер айтулы оқиға болмақ. Онда VІІ Қысқы Азия ойындарында жеңістің ең биік тұғырына көтерілген барлық чемпиондардың есімдері мәңгілік есте қалдырылып жазылады. Аллея жеңімпаздарға деген құрметті бейнелеп, Алматының спорттық жетістіктерінің нышанына, спорттық ордалы отбасы бірлігі мен достық нышанына айналар уақыт та алыс емес.
Қатысушылардың тіркелуі мен аккредитациясын қамтамасыз етіп, орналастыруды, тасымалдауды һәм тамақтандыруды барынша оңтайландыру үшін логистикалық орталық ұйымдастырылуы да әлемдік талапқа сай демекпіз. Сонымен бірге визалық қолдау, жүктерді жеткізу, техникалық қамтамасыз ету мәселелері де шешімін тауыпты. Негізгі аккредитациялық орталық ретінде Алматы қаласының халықаралық әуежайы таңдалуы да табылған ақыл. Мұның сыртында қосымша аккредитациялық орталықтар да ойластырылған екен. Яғни, спортшылар, бапкерлер, төрешілер, дәрігерлер және басқалар үшін – “Astana Іnternatіonal”, Азия Олимпиялық Кеңесі отбасыларының мүшелері және жоғары лауазымды адамдар үшін – “Іnter Contіnental Almaty The Ankara іn Kasakhstan” қонақ үйлері. Журналистер “Қазақстан” қонақ үйінде тіркеуден өтеді. 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарының Ұйымдастыру комитеті сондай-ақ келу визасының қызметін атқаратын аккредитациялық карточкаларды да жобалап отырған көрінеді.
Азиадаға қатысушылар мен қонақтардың орналасу жайы да мұқият ойластырылып, оларды топтарға бөлу жүйесі қолданылмақ. Жоғарыда аталған қонақ үйлермен қатар “Рахат Палас Отель”, “Golden Hіlls”, “Амбассадор”, “Достық”, “Тянь-Шань”, “Холидей Инн” және басқа мейманханалар есіктерін айқара ашып, атақты Алматы қонақжайлығын танытпақ.
Жалпы айтар болсақ, алдағы Азиада-2011-ді мүлтіксіз өткізу ауқымы мол, жауапкершілігі зор мемлекеттік іс. Үлкен ұйымшылдық, соған қоса мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың қимыл бірлігі қажет етіледі. Сондықтан да болар, елімізде Азия ойындарын өткізуге әзірлік мәселесімен осы мақсатта арнайы құрылған үш бірдей құрылым бел шешіп шұғылдануда. Олар кімдер десеңіз, әуелгісі – Туризм және спорт министрлігі тарапынан құрылған “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындары Ұйымдастыру комитетінің Атқарушы Дирекциясы” АҚ, екіншісі – Астана қаласының әкімдігі құрған “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын және Азия Олимпиялық Кеңесі Олимпиялық алауының эстафетасын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қалалық дирекциясы” мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорны. Ал, игі істері біздің әңгімемізге арқау болып отырған нақ осындай үшінші дирекция Алматы қаласы әкімдігінің құзырында жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында қала әкімі Ахметжан Есімовтің шешімімен Азиаданы әзірлеу және өткізу жөніндегі қалалық комитет құрылып, оған қаланың барлық салалық бөлімшелерінің басшылары, республикалық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың (Туризм және спорт, Мәдениет министрліктері, Ұлттық Олимпиялық Комитет, Құрылыс істері жөніндегі Комитет, ҚР ҰҚК шекара қызметі) өкілдері кірді.
Сайып келгенде, бейбіт өмірдің шат-шадыман көгершініндей осынау спорт мерекесінен тыс қалатын сала жоқ десе де болғандай. Азиада күндерінде Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің тиісті қызметтері түгелдей ат үстінде болмақ. Алматының ішкі істер департаменті ұсынған ұсынықты жоспарға сәйкес полиция тарапынан 5 мың адам қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне тартылмақ.
Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкерлерге жүктелген міндет те жауапты. Спорт нысандары мен Алматы қаласы ауруханаларының қасында тікұшақ алаңдарын орналастыру мәселелері алдын-ала айқындалды. Бұл орайда Қалқаман, №4, Орталық қалалық клиникалық ауруханалар және басқалары – барлығы жеті мекеме сақадай сайланып тұрады. Азиадаға қызмет көрсету үшін 80 медицина қызметкеріне шет тілдері үйретіліп, даярлықтан өткізілуде. Спорт нысандарындағы қауіпсіздікті, электронды билет пен байланысты, бақылауды қамтамасыз ету жүйелері талапқа сай болуы күнілгері қамдалып қарастырылуда.
Қорыта айтқанда, Алматы қаласын алдағы Ойындарға кешенді әзірлеу жөніндегі тапсырмалар орайымен орындалып жатыр. Бүкіл жұмыстың үйлестіру тізгінін осындағы Қысқы Азия ойындарының дирекциясы өз қолында нық ұстағанын байқадық. Наурыздың алғашқы аптасында Шымбұлақта Азиадаға дайындық аясында тау шаңғысы спортынан жасөспірімдер арасындағы 19-шы Азия біріншілігі табысты өтуі де Қазақстан үшін қуанарлық жағдай. Өткен жылғы сәуір айындағы сапары кезінде Елбасы оңтүстік астанада іскерлікпен, дабырасыз атқарылып жатқан нақты жұмыстарға ризашылығын білдіріп, үлкен сенім артқанына біз де куә болып едік. Сол қасиетті сенімге елдікті танытар, ұлттық намысымызға сын әлемдік доданы өткізер шақта да селкеу түспейді деп сенеміз. Иә, Алатау баурайындағы ару қала, алып мегаполис сол ұлы сынға тынымсыз да толассыз дайындық үстінде. Алматы Азиадаға адымдап барады... Иә, сәт!
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Суретті түсірген Әлімжан БАРАНҒҰЛОВ.