Пандемиямен күреске IT-технологиялардың қосып жатқан үлесі көл-көсір. Бірі білер, бірі білмес, коронавирус дертінің алдын алу үшін сырқат белгілері бар науқасты анықтайтын апараттық-бағдарламалық жүйе әзірленген болатын. Қуанарлығы сол, бұл өнімді отандық мамандар ойлап тапты. Тіпті жаңа қосымшалар көрші мемлекеттердің қызығушылығын тудырды. Осылайша IT-саласындағы білікті мамандар өз өнімімізді тұтынудың үлкен үлгісін көрсетті.
Жасыраты жоқ, о баста аты жаман індеттің алдын алу үшін өзге елдерге жәутеңдедік. Ешқандай дайын шешім болмағандықтан, көп жағдайда әр мемлекетке өз қотырын өзі қасуға тура келді. Әр ел заман ағымына қарай қарекет етуге тырысуда. Мәселен, бір мемлекеттің пандемиямен күресуде IT және медицина саласында қандай да бір байламдары болса, алдымен өз аумағында ғана қолданды. Әрі келесі бір мемлекетке бағалы тауар есебінде ұсынды. Ал кейбіреуі IT-саласына аса көңіл бөлмегендіктен бармағын тістеді. Технология қанша дамығанымен тізе қосып жұмыс істеудің де реті келмеген тұстары бар. Оған себеп, жұқпалы аурудың жылдам таралуы. IT-саласында енді ілгерілеп келе жатқан мемлекетіміз үшін бұл қиындықта мүмкіндікке жол ашты. Қазақстанда отандық өнім жасауға алғышарт қалыптасты. Мұны «Көркем Телеком» компаниясының директоры Әсет Ахметов мақтанышпен жеткізді.
– Біздің компания елордада орналасқандықтан, пандемияның ошағына бір табан жақын болдық. Өйткені онымен күресуде Денсаулық сақтау министрлігі, полиция және тағы басқа жауапты органдардың қандай мәселемен бетпе-бет келгенін көрдік. Әрбір елдің проблемалары әртүрлі. Сондықтан дайын шетелдік өнімдерді өз еліміздің аумағында қолдану қиынға соқты. «Не істей аламыз?» деген сұраққа жауап іздедік. Алдымен барлық блок-бекеттерге бірден бейнебақылау камераларын орнаттық. Біз еліміздегі ең ауқымды бейнебақылау операторы болғандықтан, алғашқыда Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Түркістан, Семей қалаларындағы блок-бекеттерге камера қойдық. Сол арқылы көліктердің өтуін ұйымдастыруда туындаған мәселелермен таныстық, – дейді Ә.Ахметов.
Оның айтуынша, полицейлердің планшеттеріне арнайы қосымшалар әзірлеу идеясы кейіннен туындапты. Бастапқыда полиция блок-бекеттерден өткен адамдарды журналға тіркеп отырған. Төтенше жағдай енгізілгенде бірнеше күн осы схема бойынша жұмыс істеді.
«Журналға жазу құдды бір ескі заманда қалып кеткендей әсер қалдырды. Сол үшін журналдарды электронды нұсқаға ауыстыру керек болды. Содан бірнеше күнде мобильді қосымша жасап шығардық. Бастапқыда карантин енгізілмей тұрып бұл қосымша журнал түрінде жұмыс істеді. Карантин енгізілгеннен кейін қалаға кіруге және шығуға шектеу қойылды. Сол кезде басқа қосымша жасау туралы шешімге келдік. Өйткені әуелі карантин республикамыздың кейбір қалаларында ғана жарияланған-ды. Карантин енгізілген және енгізілмеген қалаларға екі түрлі қосымша қажет болды. Вирустың таралу аумағы бойынша бөлек бір қосымша дайындадық. Бір ай көлемінде бұл қосымшалар бірнеше рет жаңартылды. Қосымшаны өкілетті органдармен ақылдаса отырып жетілдіріп отырдық. Олардың ұсынымдарын ескердік, өйткені бұл қосымшаларды қолданатын – полиция қызметкерлері. Оларға барынша ыңғайлы етіп жасалды», дейді ол.
Бір таңғаларлығы, бұл мобильді қосымшаларды жасаушылар басқа елдің тәжірибелеріне сүйенбеген. Қайта ресейлік мамандар қазақстандық өнімге қызығушылық танытқан көрінеді. Бірақ Ресей азаматтарының жеке куәліктерінде штрих-код болмағандықтан нәтиже бермесе керек. Көптеген елде жеке куәлікке штрих-код қойылмайды. Сондықтан қосымшаға көз сүзе алмайды. Аталған компанияның ақпараттық жүйелерді, мобильді қосымшаларды жасауда тәжірибесі мол.
Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін мамандар қысқа мерзімде барлық мүдделі органдармен жұмыс тұжырымдамасын мақұлдап, полиция қызметкерлерінің планшеттеріне арналған «Сергек.Блок-бекет», «Сергек.Блок-бекет.Карантин», «Сергек.Патруль» және «Сергек.Бақылау» арнайы қосымшаларын дайындады.
Қосымшаның артықшылығы – полиция қызметкерлеріне адамдармен жақын байланысқа түспей-ақ жеке куәліктегі штрих-кодты планшеттің камерасы арқылы сканерлеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс вирустың таралуына жол бермеуімен маңызды. Егер де полиция қызметкері вирус жұқтырса, онымен байланыста болғандардың қатары да аз болмасы анық. Осы орайда біз Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Бағдат Әшімовке хабарласқан болатынбыз. Ол планшеттегі жаңа тетіктер полицейлердің жұмысын әжептәуір жеңілдеткенін айтты.
– Бұрынғыдай жолаушылардың жеке деректерін қолмен жазып отырмаймыз. Бар болғаны штрих-кодты сканерлейсің, бітті. Ал бұл 2-3 минут қана уақытты алады. Соның нәтижесінде бүгінде блок-бекеттерде кептеліс орын алған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, медицина мамандарына және әскери қызметкерлерге карантин кезінде блок-бекеттерден өтуге рұқсат берілді. Мобильді қосымшалар болмағанда бұл топты өткізу қиындық әкелер еді. Тіпті олардың қолындағы рұқсат қағазының жалған еместігін полиция қызметкерлері анықтай алмай қалуы да мүмкін. Ал мобильді қосымша үшін арнайы рұқсат қағаз алып жүрудің қажеті жоқ. Өйткені бәрі ЖСН-да тұр. Тіпті әкімдік блок-бекеттен өтуге рұқсат берсе, азаматтар арнайы рұқсат қағазын алып кетуге барып жүрмейді. Бір айдан бері полиция сандық режімде жұмыс атқарып жатыр. Бұл инспекторлар үшін өте ыңғайлы, деді полиция қызметкері.
«Сергек» қосымшаларының негізгі мақсаты – халықтың билік өкілдеріне деген сенімін арттыру, қоғамның көзқарасын өзгерту, олардың қызметтерінде соңғы технологияларды пайдалануларына жағдай жасау. Қосымшалар полицейлердіңқолындағы 8 мың планшетке орнатылған. «Сергек. Блок-бекет» қосымшасы карантин енгізілмеген қалаларда блок-бекеттерден өтетін жүргізуші мен жолаушыларды тіркеуге арналған. Ал «Сергек.Блок-бекет. Карантин» қосымшасы блок-бекеттерден рұқсаты бар азаматтардың өткізу тәртібін бақылайды. Қаланың ішінде шектеулі қозғалысты қамтамасыз ететін «Сергек.Патруль» – адамдар мен автокөліктердің қозғалысына жауап береді.
Қалай жұмыс істейтініне келсек, күшейтілген карантин кезінде полициялер мен дәрігерлер қозғалысына рұқсат берілгені белгілі. Сол кезде бұл топтағы азаматтардың тізімі «Сергек.Патруль» қосымшасына енгізілген. Полицейлер адамдардың қалада жүруге рұқсаты бар-жоғын осы қосымша арқылы тексерді.
Төртінші қосымша «Сергек.Бақылау» тек қана «Сергек» жүйесі бар қалаларда, яғни Өскемен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырауда ғана жұмыс істеді. Ол қосымша арқылы полицейлер «ақ тізімде» болмаған көліктерді автоматты түрде көре алды. Себебі «Сергек» камералары автокөліктің мемлекеттік нөмірін көреді, сосын оның «ақ тізімде» бар-жоғын тексереді. Бұл тізімде болмаған жағдайда инспекторларға ақпарат береді.
Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 5 млн-ға жуық адам блок-бекеттерден өткен. Естеріңізде болса, төтенше жағдай жарияланған уақытта Шымкентке шыққан автобустың жолаушысы вирусты жұқтырғаны анықталған. Онымен бірге барған жолаушыларды іздестіру кезінде тіркеу жүргізілмегендіктен, белгілі бір қиындықтар туындады. Алдағы уақытта, осындай оқиғаларға жол бермес үшін бекеттерде тіркеу жалғаса бермек.