Харьков қаласында шыққан «Планетаның 2 мың ұлы тұлғасы» атты анықтамада екі қазақ көрсетіліпті. Олар – ЕлбасымызНұрсұлтан Назарбаев және қазақтың өткен тарихынан Абылай хан. Алайда, Абылай ханды тану, оның қайраткерлігіне баға беру оңай болған жоқ.
Дана Абайдың Абылай хан туралы пікірін тек шәкірті естелігінен білеміз. Абай Көкбай ақынды шақырып алып: «Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл... Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай ұмытылмас еңбек», деп тапсырма берген екен.
Харьков қаласында шыққан «Планетаның 2 мың ұлы тұлғасы» атты анықтамада екі қазақ көрсетіліпті. Олар – ЕлбасымызНұрсұлтан Назарбаев және қазақтың өткен тарихынан Абылай хан. Алайда, Абылай ханды тану, оның қайраткерлігіне баға беру оңай болған жоқ.
Дана Абайдың Абылай хан туралы пікірін тек шәкірті естелігінен білеміз. Абай Көкбай ақынды шақырып алып: «Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл... Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай ұмытылмас еңбек», деп тапсырма берген екен.
Абылайдай аса күрделі заманда өмір сүрген тарихи тұлғаны тануға кеңестік идеология кедергі болды. Белгілі әдебиеттанушы Бейсенбай Кенжебаевтың «Әдебиет белестері» кітабында көрсеткеніндей, Абылайдың екі империя ортасындағы қазақ халқының дербестігі үшін күресін, айла-тәсілін 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №2 санында сатқындыққа балаған кісілер де болған.
Кеңестік дәуірде тарихты зерттеу коммунистік режімнің көзқарасына байланысты болды. Ал режім бірде ұлт үшін күрескендерді қолдағандай болса, көп жағдайда оларды терістеді. ХХ ғ. 40 жылдары пайда болған бір кеңшілікті пайдаланып казақ зиялылары Абылайды тануға және танытуға әрекет етті. Т.Ахтановтың естелігіне қарасақ, С. Мұқанов 1941 ж. Алматыдағы Журналистика институтында Абылай жөнінде баяндама жасайды. «Баяндамасы Абылай хан туралы болды. Менің де Абылай хан жайлы алғаш мол мағлұмат алып, сол бір тарихи кезеңнің аз да болса сырын ұққаным осы жолы болар. Сәбеңнің сондағы бір басып айтқан пікірі – Абылайдың казақтың мемлекетін жасамақ болған әрекеті» деп жазды ол.
1943 жылы ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың Абылайдың ерлігін, қолбасшылығын жазған кітапшасы басылғанын көпшілік біле бермейді. Осы кітаптың жалғыз данасы Құлбек Ергөбектің кітапханасында сақталған. Аталған кітапта ханға мынадай баға беріледі: «өзінің де, өзгенің де күшін дұрыс бағалап, соған қарай өзінше саясат ұстауы, төңіректегі елдермен орынды қарым-қатынас жүргізуі арқасында Абылай қазақ халқының басын құрап, елдігін қайта орнатты». Мұнда алғаш рет қазақ ауыз әдебиеті нұсқалары мен сол кейбір орыс тарихшылары берген мәліметтер негізінде Абылайдың тарихи тұлғасы сипатталды. Аталған басылым шықпай жатып жойылғандықтан Абылай хан хақында зерттеу жүргізіп, кітап жазуға ешкімнің батылы бармады.
Ғылым академиясы 1957 жылы Қазақ КСР тарихында «Абылай билеген кез халықтың есінде зорлық-зомбылық дәуірі болып қалды. Ұрпақтан ұрпаққа көшіп отырған халық аңыздарына сай, қазақтың атақты ақыны Жамбыл Абылай туралы былай деп жырлаған:
Ханның бірі Абылай,
Аш бөрідей жалтақтап...
Қарсы болған кісінің
Қан жаудырған басына.
...Ол Сырдарияның Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалары үшін соғыс жүргізді. Осы соғыстардың үстінде бейбіт халық күйзеліске ұшырады, мыңдаған тұтқындар алынып, малдарын айдап әкетіп жатты» – деген айыптаулар тағылды. Бұл ақылға сыймайтын айыптау екені қазір барлығымызға аян.
Абылайдың кез келген қадамы терістелді. Жоңғарияны әлсіретіп Шығыс Қазақстандағы қазақтың байырғы жерлерін қайтару әрекеті былай бағаланды: «Абылай Жоңғарияның ішіндегі өзара тартысты ушықтырмақшы еді, Жоңғарияны әлсіретіп, Ертістің бойындағы құнарлы жайылымдарға ие болып алмақшы еді, ал егер сәті келсе өзімен достас Даваци қонтайшыны таққа отырғызбақшы еді». Немесе осы 1957 жылы Қазақ КСР тарихында «Абылай әскерлері Орта жүздің жеріне басып кірген Цин үкіметінің билігін дереу мойындай қойды» делінеді. А л шындығында, Абылай сан жағынан үстем, көп зеңбіректері бар қытай әскеріне қарсы өз сарбаздарымен соғысқан бірден бір қазақ билеушісі. Және осы соғыста қатты жарақат алғаны белгілі. Осылай кеңестік идеология Абылайдың тарихын қатты бұрмалап келді.
Қолда бар деректер негізінде Абылайдың қазақ тарихындағы атқарған рөлін анықтау үшін оның сол кездегі халқымыздың өміріне қосқан жаңалықтарына назар салу керек.
Абылайдың көп қырлы мемлекеттік және саяси қайраткерлігі арқасында қазақтардың бұрынғы көршілер басып алған жерлері кері қайтарылып, қазіргі Қазақстан елінің тұтас геосаяси картасы қалыптасты. Басым көпшілік Абылайды Жоңғар хандығына қарсы күресте ерекше үлес қосқан тарихи тұлға ретінде таниды. Осымен қатар Абылай Чиң (Қытай) империясының әскери-саяси экспансиясына қарсы төтеп берген бірден-бір қазақ билеушісі.
Абылайдың әскери қолбасшы және мемлекет қайраткері ретіндегі қырлары әлі де көп зерттеуді қажет етеді. Ол өз заманының көреген қолбасшысы бола білді. Әсіресе, оның сан жағынан басым Чиң әскерімен шайқастағы ерлігі, әскери тактикалық айла-тәсілдері әлі де жан-жақты толық қарастырылмаған. Жарияланған құжаттарға қарағанда, Чиң боғдыханы Абылайханмен соғысқан өз генералдарына қатты наразылық білдірген. 1756 жылы қазан айындағы жарлығында император: «Хадаха Абылаймен соғысқанда қуып жете алмады, қоян жүректік көрсетті, екі көзді тауыс қауырсынын тағуға рұқсат етпейміз», депті. Осыған орай 1757 жылы қазан айындағы Чиң императорының бір жарлығында былай делінген: «Олар (Дардаңа мен Хадаха – авт.) қазақ жеріне баруын барса да, Әмірсананы ұстай алмады. Оның үстіне (олардың сылбырлығынан) қазақтың Абылайы да сытылып, құтылып кетті. Сол үшін екеуі (Дардаңа мен Хадаха) ауыр жазаға тартылуға тиіс... Мұның жайын казармадан келген жасауылдардан сұрағанымызда, олар: «Дардаңаның жорықшылары Әмірсананы қуа барып бір шақырымдай қалғанда, буынып-түйінуге де үлгермей абыржыған оның (Әмірсананың) әдейі жіберген адамы: «қазақтар Әмірсананы қазір-ақ ұстағалы отыр. Олардың ханы Абылай келісімен тарпа бас салмақ» дейді. Сонымен, Дардаңа дұшпанының қулығына алданып, қазақтардың тұтқындауын күтіп отыра береді. Қолын қаптатып тұтқындау былай тұрсын, жорықшыларына осы жорықты Чиң императоры қайта талқылап, бұл генералдың Абылай әскерімен болған соғыстағы қателіктері деп бағалап, жарақат алған Абылайды қолға түсіре алмағаны үшін Дардаңа мен Хадаханы қатардағы жауынгер етіп шендерінен төмендеткен.
