Мемлекеттің ауылшаруашылығы саласын қолдауы арқасында шаруалардың көп мәселесі шешімін тауып, табысы жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның диқандарды қаржылай демеуі салада түрлі бастамалардың жүзеге асуына негіз болды. Жуырда құрылым қолдауын сезінген нысанның бірі Қызылордадағы «Kaz Agro Mir» ЖШС жылыжайына БАҚ өкілдерінің баспасөз туры ұйымдастырылды.
Жалпы алаңы 2 гектар болатын жылыжай кешенін қаржыландыруға биыл 750 млн теңге жұмсалған. Нысанда тұрақты жұмыс істейтін 40 адам тәулігіне 5-6 тонна көкөніс жинайды. Ал жиналған өнімдер қала маңында орналасқан сауда дүкендерінің сөрелерінде төмен бағамен сатылуда.
«KazAgroMir» жылыжайының агрономы Ақылбек Телеуовтің айтуынша, қиярға арттық нитраттар берілмейді екен.
Маусым айының аяғында піскен өнімдерді жинап, орнын тазалап, дезинфекциялап, сосын келесі кезеңге көшеміз. Ал алдағы уақытта, қызанақ, қияр, салат жапырағының гибридтерін, басқа көкөніс түрлерін таңдап, талдау жасап, күзге қарай дайындаймыз, - дейді агроном Ақылбек Телеуов.
«ҚазАгроҚаржы» Сыр диқандарының ауылшаруашылығы техникалары мен жабдықтарын сатып алуына да қолұшын беріп келеді. Аймақтың ауылшаруашылығына инвестицияланған 41 млрд теңгенің 34 млрды агротехникалар базасын жаңартуға бағытталған. Қызылордалық шаруалар бүгінде жер жыртып, егін егуде Аксион, Дойц тракторларын, Джон Дир, Класс, Кейс, Торум комбайндарын, Мак Дон дестелегіштерін пайдаланады.
«ҚазАгроҚаржы» сияқты институттың тікелей ықпалымен аймақта мал сою цехы, тауарлы-сүт фермасы, мал бордақылау алаңы, жылыжай секілді жалпы құны 7 млрд теңгеге 15 инвестжоба жүзеге асырылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығында соңғы жылдары күріш шығымдылығы 1,8-2 есеге дейін артты.