XIV Халықаралық «Математика және жобалау» байқауының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Томирис Жұмағалиева бірінші орынды иеленді.
Білім бәйгесінде Томирис «Табиғаттағы және қоғамдағы нақты процестердің математикалық модельдері» секциясына қатысып, «Күрделі эпициклоидтардың, гипоциклоидтардың және трактрисалардың математикалық моделін әзірлеу» жобасын ұсынған.
– Айналамыздағы заттарға мұқият қарайтын болсақ, олардың барлығын түзу сызықтар арқылы бейнелеу мүмкін еместігін байқауға болады. Көптеген заттар қисық сызықтардың күрделі элементтері бар кескіндерден құралған. Күрделі эпициклоидтарды, гипоциклоидтарды және трактрисаларды зерттеу арқылы біз Geogebra математикалық бағдарламасында қисықтардың анимациялары мен олардың теңдеулерін шығардық, – дейді Томирис.
Бұл математикалық модельдерді зымыран құрастыру, роботототехника, сәулет-құрылыс, оптика және тағы басқа салалардағы өнімдердің күрделі пішіндерін жасау үшін қолдануға болады.
Томиристің бұл жұмысы халықаралық байқауда қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, бірінші орын иеленді. Жалпы еліміз бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептері командасы 4 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль иеленді.
Айта кету керек, математика және информатика пәндері бойынша халықаралық білім сайысы жыл сайын дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер қауымдастығының бастамасымен Мәскеу қаласында өткізіледі. Биылғы байқау ұйымдастырушылардың шешімімен онлайн форматта жүргізілді.