Қазақ елінің мүддесін қорғау үшін 1774 жылы Абылай хан Солтүстік Қазақстандағы орыс басқыншылары салған қамалдарды бұзуға барады. Бұл мысалдар Абылайдың екі империяның әскерлерімен болған шайқастарда осал тұлға болмағандығын көрсетсе керек.
Сан мен сапа жағынан жоғары тұрған шүршіттермен болған соғыста жарақат алып, осыған қарамастан кейін қытайлықтармен тұңғыш келіссөз жүргізіп дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекет қайраткері. Қытайлықтардың наразылығына қарамастан Чиң империясы талқан еткен Жоңғар хандығының жерлерін (оларды енді қытайлықтар біздікі деп санағанына қарамастан) қазақтарға алып берді. Бұрын Қазақ хандығына қараған, кейін бөлініп кеткен оңтүстік аймаққа, олардың ішіндегі Ташкент пен басқа да қалашықтар жорық жасап оларға өз билігін жүргізді.
Абылай өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоя білген санаулы саясаткерлердің бірі екені тарихи құжаттарда көрініс табады. Мысалы, Қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайға бәйбішесі хал үстінде жатқаны жөнінде хабар келгенде «8-айдың 25-і күні біз Абылайдың бастауымен Атбасар маңындағы Есіл өзенінің бойынан аттандық. 9-айдың 7-сі күні біз Көксеңгір деп аталатын жерге жеткенде, Абылайдың үйінен екі мәрте адам жіберіліп, Абылайдың бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабарды жеткізді. Сонда Абылай «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Мен сіздерді ел шетіне дейін апарып тастағаннан кейін қайтармын» деді де, бізді бастап әрі қарай сапарды жалғастырды. Сонан кейін тағы да адам келіп Абылайдың үйіне қайтқызбақ болып қузады. Абылай бізбен ақылдасқанда бұрынғысынша әрі қарай жүре бермекші болып еді, біз ол кісіні тоқтатып, «сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой» қайта беріңіз дегенді білдіреді. Абылай қытай елшілеріне: «Ендеше, сіздер «жол ортада бізді тастап кетті» демеңіздер. Мұндай қиын жағдай болғандықтан мен де шарасыз болып тұрмын. М ен қайтып барғанда (бәйбішем) бойында әлі жан бар болса, онда мен оны дәрігерге көрсетермін; ал егер мен қайтып барғанда ол әлдеқашан қайтыс болса, онда мен оны міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» - деп қоштасқан.
Абылайдың ел мүддесін, халықтың әл-ахуалын ойлағаны 1758 жылы 19-мамырда жазылған мына құжаттан да байқалады: «Весьма усилился помянутый Абылай-салтан, ибо как слышно от бывших там здешних людей, что он в воинских случаях, по их киргизскому обыкновению, ни себя ниже иждивения своего не жалеет, и что где вербыч достанет, то ничего себе не оставлял, в народ раздает, и тем у них весьма властительным учинился».
Халықтың әл-ахуалын көтеру үшін Абылай сауда-саттыққа жол ашып, оған тікелей өзі басшылық етті.
Ханның сауда-саттықты дамытқаны туралы Шоқанның еңбегінде мынадай жазбалар бар: «Между тем сам Абылай имел свидание с Илийским цзян-цзунем (генерал-губернатором) около озера Сайрам-Куль и заключил с ним торговый договор, по которому открыты были в Тарбагатае (Чугучаке) и в Или (Кульдже) меновые базары». Абылай Ресей мен Қытай шекараларындағы қалалардың қазақтарға сауда үшін ашық болуына, жәрмеңкелер ұйымдастыруға көп үлес қосты. Абылай хан дәуірінде қазақтардың Қытаймен сауда-саттықтары айтарлықтай деңгейде болғандығын Чианлұң жылнамасы сарай жазбаларының көптеген архив бумаларынан көруге болады. Солардың бірінде 1757 жылдың желтоқсан айының 15-і күні жазылған мәлімдемесінде былай делінген: «Біздің бұрынғы келіскен пікірімізше болса, қазақтармен Үрімжіде айырбас сауда жасауды біз бұрын Абылаймен ақылдасып бекіткенбіз... Келер жылы жәрмеңкеде жылқы саудасы ғана жасалады. Егер қазақтар түйе, сиыр, қой секілді түліктерді айдап әкеліп жатса, оны да алайық. Қонысымызға олар да қажет».
Жалпы, халықтың жағдайы Абылай хан кезінде жақсарғаны туралы мәліметтер бар. Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П.Шангиннің 1816 жылғы жазбалары бойынша Абылай хан «тірі кезінде көне заңдылықтар қатаң бүге-шүгесіне дейін орындалды. Кез келген ұсақ-түйек қылмыс үшін жауапкер міндетті түрде жазаланды, қырғыздар (қазақтар) арасында барымта деген болмады. Халқының ең кедейінде 500, ауқаттысында 5 мыңнан 15 мыңға дейін төрт түлікті малы болды». Мемлекеттік мүдде үшін Абылай алым-салық жинатқан қазақ билеушілерінің бірі.
Абылай 1762-1763 жылдары Іле өзені бойында диқаншылық жасауға әрекет етті, Есіл өзені бойында Абылайдың айтуымен егіншілік бастау алғаны жөнінде хабарлар бар. 1763 жылы шекарадағы орыс әкімшілігіне хат жазып егіншілікті білетін мамандар сұрап, Петропавл қаласына таяу жерде егін екпекші болды. Орыс әкімшілігі тарапынан ешбір көмек болмаған соң, өз адамдарымен егін еккені туралы деректер бар: «нынешнего лета он, Аблай-солтан, и просо сеел». М.Бекчуриннің хабарлауынша, 1780 жылы Ташкенттен алтыкүндік жерде тұрып егін еккен: «в шестидневной езде от города Ташкении ... и на том месте производит хлебопашество». И.Г. Андреев жазбаларына қарағанда, 1785-1790 жылдары қазақтардың Есілдің жоғары ағысында егіншілікпен айналысуының басында Абылай хан тұрған - «положили еще при покойном Аблай-хане пахать землю».
Абылай қазақ даласында бекініс-қалашықтар салғызды. Белгілі орыс тарихшысы А.Левшин Абылай «построил сыну султану Адилю по просьбе повиновавшихся ему киргиз-казаков Большой орды при речке Талаше дом, обнес оный валом, основал около него селение из каракалпаков, привыкший к хлебопашеству». Абылай салғызған екінші бір қала жөнінде генерал-майор Н.Г.Огарев в 1781 г. рапортында былай дейді: «Прочие ж его дети – Адиль, Урустям и Ток солтаны – остались по здешнюю сторону города Туркестана во вновь построенном им, Облаем, не в дальнем растоянии городке Итнеенте». Абылайдың Көкшетаудағы жазғы ордасы да бекініс үлгісінде болса керек, себебі, қытай деректері бойынша «хан Кэштынде турады» деп хабарлайды. Шәді Абылайдың Созақ қаласын қайта қалпына келтірудегі еңбегін атап өтеді.
Абылай шетелдіктермен қарым-қатынаста өз қандастарының мүддесін қорғады. Мысалы, 1769 жылы 6 желтоқсанда ІІ Екатерина мен Орынбор губернаторы И. Рейнсдорпқа жіберген хатында: «Чтобы ее падишахское величество всех нас считало равными – русских, казахов и прочие народы и коменданты ваших пограничных крепостей проявляли справедливости не было бы насилия и притеснения», – деп жазған. Абылай хан бейбіт жатқан қазақ ауылдарын шапқан орыс әскерлеріне тыйым салуды талап етіп отырды. Жорық кезінде жауынгерлер пайдалануға ыңғайландырған жылжымалы баспанасының түрін» абылайша» деп атауы, оның пайда болуын Абылай ханмен байланыстыратынын, Абылай хан жоңғар тұтқынында жүріп қалмақ тілін үйренгенін ескерсек, ханның сегіз қырлы бір сырлы тарихи тұлға болғанын көреміз.
Зерттеушілердің тынымсыз ізденістері барысында қазақ тарихына қатысты деректер қоры ХХІ ғасырда толыға түсті. 2007 жылы белгілі ғалымдар И.В.Ерофеева мен Б.Жанаев Абылай ханның қайтыс болуына байланысты архив қойнауында жатқан жаңа тарихи құжаттарды – Орынбор губерниялық кеңсесінің арнайы тексеру материалдарын ғылыми айналымға енгізді. Бұл құжаттарда Абылай ханның дүние салуы туралы көптеген тың мәліметтер бар.
Солардың бірінде, нақтырақ айтсақ, генерал-майор Н.Огарев Сыртқы iстер коллегиясына 1781 жылы 22 сәуірде жазған рапортында «Абылай хан өткен күзде дүние салды және Түркістан қаласында жерленді», – деп көрсетеді. Ресей архивінде сақталған, баспа бетінде жарияланған осы бір топ құжаттарға қарағанда ханның қайтыс болғаны туралы мәліметтер орыс әкімшілігіне 1781 жылдың ақпан айынан бастап келген. Наурыз айында түскен хабарларда Абылай ханды ташкенттіктер у беріп өлтірген деген мәліметтер де бар. Орысшасы: «... хан, находясь в Ташкении, умер, которого уверяют, ташкентцы окормили ядом». Бұл хабардың рас-өтірігін анықтау үшін қазақ даласына арнайы адамдар жіберілген. Солардың бірінде, дәлірек айтсақ, башқұрт старшинасы К. Казанбаевтан 1781 жылдың 17 тамызында жазып алынған мәліметте Абылайдың өткен күзде дүние салғаны тағы да айтылады.
Кейбір тарихшылардың хан өлімі туралы хабардың орыс әкімшілігіне кеш жетуінің себебі неде деген сауалдарына да жауап табылды. Аталған құжаттардың бірінде Абылайдың баласы Шыңғыс сұлтанның бұл жөнінде жазғы уақытқа белгіленген құрылтайға дейін орыстарға айтуға тыйым салынғаны жазылған. Біздің оймызша, мұндай нұсқауды өлер алдында Абылай ханның өзі беріп кеткен. Басшының өлімі белгілі бір мақсат үшін жасырылатыны тарихтан белгілі. Мысалы, Шыңғыс ханның өзі өлімін жаулардан жасыруды тапсырғаны, Әмір Темір қайтыс болғанда да осы жағдайдың қайталануын тілге тиек етсек болады. Абылай хан да өзі дүниеден кеткен соң болар жағдайды ойлап тағына орыс әкімшілігі айтқанынан шықпайтын адам қоюға әрекет етеді деген болжам жасаса керек. Міне, Абылайдың қайтыс болғанын жасырудың нәтижесінде орыс әкімшілігі бұл жағдайдан хабарды кеш естіген. Сонымен, архивтен алынған және ғылыми айналымға енген тарихи құжаттар Абылай ханның 1780 жылы күзде дүние салғанын айғақтап тұр.
Mұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің профессоры.
Оңтүстік Қазақстан облысы.