• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Кино 21 Мамыр, 2020

Қазақстандық каскадерлер Taurus World Stunt Awards жүлдесінен үміткер

304 рет
көрсетілді

Танымал қазақстандық каскадер, Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожинов және оның Nomad Stunts командасы режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмінде қойған трюктері үшін Taurus World Stunt Awards жүлдесіне ұсынылды.

Taurus World Stunt Awards – 2001 жылдан бері Лос-Анжелесте өткізілетін жыл сайынғы көркем фильмдердегі үздік көріністері үшін әлемнің үздік трюк шеберлерін марапаттайтын рәсім. Бұл туралы жобаның ресми сайтында: «Taurus World Stunt Awards назарға ілікпейтін кино кейіпкерлеріне, әлемдегі ең үздік трюк жасайтын мамандарға беріледі. Олар көпшіліктің көңілінен шығатын ең батыл амалдарды орындай отырып, өз өмірлерін қатерге тігеді», – деп жазылған.

Сыйлық бірнеше санаттағы ең үздік трюктер үшін беріледі. Атап айтар болсақ, олардың қатарында: «Өрттегі ең үздік трюктер», «Биіктіктегі ең үздік трюктер», «Көліктермен жасалған үздік жұмыс», «Үздік жекпе-жектер көрінісі», «Ең үздік арнайы трюктер», «Соқтығысы бар ең үздік трюктер», «Әйелдер арасындағы ең үздік трюктер» және тағы да басқа аталымдар бар.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Томирис» картинасы «Шетелдік фильмде қойылған үздік трюктер» аталымындағы марапаттың қысқа тізіміне енді. Айтулы байқауда қазақстандық фильммен бірге Ресей, Украина, Италия және Мысыр елінің туындылары да бақ сынайды.

2020 жылдың 9 мамырына белгіленген марапаттау рәсімі коронавирустық пандемияға байланысты кейінге шегеріліп отыр. «Жүлдегерлер тізімі алдағы уақытта міндетті түрде  жарияланатын болады», дейді жоба ұйымдастырушылары.