Гомер күлкісі
Үлкен әдебиеттің қуанышы да, қайғысы да үлкен болады. Ұлы шығармалар уағында ұлықталады. Ұсақтық мансұқталады. Адамдар емес, идеялар майдандасады. Адамдар емес, ағымдар бірігеді. Ал жеңіске әдебиет жетеді. Көзқарастар күшеншектіктен тумайды. Пікірлер пайдакүнем емес.
Үлкен әдебиеттің күлкісі де үлкен болады. Әдебиет сарайларында алып күлкілер жаңғырып тұрады. Даңқ қабырғаларындағы портреттер, мақтангершілік залдарындағы айналар, даңғазалық бөлмесіндегі сүйкімді бюсттер, тіпті тарих алаңдарындағы таудай мүсіндер де сол күлкіден қақырап, құлап, қирап жатады. Иә, ол күлкі әдебиеттегі алыптардың, яғни әдебиеттің өз күлкісі. Аста-төк, айдынды, айбынды, қаһарлы күлкі.
Албырт шақта, алаңғасарлықпен алғашқы өлеңін жазған жас ақын бас ақындардың кітабын ашқанда, осы күлкі естіледі. Жас саусағы майысып, жас жүрегі ынтығып ұлы жазушылардың романына көз жүгірткенде, тағы да естіледі. Әр сөздің арғы жағында ұланғайыр дала жатқанын, әр ойдың арғы бетінде айқай жетпес, айналып өтпес тау тұрғанын аңғарғанда, осы күлкінің табиғатын түсіне бастайсыз. Сонша қаһарлы күлкі қаймықтырса керек-ті, бірақ құнықтыра түседі. Ықтырса керек-ті, алайда ынтықтыра түседі. Әуелде құлаққа түрпідей тиген зор күлкі келе-келе жұмсарғандай, жаныңа майдай жаққандай, тіпті мейірім мен разылықтың көркем үніне айналғандай әсерге бөлейді. Мұның өтпелі әрі алдамшы сезім екенін сызылған жолдар, жыртылған парақтар сайын, маңдай тасқа тиген сайын, жалғыздық құшағына енген сайын, ағарған әрбір тал шаш сайын түйсіне бастайсың. Ол – сол баяғы қаһарлы күлкі. Өзгермеген, өзгерген де емес. Әрбір әділетсіздік, жалғаншылық, әлдекім болып көрінушілік, жасандылық, аярлық, алыптарға құрық ала жүгіру әдебиет теңізінің бетіне қалқып шыққан сайын толқынды жартасқа ұрған алапат бір күш секілді қаһарлы күлкі жаңғырып жатады. Тұла бойыңды тітірентетін, түкке тұрмайтыныңды сездіретін, төбеңнен қара бұлттай төнетін күлкі. Кәдімгі Гомер күлкісі. Мифтік құдайлардың Олимпті теңселткен күлкісі.
Кейде алғашқы абдыру ардақтауға, қорқыныш құрметке, меселдің қайтуы махаббатқа, кері итеру қайта ұмтылуға, түсіне алмау тануға алып келеді, ал, кейде алғашқы сүйіспеншілік жек көруге, мойынсұну бас көтеруге, қаймығу қарсылыққа, ықылас ызаға айналатын жайттар да жағалаудағы айғұлақтан естілген теңіз шуындай құлаққа жетеді. Сол шуыл да Гомер күлкісіндей естілген.
Ағылшын, француз, жалпы Еуропа әдебиетінде «ренжулі жас адамдар» деген ұғым бар. Әдетте, бұл әдебиеттегі қалыптасқан дәстүрлерге қарсылық, алыптарды мойындамаушылық, жаңаны тудыру үшін ескіні жоюға ұмтылушылық дегенді меңзейді. Ал, әуелде әлеуметтік, психологиялық мәні басымдау еді. Ол басқа әңгіме. Арман Ланудың сөзімен айтқанда, сол тұста «сюжетсіз әдебиеттің апостолдары» кейпінде бейнелеген мінез – барлық халықтың әдебиетінде барлық уақытта да төбе көрсеткен. Жастық максимализмінің ұрыншақтығы уақыт өте келе жуасыған. «Данте Гомерді жоққа шығармайдыға» тоқтасқан. Әр жаңа ескіге айналған, олардың да таңдаулысының дауыстарын Гомер күлкісінен естіп қаласыз.
Ұстаз айтады, қатарыңмен жарыспа, қызғанышқа ұласады, әдебиеттегі алыптармен бәсекеге түс, тым болмағанда, дұшпаныңа айналмайды. Толстой неге Шекспирді ғана өзіне бәсекелес санады екен?..
Гете күлкісі
Құлақ тұнады. Алуан күлкі заман айқайындай. Бүкіл әлемде. Әр бұрышта, әр баспалдақта, әрбір қалтарыста. Биік мінберлерде, эфирде, баспасөз бетінде, сахналарда, әлеуметтік желілерде. Құлақты басып, қашып құтыла алмайсың, бастың ішіндегі бір сәтке тыншымас шудай ызыңдап тұрады. Қызыл, күлгін, сары, қара күлкілер.
