• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2020

Сарбаз қайтты сағыныш арқалаған...

688 рет
көрсетілді

Еліміздегі төтенше жағдай режімі кезінде ел тарихында алғаш рет мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздардың запасқа шыға­рылуы кейінге қалдырылған болатын. Алайда режім аяқталғаннан кейін бұл шешім өз күшін жойып, дүйсенбіден бас­тап өткен жылы көктем­де шақырылған жауынгерлер өз үйлеріне арнайы эшелондармен жіберілуде.

Бұған дейін Қазақстан Қару­лы Күштері Бас Штабының Ұйым­дас­тыру-жұмылдыру жұмыстары депар­таментінің бастығы полков­ник Сәкен Жүсіпов БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында еліміз­дің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес, Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қолдау мақ­сатында төтенше жағ­дай ке­зін­де запасқа шығарылуы тоқ­та­тылғанын мәлімдеген бо­ла­­тын. Бұл шешім мемлекеті­міздің тарихында алғаш рет қа­был­данып отырғанын, әрі аза­мат­тарымыздың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталғанын баян­даған еді.

Елордадағы бірінші темір жол вокзалында сарбаздарды шыға­рып салу рәсіміне біз де куә бол­дық. Бұл жұмысты Бас әскери кө­лік басқармасы жолаушылар тасы­малы акционерлік қоғамымен бірлесіп атқарып отыр. 130-ға жуық жауынгер мініп, Нұр-Сұл­тан – Қызылорда бағытын бетке алған 4 вагонды арнайы эшелон жолай Қарағанды қаласында, Шу стансасында, Тараз, Шымкент қалаларында тағы 400 сарбазбен толығады. Сарбаздар саны көбейген кезде қосымша вагондар қосылады. Ал Алматы бағытына аттанған сарбаздар жолда басқа пойызға отырғызылмақ ойда.

– Елімізде коронавирус пан­демиясының таралуын алдын алу мақсатындағы тиісті шектеулерге байланысты жолаушы пойыздары тоқтап тұр. Осы себепті Қорғаныс министрі мерзімді қызметтен запас­қа шығарылған әскери қыз­метшілерді тұрғылықты мекен жай­ларына темір жол көлігімен тасымалдау туралы шешімі шықты. Тасымалдау кезінде әскери тәр­тіпті және санитарлық талаптарды сақтауға жауапты болып әскери эшелондардың бастықтары мен әскери медициналық қызмет­ші­лер тағайындалды, – дейді Бас әс­кери көлік басқармасы бас­ты­­­ғы­­ның орынбасары Қуаныш Каленов.

Оның айтуынша, жолда олар­дың қозғалысына темір жол учас­ке­сі мен стансаларының әскери комен­данттары бақылау жасайды. Осы­лайша 18 мамырдан бері ел аума­ғында бас-аяғы 2 мыңға тарта мер­зімді әскери қызметші тұрғы­лықты мекенжайларына аттанып үлгерді. Бұл жұмыс 23 мамырға дейін жалғасып, барлығы 6 мың жауын­гер өз үйлеріне оралады.

– Қарағанды облысынан Нұр-Сұл­тан қаласындағы 68665 әскери бө­ліміне Отан алдындағы борышымды өтеуге шақырылдым. Ең алдымен, темірдей тәртіпті, төзімді болуға тәрбиелеген, қо­лыма қару ұстатқан коман­дир­леріме, сержанттарыма, қасымда бол­ған қарулас бауырларыма алғысымды білдіремін. Осы бір жылдың көлемінде біз ержүрек азамат, намысты жігіт, қайратты ұлан болуды үйрендік. Үйде сағына күтіп отырған әке-шешем, бауыр-қарындастарым бар. Туған топырағыма оралған соң да осы әскери қызмет саласында еңбек етуді көздеймін, – дейді запасқа шыққан мерзімді қызметші Нау­рыз­бай Іңкәрбай.

Өткен сенбіден бастап Қазақ­стан Қарулы Күштерінің оқу орталығындағы әскери қызмет­шілер, жас мамандар жаңадан қыз­мет атқаратын әскери бөлім­дерге жеткізілді. 16-17 мамыр күн­дері тасымалданған бұл жауын­герлердің саны 1 мыңнан асып жығылады. Еліміздің оң­түстік өңір­лерінде орналасқан бұл оқу орын­дарының жас мамандары Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыс­тарына, Нұр-Сұлтан қаласына жіберілді.