• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2013

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі үздіксіз жетілдіріледі

330 рет
көрсетілді

Бүгін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыру семинары өткізілді. Оның ашылуына арналған жиынды Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов қысқаша сөз сөйлеп ашып, үш күндік мерзімге белгіленіп отырған семинардың мәні туралы айтып берді.

«А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатымен алғаш рет семинар өткізіліп отыр. Ендігі жерде бұл бағыттағы жұмыс жыл сайын шақырылады. Өйткені, білімді үздіксіз дамыту - өмір талабы. Ал өркениетке бет бұрған алпауыт елдердің бәрі де осы мәселеден сырт айналып өткен емес. Сондықтан біздің мемлекетке семинар өткізуге келген шет елдің белгілі сарапшылары 3 модульді бағыт бойынша (көшбасшылық, мемлекеттік органдардағы аудит, жобаларды басқару) дәріс оқиды. Алғашқы дәрісті Германиядағы Шпайер академиясының докторы Джулия Флейшер өткізеді. -Бүгінгі семинарға мемлекеттік органдардағы жауапты хатшылар қатысып отыр. Келешекте барлық аумақтардағы жергілікті билік өкілдері онлайн режімінде біліктіліктерін жетілдіреді, -деді Ғ. Әбдірахымов осы орайда.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов өз кезегінде «А» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің саны 500-ден асып кеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол алдағы мерзімде барлық мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіруге мән берілетінін ескертіп өтті. Бұл өз кезегінде жаңа жобалардың сәтті іске асырылуына негіз қалайды. Семинарды өткізудегі түпкі мақсат да осы.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсіловтің мәлімдеуінше, семинарды өткізушілердің білімі мен біліктілігі өте жоғары. Олар жаңа бағдарламаларды оқыту ісін меңгерген. Соның бірі Тони Блэрдің кеңесшілер тобында болған Ричард Макклелан. Ол екінші күні жобаларды басқару жөнінен дәріс оқиды. Ал үшінші күні сарапшы Пьер Жевар (Франция) көшбасшылық туралы сабақ өткізеді.

Әмірхан Алмағанбетов.

Соңғы жаңалықтар