Биылғы төртінші тоқсан бұрынғыдан өзгерек басталғаны белгілі. Соған сай енді бөлекше бітіп жатыр. Оның бір белгісі болар, соңғы қоңырау биыл қашықтан соғылды.
«Биылғы соңғы қоңыраудың үні мен сыры да ерек. Себебі оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған мерекелік шара онлайн-режимде өтті. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте» соңғы қоңырау шарасы бастауыш мектепте сынып сағаттары, ал негізгі мектепте шаңырақ сағаттары форматында онлайн режимде MS Teams платформасында өткізілді», деп хабарлайды НЗМ баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранынан бастау алған соңғы қоңырау шарасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп директоры Ғалия Сыздықованың бейнеқұттықтауымен жалғасын тапты. Мектеп басшысы мерекелік шараға қатысушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады:
«Осынау қажырлы жұмысымыздың тағы бір белесі 2019-2020 оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы әрқайсымыз үшін өз оқиғаларымен, өз жетістіктерімен есте қалды. Кездескен қиындықтарға қарамастан, біз үшін оқу жылы жемісті болғанын зор сеніммен айта аламын. Бұл сөзімді біздің оқушыларымыздың оқу үлгерімінің жоғары көрсеткіштері дәлелдейді. 2019-2020 оқу жылы аясында мектебіміз Халықаралық Бакалавриаттың Дипломдық бағдарламасы бойынша авторизация алды. Сондай-ақ, CIS Халықаралық мектептер кеңесінің мүшелігіне қабылданды. Ұстаздарымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі педагогикалық шеберлік байқауларының жеңімпаздары атанды. Аталған жетістіктердің қатарын оқушыларымыздың жеңістері толықтыра түседі. Бұл дегеніміз, оқу жылының табысты аяқталғандығының дәлелі. Бүгінгі барлық алғыс пен жылы сөздер құрметті ұстаздар қауымына арналады, өйткені дәл сіздердің арқаларыңызда балалар ғажайып білім әлемінің есігін ашады. Әрине, бұл ретте бізге әрдайым қолдау көрсетіп, жетістікке бірге жетелеген ата-аналардың да еңбегін айтпай кетуге болмас. Біз жыл бойы сіздердің қолдауларыңызды, риясыз көңілдеріңізді, қамқорлықтарыңызды сезіндік. Біз бұл белестің аяқталып, алдағы оқу жылында мектеп қабырғасында қайта қауышамыз деген үміттеміз», дейді Ғалия Сыздықова.
Аталған ведомство өкілінің хабарлауынша, балалардың «Ұстазым» атты әніне түсірілген «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» тақырыбындағы бейнежолдаулары соңғы қоңырау шарасына өзгеше бір реңк берді.