Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако Князьдігіне ресми сапары барысында мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз жүргізді.
Кеше Монако Князьдігіне ресми сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Князьдік сарайының алдындағы алаңда ресми қарсы алу рәсімі болды. Князьдіктің осындай шараларға арналған үлкен оркестрі Қазақстан Президентіне құрмет көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако Князьдігіне ресми сапары барысында мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз жүргізді.
Кеше Монако Князьдігіне ресми сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Князьдік сарайының алдындағы алаңда ресми қарсы алу рәсімі болды. Князьдіктің осындай шараларға арналған үлкен оркестрі Қазақстан Президентіне құрмет көрсетті.
Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев Монако Князі Альбер ІІ-мен оңаша кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Одан кейін екі елдің басшылары мемлекеттік наградалармен алмасты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Әулие Карлдың Крест орденімен марапатталды. Бұл орден – Монаконың ең жоғары мемлекеттік наградасы. Ал Монако Князі Альбер ІІ-ге І дәрежелі «Достық» ордені тапсырылды. Бұл орденнің халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты және ынтымақтастықты қалыптастыруда жеткен үздік еңбек үшін берілетіні белгілі.
Монако – Еуропаның оңтүстігінде, Жерорта теңізінің бойында Франциямен жапсарласып жатқан өте шағын қала-мемлекет. Оның жер көлемі бар болғаны 2,02 шаршы шақырым. Ол дүние жүзінде жер аумағы бойынша Ватиканнан кейінгі екінші кішкентай мемлекет. Бұл Қазақстанның ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге бөлген жерінен де кіші. Бірақ, соған қарамай, өзіндік салмағы бар, барлық адамзат баласы бір көруге құмартатын, демалыс орындарына барғысы келетін қызғылықты ел.
Мұнда бақуатты адамдар қызықтайтын орындардың қызмет көрсету сапасы ең жоғары деңгейге жеткізілген. Соның ішінде Монте-Карло қаласындағы казиноның атағы алыс шетелдерге мәлім. Формула-1 автожарысының «Монако Гран-приі» деген кезеңі де осында өтіп, елдің атағын алысқа жайған. Мәдени өмірде де Монаконың атағы алысқа кеткен. Оның ең бай ауданы – Монте-Карлодағы филармониялық оркестр мен операның да атағы барша әлемге танымал. Мұның сахнасында Энрико Карузо, Федор Шаляпин, Пласидо Доминго, Лучано Паваротти секілді айтулы шеберлер ән шырқаған.
Сондай-ақ мұнда атағы жер жаратын Мұхиттану музейі де бар. Оның директоры болып біраз жылдар аты аңызға айналған мұхиттанушы ғалым Жак-Иф Кусто қызмет еткен. Монаконың атағын алысқа жаятын шаралардың қатарына жыл сайын өткізілетін Халықаралық теле және цирк фестивальдерін жатқызуға да болады. Монте-Карлоның тағы бір қызығы – оның темір жол вокзалы биік тауға орналасқан. Осы стансадан елдің тарихи-курортты аймағы мен казиноға бірден жетуге болады.
Монако халқының саны 36 мыңнан сәл ғана асады. Бұл да Қазақстанның бір ауданының халқындай ғана. Ал ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі 50 мың доллар шамасында. Елдегі негізгі табыс туризмнен түседі. Жылына Монакоға 7 миллионға жуық турист келетін көрінеді. Біз болған кезде де Монако көшелерінде шетелдік туристер қаптап жүрді. Соған қарай, қонақүй бағалары да удай қымбат. Осы себепті қазақстандық журналистер Монакодан 25 шақырым жердегі Францияның Ницца қаласына орналастырылды.
Сондай-ақ мұнда банк жұмысы (жалпы табыстың 17 пайызы), құрылыс (10 пайыз), өнеркәсіп (9 пайыз) және ақпаратты-коммуникациялық технология (8 пайыз) дамыған.
Ел халқының негізгі бөлігі француздар, мемлекеттік тілі де француз тілі. Сонымен бірге, жергілікті халықтың монегас тілі де сақталған. Мұны көне итальян тілінің солтүстік диалектілерінің бірі деп танушылар көп.
Монаконың ақшасы – еуро. Алайда ол Еуроодаққа мүше емес. Бірақ ЕО-мен Франциямен арадағы Кеден одағы арқылы тығыз байланысқан. Монако бірнеше халықаралық ұйым дардың мүшесі болып табылады. Соның ішінде БҰҰ (1993 жылдан), ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Интерпол, ЮНЕСКО, БСҰ және басқаларға мүше. Халықаралық гидрография ұйымының бас кеңсесі де осы елде орналасқан. Монако әлемнің 45 елінің 106 қаласында өзінің құрметті консулдығын ашқан. Соның ішінде Қазақстан астанасы да бар.
Монаконың мемлекеттік басқару жүйесі – конституциялық монархия. Қазіргі мемлекет басшысы – Князь Альбер ІІ. Оған билік мұрагерлік жүйе бойынша әкесінен қалған. 55 жастағы Альбер ІІ таққа 2005 жылы отырды. Егер Еуропаның басқа елдеріндегі монархтар тек символдық қана өкілеттікке ие болса, Монаконың монархы биліктің барлық тізгінін өзі ұстап, мемлекетті іс жүзінде жалғыз басқарады. Атап айтар болсақ, ол барлық мемлекеттік басқару жүйесіндегі лауазымды тұлғаларды тағайындайды, заңнамалық құжаттарды дайындауда да өте кеңейтілген өкілеттікке ие, заңдарға қол қою мен ратификациялау құқығы да өзінде, халықаралық аренада мемлекеттің атынан сөйлейді. Князьдің жанында жеті адамнан тұратын кеңесші орган бар. Оның мүшелерін де Князьдің өзі 3 жыл мерзімге тағайындайды. Конституциялық бақылау құқына ие болып табылатын Мемлекеттік кеңес деген орган бар. Оның мүшелерін Князь Үкіметпен келісіп тағайындайды.
Заң шығару билігінде 24 депутаттан тұратын бір палаталы Ұлттық парламент жұмыс істейді. Алайда, барлық заңнамалық құжаттар Князь қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді.
Атқарушы билік Мемлекеттік министр (Үкімет басшысы) басқаратын үкіметтік кеңестен тұрады. Бір қызығы – Мемлекеттік министр Франция азаматы, Князь оны француз өкіметінің ұсынысымен 3 жылға тағайындайды.
Монаконың тәртібін 500-ге жуық полиция қызметкері бақылайды. Барлық жерлерге бейнебақылау орнатылғандықтан, олардың жұмысы біршама жеңіл. Монакоға күніне 40 мыңға жуық шетелдік жұмысқа келеді. Мұнда жұмыссыздық деген мүлде жоқ. Монако қаласының өзі Монако вилле – ескі қала, Монте-Карло – ойын үйлерінің ауданы, Ла-Кондамин – порт маңы, Фонтвиль – суды құрғатқаннан пайда болған жаңа жер сияқты төрт бөлікке бөлінген.
Монако казиносы 1863 жылы ашылған. Ақылды князь елге бақуатты адамдардың тартымдылығын арттыру үшін оны алғашқы болып ашып және атағын дүние жүзіне танытқан. Мұнда салық көлемі өте шағын, сондықтан да салықтан қашқандар қаражат атаулысын осында сақтауға құмар. Монаконың бір сөзбен айтқандағы сипаты – әлемнің үлкен байлығын өзінде тоғыстырған шағын ел.
Қазақстан мен Монако арасындағы дипломатиялық байланыс 2009 жылы орнаған. Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Дәненов Монакода да елші қызметін қоса атқарады. Астанада Монаконың құрметті консулдығы ашылған. Ал Монаконың Қазақстандағы елшісі қызметін Ұлыбританияның елшісі Эвелин Жанта қоса атқарады.
Былтырғы қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Монако Князі Альбер ІІ Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Сапар барысында Бірлескен мәлімдемеге қол қойылған болатын. Сондай-ақ екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойылған. Осы келісім шеңберінде қазақстандық экспорт және инвестиция жөніндегі «Казнекс Инвест» агенттігі мен Монаконың экономикалық даму палатасы арасында ниеттестік меморандумына қол жеткізілген.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Қазақстанға елші Э.Жанта бастаған бизнес-делегация келіп, форум өткізді. Оған Монако экономикасының әртүрлі секторынан 23 компанияның басшылары қатысты. Сапар барысында делегация басшыларын Премьер-Министрдің орынбасары Ә.Исекешев қабылдап, келіссөз жүргізді. Екі елдің арасындағы сауда айналымы әзірге мардымсыз, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ол 211 мың АҚШ долларын ғана құрады. Дегенмен, қаржы, құрылыс, туризм, жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықтардың перспективасы жоғары саналады.
Мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтастық дамып келеді. 2010 жылы Монакода болған 5-ші Халықаралық кинофестивальде қазақстандық режиссер Е.Тұрсыновтың «Келін» картинасы Гран-при жүлдесін жеңіп алды. 2011 жылы осында өткен цирк әртістерінің 35-ші фестиваліне Қазақстан циркі де қатысты. 2012 жылдың қараша айында Астананың Бейбітшілік және келісім сарайында «Грейс Келлидің заманы» атты көрме болып өтті. Ол қазіргі Князьдің анасына арналған еді, көрмені Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кезде Қазақстанда ресми сапармен болған Князь Альбер ІІ-нің өзі тамашалады.
Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед 2013 жылдың наурыз айында сол кезде Қазақстанға келген Монако елшісі Э.Жантаны қабылдап, Монте-Карло балетінің Астанаға гастрөлмен келуі мәселесін талқылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Князь Альбер ІІ арасындағы келіссөз аяқталған соң екіжақты құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Үкіметі мен Монако Князьдігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы бұл құжатқа Қазақстан жағынан Ә.Исекешев, ал Монако жағынан Князьдіктің Сыртқы істер министрі Ж.Бадиа қол қойды.
Қол қою рәсімі аяқталған соң Президент Н.Назарбаев пен Князь Альбер ІІ сарайдың балконына шығып, төменде жиналған қауымға қолдарын бұлғап, сәлем жолдады. Бұл – князьдіктің өзіндік дәстүрлі салты. Шетелдік мемлекет басшыларымен кездескен соң Князь халқына мәртебелі қонақпен бірге осылай сәлем ететін көрінеді. Ал төменде оркестрдің сүйемелдеуімен кәсіби ансамбль би биледі.
Осы күні таңертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Swissport International» және «Flughafen zurich AG» компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесуге Қазақстан жағынан Вице-премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы А.Мамин, ал Монако жағынан Swissport International компаниясының президенті, басқарма төрағасы П.Утнегард пен Flughafen Zurich AG компаниясының қаржы жөніндегі вице-президенті Д.Шмукки қатысты. Әңгімелесу барысында еуразиялық көлік инфрақұрылымы мәселелері, сондай-ақ Қазақстан әуежайларын дамыту және оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру саласындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Кездесу аясында әуежайлар желісін басқару жөнінде бірлескен кәсіпорын құру жөнінде меморандумдарға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді.
Swissport International – жерүсті қызметін ұсынатын, 38 елдің 192 әуежайымен байланыс жасайтын әлемдегі жетекші компания.
Flughafen Zurich AG – Цюрих қаласы әуежайының иесі әрі операторы, сондай-ақ бүкіл әлемнің өзге де 10 әуежайын басқаруға қатысады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Монакоға сапары аясында Қазақстан мен Монако іскер қауымының бизнес-форумы да болып өтті. Оны Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Сауда-өнеркәсіптік палатасы Монаконың Қаржы және экономика министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға қатысушылар жылжымайтын мүлік, туризм, көлік және логистика, мұнай-газ, тамақ өнеркәсібі мен банк саласындағы өзара іскерлік перспективалары туралы пікір алмасты. Форумның ең үлкен табысы – Бірлескен іскерлік кеңес құруға қол жеткізілді. Оған екі жақтың сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары қол қойды.
Шығып сөйлеген қазақстандық компаниялардың басшылары өздерінің іс-әрекеті туралы толық баяндай отырып, монакалықтар арасында іскерлік қызығушылық туа қалса, зор ынта бөлетінін айтып жатты. Өз кезегінде монакалықтар да осы бағытта сөйледі. Бұлар өз елдеріндегі іскерлік тартымдылықтың зор екенін мақтанышпен баяндады. Соның ішінде, әсіресе, салықтық жеңілдіктің, қаржының сақталуына кепілдіктің, инвестициялық тартымдылықтың зор екенін неше түрлі слайдтар көрсете отырып жеткізді.
Форум қорытындысы бойынша Монаконың «Монако Менеджмент Констракшн» атты үлкен компаниясы «Казнекс Инвест» АҚ, «Астана Трейд Интернасионал» және Қызылорда облыстық әкімдігімен іскерлік байланыстар орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Сондай-ақ, «Казнекс Инвест» АҚ «Гоу он гроуп», ал Қызылорда облыстық әкімдігі «Хидроконсепт Солар» компанияларымен ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты.
Бизнес-форум жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Монаконың Қаржы және экономика министрі Жан Кастеллини қатысып, сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті ресми сапар шеңберінде Князьдіктің урбанистикалық және қаржылық дамуының тұсаукесеріне қатысты. Тұсаукесер барысында Мемлекеттік министр М.Роже, экономикалық даму және қаржы министрі Ж.Кастеллини, әлеуметтік мәселелер және денсаулық сақтау жөніндегі министр С.Валери, қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі М.П.Грамалия Мемлекет басшысына тиісті салалардың жағдайы мен даму перспективасы туралы, атап айтқанда, Грейс Княгиня емханасы құрылысының жоспары, шектеулі алаңға ие Князьдіктегі қала құрылысын жүргізудің одан арғы бағыттары туралы ақпараттар берді.
Қазақстан Президенті тұсаукесердің қанағаттанарлық мазмұнын атап көрсетіп, осы сапарға шақырғаны үшін тағы да алғысын білдірді.
– Альбер ІІ-нің өткен жылғы сапары, Грейс Княгиняға арналған Қазақстандағы көрме және менің осы жолғы сапарым – бұлар біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің өзар