• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2020

«100 жаңа есім» - Үздік болу үлкен сенім артады

372 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан «100 жаңа есім» жобасы әр салада табысты еңбек етіп жүргендерді елге танытып, оның жетістікке жеткен жолын үлгі етеді. Осыған дейін бес жерлесіміз осы жобаның жеңім­пазы атанса, өткен жылы олардың қатарына Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық бас­қар­масының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі Сәулет Қалдашов қосылды.

Сәулеттің туып-өскен жері «жүз жыраудың отаны» атанған Қармақшы топырағы. Сөзбен сурет салатын қазақтың шартты түрде айтқаны ғой, әйтпесе, ежелгі ұзандардың мақам-сазы сақталған бұл өңірде дәстүрлі өнердің өрісін кеңейткендер көп. Жалпы, бұл топырақта кіндігі ке­сіл­гендердің көпшілігінің құ­ла­ғы көне мақамға түрік жү­ре­­­тіні бар. Бұл туған ауыл да осын­дай жырдың киесі қонған дүл­дүлдердің бірі Дүр Оңғардың аты­мен аталатын еді.

Бала Сәулет те жыр тың­дап отырып, болашағын ойша елестететін, архитектор, суретші, кейде заңгер болғысы келіп қиялданған да кезі көп. Бірақ 1993 жылы конкурс­тан өтіп, Алматы қаласындағы химия және биология пәндерін терең­де­тіп оқытатын №1 қазақ-түрік лицейіне оқуға ауысқанда бо­ла­шақта қай мамандықты таң­дай­тыны айқындалды. Ли­цейді тәмамдаған соң, С.Асфендияров атындағы меди­ци­­налық уни­вер­ситеттің «Ем­деу ісі» фа­куль­­те­ті­не түсіп, үздік студент ре­тінде әскери кафед­раға қабыл­дан­ды. Кеңес Ода­ғын­да осы са­лада қыз­мет еткен әскери-дә­рі­гер­лерден тә­лім алып, біртіндеп тың салаға қы­зы­ғу­шылығы арта берді.

Университетті бітірген жылы оқытушылары талантты жастың кафедрада қалып, ғылыммен айна­лысуын қолай көрген екен. Бірақ әкесі Мукараптың кеңе­сі­мен Сәулет Қарулы Күштер қатарына қосылды. Отардағы Гвардейский әскери гарнизонында мотоатқыштар полкінің дәрігері ретінде жұмысқа кіріс­кен жас кейіннен әскери медицина басқармасында, сани­тар­лық-эпидемиялық, әс­ке­ри медициналық білім беру жүйе­сін­де қызмет сатылары­нан өтті. Бірте-бірте шені де өсті, тәжірибе де толыса түсті. Білікті маман был­тыр алты айға жуық Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясымен «Үнді-Қазақ» батальонының са­пын­да Таяу Шығыстағы Ливан Республикасының таулы ай­мақ­та­рында бітімгершілік қызмет те атқарды.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басына дейін экономикасы біршама өрлеген Ли­ванн­ың бұлар көрген кейпі кісі қы­зығарлықтай емес еді. Елдегі діндер мен конфессиялар араз­ды­ғынан туған іштегі бүлікке, сыртқы күштер әсер етіп, берекесі кеткен мемлекетті көргенде Сәу­лет­тің есіне қазақтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келе­ді» деген мақалы түскен. Күнде оқ атылып, берекесі бұ­зыл­ған елде жүріп, өзіңнің мекенің­де­гі тыныштықтың қадірін біле түседі екенсің. Ұзақ жылғы со­ғыстан мазасы қашқан елді бітімге шақыру үшін әлем­нің 42 мемлекетінен келген әске­ри­лер­мен қоян-қолтық жұмыс істеді. Израиль мен Ливанның арасындағы уақытша «көгілдір сызық» деп аталатын шекараның бұзылмауын, заңсыз іс-әрекеттер мен қимыл-қозғалыстардың болмауын, аяқ асты атыс тұтанып кетпеуін қадағалады.

Бөтен елде миссия мандат­та­ры талаптарының толық орын­далуын бақылаған қазақ жауын­гер­лері басқаларға үлгі болды. Қауіпті де, қауырт міндетті адал атқарған қазақ сарбаздарының сапындағы Сәулет Қалдашов шетелге Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясымен барған алғашқы әскери-дәрігер екендігін де айта кетейік.

Бөтен елдегі бітімгершілік қыз­меті үшін миссия басшылығы бір­неше мәрте марапаттап, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының «Бей­біт­ші­лікке қызметі үшін» медалі табыс етілді.

 Әскери медицинаның маңызы арта түсуіне үлес қосқысы келетін Сәулет медицина ғылымдарының магистрі. Соңғы жылдар беде­рін­де Қазақстанның оңтүстік аумақ­тарындағы Қырым-Конго гемор­ра­гиялық қызбасымен ауырған науқастардың емінің тиімділігін бағалау үшін эпидемиялық қа­дағалау мен диагностика жү­йесін жетілдіру бойынша ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. С.Асфендияров атын­да­ғы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінің әскери кафедрасында «Медициналық қызметті ұйымдастыру және оның тактикасы», «Әскерді медициналық мүліктермен және техникамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру», «Әскери токсикология, радиобиология және жаппай қырып-жою қаруынан медициналық қорғаныс», «Әскери гигиена» және «Әскери эпидемиология» пәндері бойынша тәжірибелік сабақ өткізіп, дәріс берді.

 Өз саласында талай жетістікке жетіп, білікті мамандардың бірі атанған Сәулет Қалдашов «Қа­зақ­станның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылғанын есті­ген­де тол­қығаны рас. Өйткені ол жоба­ның тек марапаттаумен біт­пей­ті­нін, оның артында елдің сенімі жататынын жақсы білетін.

– Жеңіске жетемін деген ой бол­мады десем өтірік болар. Әріп­тестерімнің қолдауын се­зін­­­дім, маған сенім артқанына қуан­­дым. Жоба жеңімпазы атану алдыңда әлі талай белестер тұр­ған­дығын сезіндіре түседі екен. Көп­тің үмітін ақтау үшін әлі де еңбектене түсу керектігін ұғын­дым, – дейді медицина қыз­ме­ті­нің подполковнигі.

 Ол әр жас елдің әл-ауқаты, алдағы дамуы өзіне байланысты екендігін сезіне білуі керектігін айтады. Кейінгі толқын арасын­да осыны ойға түйгендер аз емес. Тек олардың көпшілігі ел кө­зіне көрінбей қалып жатады. С­оларды көп алдына шығарып, қатарына үлгі етуде «100 жаңа есім» жобасының маңызы зор.

Жалпы, елдің келешегі сана­­латын жастар қай істі де дөң­ге­летіп алып кетеді. Оларға тек сенім мен мүмкіндік керек. Мысалы, биыл Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен жа­рия­­ланған «Волонтер жылы» ая­сында да кейінгі толқын көп іске мұрындық болып жүр. Ел ара­сында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, жағдайы қиын отбасыларға, жалғызілікті қария­ларға қамқорлық танытуда. Өздері демеуші азаматтар тауып, баспана тауқыметін тартқандарға үй салып беріп жатқан жастар да бар.

«Алдағы уақытта «Қа­зақс­тан­ның 100 жаңа есімі» жобасына ауылдардағы жастарды тартып, еңбегімен ертеңгі игіліктің не­гі­зін қалап жатқан кейінгі тол­қын өкілдерін жұртқа таныта түсу керек. Қатарының жетістікке жет­ке­нін көргендер де белгілі бір биік­ке ұмтыла түсер еді. Меніңше, жо­ба­ның түпкі нәтижесі осы болуы тиіс» дейді жеңімпаз.

Еңбекпен ғана жетістік пен құр­метке жеткізетінін дәлелдеген Сәулет 5 баланың әкесі. Жұбайы Аягөз еңбекті қорғау және тех­ни­калық қауіпсіздік инженері. Осыған дейін Алматы қаласында тұрған олар бүгінде Сәулеттің қызметіне байланысты елордаға қоныс аударған.

Әсілі, бұрынғылардың сөзі құйма алтындай қымбат қой. Оңашада бәрін ой елегінен бір өткізіп, алға жоспар түзіп қоятын Сәулетке бағзылардың «Ісіңнен сөзің кейін жүрсін» дейтіні қат­ты ұнайды. Осы сөзді өмірлік ұста­нымына айналдырған ол бала­ларын елі мен жерін сүйетін, Отанына қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеп келеді.

 

Қызылорда