• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2020

Зағип жандарға кітап оқып берді

955 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы көз нұрынан айырылған адамдар үшін тек өмір әйнегі мен білім бұлағы ғана емес, қарым-қатынас орталығы. Кітапханада интернетке қосылған арнайы компьютерлер, нүктелі-бедерлі қаріппен басып шығаратын принтер, сөйлейтін кітап, DAISY сандық негізде дыбыстандырылған ақпарат жүйесіндегі тифлология кабинеті, зағиптардың жазуға арналған құралдарымен жабдықталған. Зағип жандар осындай дыбысталған кітаптардың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ көптеген кітап Луи Брайльдің жүйесі бойынша бедерлі-нүкте әріптерімен дайындалған. Зағип жандар кітаптағы бедерлі нүктелерді саусақ ұшымен сезіну арқылы оқиды.

Дәл қазіргі уақытта арнаулы кітапхана оқырмандарға онлайн қызмет көрсетіп, күнделікті жұ­мыс істеуде. Аталған кітап­ханада зағип жандар мен көзі нашар көретін азаматтардың ың­ғайына қарай, кітап оқуға барлық жағдай қарастырылған. Ең алдымен, кітапхананың «Тиф­лология» бөлімі зағип оқыр­ман­дардың сұранысы бойынша кітаптарды бедерлі-нүкте әріптерімен басып шығаруды жолға қойғанын айтуға болады. Осының нәтижесінде, жергілікті жазушылардың да кітаптары басып шығарылып, оқырмандарға ұсынылды. «Саусақ ұшындағы әлем» тифлоқұралдар және «Бір ел – бір кітап», «Біздің өл­кенің мақтаныштары» ат­ты кітап көрмесін онлайн тү­рінде бейнежазба көрсе­тілді. Сонымен қатар зағип оқыр­мандарға абономенттік қызмет көр­сету бөлімі Facebook, Instagram, YouTube арнасында Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президенттік сый­лықтың лауреаты, сатирик Көпен Әмірбектің 70 жасқа толуына орай «Күлкі жанның шипасы» атты әзіл әңгіме өткізді. Шарада мүмкіндігі шектеулі I топ көз мүгедегі Нышанкүл Абдишеваға Көпен Әмірбектің «Көп партия» әңгімесі және II топ көз мүгедегі Сәрсен Арыстанбекке, III топ көз мүгедегі Аман Балжанға бел­гілі сатириктің басқа да әзіл әңгімелері бейнекамера арқылы оқылды.

Абайдың 175 жылдығына орай жылдың басы­нан өткізіліп келе жатқан іс-шаралар енді қашықтық ре­жі­мінде жал­ғасын табуда. Алдымен оқыр­мандарға онлайн түрінде Абай­дың кітап көрмесі насихатталды. Кітап көрмесіндегі ды­­быстандырылған қара сөзі мен шығармалары және бе­дер­лі-нүктелі қарпін­дегі шы­ғар­малары зағип оқыр­мандарға ұсынылды. Облыс көлеміндегі кітапханаларда ашылған бө­лімдер мен облыстық арнау­лы кітапхана қоры Луи Брайль­дің жүйесі бойынша бедерлі-нүкте әріптерімен басып шы­­­ғарылған Ж.Жабаевтың «Ха­­лық менің шын атым», Ш.Мұр­­тазаның «Мың бұлақ», Б.Мо­мышұлының «Ұшқан ұя», М.Райымбекұлының «Кен­тавр», С.Томановтың «Тығы­рық», А.Көпжасарованың «Аяу­­лы қазақ қыздары», Ш.Ма­­ма­се­рікованың «Өлеңім­нің әр жолы өмірбаян», Ү.Би­тенованың «Үшаралдың Үміті», «Мен сүйген жар», К.Сәт­тібайұлының «Сай­қы­ма­зақ дүние», Б.Бек­жанның «Құс қана­тындағы сағыныш» атты кітап­тарымен толықты.

Сондай-ақ Дүниежүзілік балалар кітабы күніне орай «Онлайн марафон» жобасы аясында онлайн викториналық сұрақтар дайындалып, әлеу­меттік желілер арқылы ұсы­нылды. Викториналық сұрақтар кітап әлемін, киелі Тараз өңі­рінің тарихын қамтыды. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен XXVII Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен жеткен жетістіктері туралы ақпаратты дауыстап оқып, бейнебаян көрсетілді. Ал Дү­ниежүзілік кітап күніне орай «Кітап сарқылмас рухани қа­зына» тақырыбында онлайн оқу өткізілді.

 

Нұржахан КЕРІМБАЕВА,

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының зағип оқырмандарға абонементтік қызмет көрсету бөлімінің сектор жетекшісі