Әуелде жалғыздан шыққан жарықшақ дауыстай естілген күлкі жаңғыра, жаңғырыға, жіңішкере, жуандап, алыстап, жақындап, сықылықтап, сақылықтап хордың күлкісі екені байқала бастады.
Тұс-тұстан анталай ұмтылған топ күлкінің толқындап шыққан өрісі сана мен рух кеңістігін тұтас жабуға тырысады. Мұны басында адамдар әртүрлі атап көрді: мәдени экспансия, сана тоқырауы, рухани деградация, әлеуметтік өтпелі құбылыс, психологиялық феномен. Ақыр аяғында анық болды, ол – бар болғаны күлкі екен. Гете күлкісі. Және бізде ғана емес.
Өткен ғасырларда, тұтас бір қалаларды күлкі истериясы шарпыған оқиғалар болған. Адамдар өздерін де, өзгелерді де тоқтата алмай жаппай күле бастаған. Былайша айтқанда, күлкі пандемиясына душар болған. Бірақ, бұл күлкінің біз айтып отырған күлкіден үлкен айырмасы бар, онда адамдар еріксіз күлсе, мұнда – саналы түрде күледі.
Гете күлкісі – бәріне күледі. Адамзаттың, халықтардың ұлы құндылықтарына, өткен мен болашаққа, тарих пен тілге, ғылым мен білімге, мәдениет пен әдебиетке, биік өнерге, бекзат болмысқа, үміт пен махаббатқа, қоғам мен отбасы институтына.
Әдебиетте де осы күлкі оқтын-оқтын естіліп қалады. Әдебиеттің сыртқы күлегештері – бір басқа, ішкі күлермендік – қасірет. Әлдекім сүрінсе – сықылықтауға, жығылса – жымыңдауға, қателессе – қиқулауға, ашынса – айып қылуға, жасыса – жабыла аяуға, бірі біріне соқтықса – шоқ-шоқ деуге, бір-бірін кінәлауға, күстаналауға бейім тұратын бір мінез бұрыннан бар ма еді? Әлде кейін табылған дүние ме екен?
Әсілінде, Гете күлкісі дегенде біз Мефистофель күлкісін айтамыз. Күңгірт сахна. Мефистофель күлкісі жаңғырып тұр. Оркестр. Салтанатты әуен. Шымылдық. Фауст жеңілді ме?
Абай күлкісі
Әуезовтің, екі жыл абақтыдан соң, идеологиялық «айыбын» мойындай отырып, өзінің сол кезеңге дейінгі барлық шығармаларынан бас тартып, кейін «Абай жолын» жазуға отырғаны көзсіз ерлік екен-ау!
Осыдан кейін, Абайдың бейнесін жасауда іс-әрекет, сөз, мінез-құлық, оқиғалардың кейбірінде айтқысы келгенін қалай ашып көрсетеді, құлып қалдыратын секілді ме, ал оның кілті – Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде тұрғандай ма?!. Айтуы керекті емес, айтылуы керекті ғана беріп, қалғанын Абайдың өзі арқылы ғана анықтап көруге үндегендей:
«Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Ол қатарындағы биік прическасы бар, сәнді киінген жас әйелге, күлімдеген көзбен, жиі иіледі. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай. Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде, қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне Абайдың келе жатқанын көрсетті. Залдың ішіндегі оқушының біразына естіртіп, даурыға түсіп, тұрпайы бір әзіл айтты. Ол әзілі, кең шапан киіп, бұнда отырған жұрт үлгісінен басқаша көрініспен келген, сахара қазағы Абайды қағытқан сөз еді.
- Бұл не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған? – деді.
Абай бұл кезде кітапханашы қартқа қол беріп амандасып, өзіне керек кітабын енді атағалы тұр еді. Жаңағы тұрпайы әзілді құлағы шалысымен, чиновник жаққа салқын ызамен, жалт етіп бір қарады... ...Абайдың алғашқы ашуы бір-ақ сәтке білінгендей еді. Енді күлкілі мысқыл жүзбен жігітке бұрылды да, лезде жауап қатты:
- Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, бұнда ол түгіл, есек те отырыпты ғой! – деді.
Чиновник бір қуарып, бір қызарды да, үні өшті»...
Абайдың өзі төртінші қара сөзінде: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы» дейді. Абайдың осы ызалы күлкісі – қазақтың қайғысы, өз еркі өзінен кеткен елдің құсасы, өзгеге қараған күннің зары екен. Білімге, өркениетке жеткенде ғана бұдан арылатындықты Әуезов Абайдың ызалы күлкісін далада, ауыл арасында, ел ішінде көрсетпей, қалада, кітапханада көрсету арқылы беріп отыр. Және ол білім жылтыр жүзді чиновник бейнесіндегі надандыққа ұрындырмауы қажеттігі де «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген Абай ойына анық сілтеме емес пе?..