• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2013

Мөлдір бастау

556 рет
көрсетілді

Бейбітшілік және келісім сарайында КСРО Халық әртісі, қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда атап өтілді.

Бейбітшілік және келісім сарайында КСРО Халық әртісі, қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда атап өтілді.

Белгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің мынадай бір ауыз сөзі бар: «Табиғатынан туа біткен дарын – халыққа тиесілі, сол ұлтқа өзінің өмірімен, болмысымен борышты немесе дарындылықтың пайда болуы сол халықтың маңдайына біткен бақыты, қасиеттіліктің, кемеңгерліктің үздік үлгісі. Дарындылық ғасырлар бойы халықтың баға жетпес ұлт байлығы мен құндылығы саналуы бекерден-бекер емес». Туғанына бір ғасыр толуын кейінгі ұрпағы ұлықтап, есімін әлемдік деңгейдегі мәдениет қайраткерлерінің қатарында атап өтіп жатқан М.Төлебаев жаратылысына осы байлам қай жағынан алып қарасақ та жараса кететіні даусыз шындық. Аса көрнекті композитордың шығармашылығы ХХ ғасырдағы қазақ ұлттық музыка өнері тарихында өзіндік орны бар, шоқтығы биік мұра десек, халықтық қазына мен қағидадан қанып ішкен талант иесінің тағы да қазақ музыкасының еуропалық нұсқасының кәсіби негізін қалаушы, музыка мәдениетінде заманауи стильді алғаш қалыптастырушы адам ретінде де атқарған ісі ұшан-теңіз болып саналады.

Кешті Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құттықтау сөзбен ашты. «Биылғы жыл қазақ мәдениеті үшін қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың жылы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, Елбасының тапсырмасы бойынша, ең алдымен, осы 100 жылдық мерейтойды әлемдік деңгейде атап өту үшін арнайы тапсырма беріліп, соның негізінде Үкімет қаулысы қабылданды. Атқарылған шаруалардың бәрін санамалап келетін болсақ, биылғы жылдың өзінде тек қана Қазақстанда композитордың 100 жылдық мерейтойына арналған 50-ден астам іс-шара өткен екен. Оның алғашқысы композитордың туған жері Алматы облысынан, Балқаштың жағасында басталып, Талдықорған қаласындағы үлкен халықаралық мерейтойға ұласты. Соның нәтижесінде композитордың туған жерінде ескерткіш орнатылды. Тойдың тағы бір сүбелісі – бүгінгі музыка өнеріне қосқан үлесі ретінде Мұқаңның шығармаларының барлығы үнтаспаға жазылып, осы заманғы сандық тілге көшірілді. Мұқан туралы арнайы монографиялар, көркем шығармалар жарық көрді. М.Төлебаевқа арналған естеліктер жинағы басылды. Әрине, оның өмірі мен шығармашылығы туралы ұзақ-ұзақ әңгімелер айтуға болады. Бірақ олардың барлығы осыған дейін баспасөз беттерінде жазылды, бірнеше телефильмдер түсірілді. Әлі де түсірілетін болады. Біздің ендігі айтарымыз – Мұқан Төлебаевтың өзі дүниеден өтсе де, оның өлмейтін ғұмыры, шығармашылық ғұмыры басталды. Ол ХХІ ғасырға аман жетіп қана қойған жоқ, осы ғасырдың төрінен орын алды. Соның нәтижесінде әлемдік деңгейде салынған «Астана Опера» теа­тры Елбасының тапсырмасы бойынша Мұқан Төлебаевтың ұлы шығармасы «Біржан-Сара» операсымен ашылды. Оған қазақстандық қана емес, әлемдік деңгейдегі ірі өнер шеберлері қатысты», деді М.Құл-Мұхаммед. Залда 19 жасында Мұқан Төлебаевқа қосылып, композитордың ақтық демі біткенге дейін жанында болған аяулы жары Дариға Ғазизқызы қатысып отырды. Саңлақ музыканттың өмірі мен шығармашылығына арналған экрандық туынды арқылы талант иесі бейнесінің сан түрлі қыры ашылса, «Біржан-Сара» операсынан орындалған «Айтыс» сахнасы халықтық інжу-мар­жанды, еліміздің баға жетпес рухани бай­лығын әлемдік сахнада қалыптастырған қайраткердің қазақ мәдениетіне сіңірген үлкен еңбегін айшықтап тұрды. «Астана Опера» мемлекеттік театры оркестрінің сүйемелдеуіндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева мен халықаралық байқаулардың лауреа­ты Нұржан Божекеновтің дуэті ұлттық классиканың көкжиегінде әлі небір жұл­дыздар шоғыры дүниеге келетінін аңғартып өтті. Е.Брусиловскийдің «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» балетінен адажио орындаған халықаралық байқаулардың лауреаты Әйгерім Бекетаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбековтің өнері айшықты кешті айрықша әсерге бөледі. Республикалық байқаулардың лауреаты Әлихан Дүйсенба й орындаған «Мұқан ағаға» арнау, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның «Алтынай» мемлекеттік халық би ансам­блінің «Той-думан», «Алаш орда» билері, «Қобыз сарын» ансамблі жеткізген М.Тө­лебаевтың «Толғауы», халықаралық бай­қау­лардың лауреаты Нарұл Тойкенов әуелеткен М.Төлебаевтың «Жылқышы әні», халықаралық байқаулардың лауреа­ты Нұржан Бажекенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жан­ұзақ, Азамат Жылтыргөзов шырқаған композитордың «Тос мені, тос», «Бақыт вальсі», «Кестелі орамал» әндері жүрекке жетіп, жылы желпіді.

Сонымен қатар, Қазақстанның ха­лық әртісі Айман Мұсақожаева оркестрмен бірге М.Төлебаевтың «Скрипка мен фортепианоға арналған поэмасын», халық­аралық байқаулардың лауреаттары Жұпар Ғабдуллина «Біржан-Сара» операсынан Сараның, Бейімбет Таңарықов Біржанның ариясын, «Астана Опера» театры балетінің жеке орындаушылары «Мереке биін», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов аралас хор мен оркестрге арналған «Менің Қазақстаным» кантатасын орындап, сахнаны салтанатқа бөледі.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––––––––

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар