Президенттік мәдениет орталығының концерт залында күйші-композитор Секен Тұрысбектің жетекшілігіндегі “Ақ жауын” камералық оркестрінің шығармашылық концерті өтті.
Кеш барысында орындалған С.Тұрысбектің “Көңіл толқыны” , “Балауса”, “Мәлгәждар”, “Күлтегін”, “Дарабоз” сияқты күйлері, ақын Н.Айтұлының өлеңдеріне жазылған әндері тыңдаушысын ой мен сезім тұңғиығына тартып, нәзік сезімге бөледі.
Концерт соңында Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед оркестр ұжымына гүл шоқтарын тапсырып, өз ықыласын білдірді: “Бір шығармамен тарихта аты қалған авторлар бар. С.Тұрысбектің бір ғана “Көңіл толқыны” күйінің қазақ күй өнерінде ерекше орны бар. “Ақ жауын” оркестрі “Құрманғазы”, “Отырар сазы” оркестрлері сияқты ұжымы үлкен болмағанымен, қазақтың күй өнерін насихаттауда табысты еңбек етіп келеді. Бұрнағы жылдары Бейжің қаласында, Моңғолиядағы қандастарымыздың ортасында ұлттық өнеріміздің жоғары деңгейін көрсетіп, тыңдарманын тәнті етіп қайты. Осы кеште сезімді тербеткен тамаша күйлердің біразы “Қазақтың 100 күйі” кітабынан орын алары сөзсіз.” – деді.
Адамның жан дүниесін күймен әлдилеген С. Тұрысбектің өнеріне:
Тәңірдің сыйлығындай сендегі өнер,
Қызығын фәнидегі пенде көрер.
Шанақта шалқар теңіз үйіріліп,
Ұшында саусағыңның дөңгеленер, – деп Н.Айтұлы сүйсінгендей, оған өнердің биік асуларын бағындыруда ақ жол тілейміз.
“Егемен-ақпарат”.
АСТАНА.