Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі жаңа жобалармен танысты.
Жетісу ауданында Jasyl Almaty жобасы бойынша 20 мың ағаш отырғызылады.
Және Жетісу ауданында 12 гүлзар абаттандырылады.
Қала әкімі «Көкжиек» және «Көкмайса» шағынаудандарындағы скверлерде, Қазыбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында, сондай-ақ №169 және №171 балабақшаларда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына баға берді. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары – қала әкімімен өтетін кездесулерде тұрғындардың жиі көтеретін мәселелерінің бірі болатын.
Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының демалысы мен экологияны сауықтыру үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Жетісу ауданында көптеген қоймалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан. Осыған орай, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, көгалдандыру және белсенді демалуға арналған орындар құру бойынша шаралар күшейтілді. Егер 2019 жылы 7 сквер мен 1 саябақ аудан тұрғындарының игілігіне берілсе, ағымдағы жылы 12 скверді абаттандыру жоспарлануда.
Бақытжан Сағынтаев рекреациялық аймақтарды ғана емес, сондай-ақ оған іргелес аумақтарға да көңіл бөлуді, яғни, кешенді тәсілді қамтамасыз ете отырып, ретке келтіруді тапсырды. Бұл ретте отандық өндірістің заманауи үлгідегі ұзақ мерзімді материалдарын пайдалануға тиістігін атады.
«Тұрғындардың сұраныстарына сәйкес өмір сүру, нәтижелі жұмыс және белсенді демалыс үшін жағдайды жақсартуды жалғастырамыз. Бұл ерекше микроклимат, қалалықтардың өмір сүруі мен көңіл-күйіне оң әсер етеді», - деп атап өтті қала әкімі.
Жаңа жобаларды қарау кезінде Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов қала әкімінің Jasyl Almaty бастамасын жүзеге асыру аясында жасыл қордың жағдайын жақсарту үшін миллионға жуық ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ауданда 220 мың ағаш бар, оның 5 мыңы соңғы 3 жылда отырғызылды. Тексеру нәтижесінде өткен жылы отырғызылған 1 мыңға жуық көшеттің өспей қалғаны анықталды. Сондықтан келісім-шарт талаптарына сәйкес мердігер ұйымдар күзде 2 мың көшет отырғызады. Сонымен қатар, Jasyl Almaty бағдарламасы аясында күзде Жетісу ауданында тағы 20 мың ағаш отырғызылады.
Жалпы, Жетісу ауданында 2019 жылы аула аумақтарын жарықтандыру жұмыстары 60%-дан 88%-ға дейін орындалды. Биылғы жылы бұл жұмыстың көрсеткішін 100% жеткізу жоспарлануда. Полицияның патрульдік-бекеттік қызметін жандандырумен қатар аумақтарды абаттандыру және жарықтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйіне жағымды әсер етті. Жетісу ауданында тіркелген құқық бұзушылық деңгейі 45,9%-ға немесе 993 қылмысқа төмендеді.